Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Айдабол ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушыларымен кездесті.
«Ауыл аманаты»: жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
653
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл кәсіпкерлігін дамытуға қатысты тапсырмасына сәйкес, Зеренді ауданында ет-мал шаруашылығы кластері құрылады, оның орталығы «МБ-4» ЖШС ет комбинаты болады.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлеріне 7 жылға 2,5 пайыз мөл­шерлемемен ерекше несие шарттарын ұсынады. Бірақ бұл мемлекет тарапынан сыйлық емес, әр жұмсалған қаражат жіті бақылауда болады. Зеренді ауда­нындағы ет кластерін дамытуға шамамен 450 мил­лион теңге бөлінуде және бұл қаражат барлық тұрғынның мүддесіне қызмет етуі тиіс. Біздің міндетіміз – сіздерге вете­ринарлық қызмет көрсету, азықпен қам­тамасыз ету, сондай-ақ логистика мен сату жүйелерін қалып­тастыруда көмек көрсету, – деді өңір басшысы.

Марат Ахметжанов аудан әкіміне және облыс­тық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бас­шылығына жағдайды қатаң бақы­лауда ұстауды тап­сырды, себебі жа­уап­кершілік айтарлықтай. Облыс әкімінің айтуынша, Айдабол ауыл­­дық округінің барлық тұрғыны оң өзге­рістерді сезінуі тиіс, ал жергілікті бюд­жетке түсетін қосымша салық тү­сімдері маңызды мә­селелерді шешуге септігін тигізеді.

«МБ-4» ЖШС басшысы Азамат Шалмағанбетов ет комбинатының қуаты қазір жартылай ғана пайдаланылатынын айтты. Кәсіпорын сапалы жергілікті шикізатқа мүдделі әрі мал шаруашы­лығына ветеринарлық және зоотех­никалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге дайын. Дұрыс қоректендірілсе, әр сиырдың төлі күн сайын 600-800 грамм ғана емес, бір келіден астам салмақ қоса алады. Сонымен қатар ет комбинаты серіктестеріне жоғарырақ сатып алу бағаларын ұсынады.

– Біз құрама жемшөп зауытын салуды және боен қалдықтарын қайта өңдеуді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – өндірістің жабық цикліне қол жеткізу, ол барлық қатысу­шыға неғұрлым мол пайда әкеледі, – деді кәсіпорын басшысы.

Кездесуді қорытындылай келе аймақ басшысы:

«Бұл жобаның болашағы зор, оны дұрыс іске асырып, кейін басқа аудандарға тарату – біздің басты міндетіміз», – деп алда тұрған жұмыс жауапкершілігін тағы бір еске салды.