Жақында Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Үкіметке сауал жолдап, ел ішінде күрделі мәселеге айналған жұмыссыздық жайын көтерді.
Жұмыспен қамту...
380
оқылды

Жағдай Жетісу облысында да жетісіп тұрған жоқ

Депутат «...соңғы 15 жыл ішінде жұмыссыздықтың нақты деңгейі әдейі төмендетіліп, 4-5 пайыз деңгейінде сақталып отыр деген түсінік қалыптасты» деген еді.

Яғни, жұмыссыздық деңгейін анықтау кезіндегі ресми статистика мен жұмыспен қамтылған адамдардың міндетті төлемдері арасындағы алшақтық ұлғайып отыр. Депутаттың пікірінше, бүгінде 1 миллионнан астам адам зейнетақы қорына жарна төл­емейді екен, ал міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесіне міндетті жарна аудармайтындардың саны 3,5 мил­лион адамнан асқан. Демек, еліміздегі жұмыссыздар саны ресми деректегіден әлденеше есе көп болуы мүмкін. Бұл, әсі­ре­се аймақтардағы жұмыспен қамту бағ­дарламаларының орындалуына қатысты күмән мен күдікті ұлғайтатыны рас. Әдетте, әкімдердің жоғарыға берген есептеріндегі деректер жергілікті жердегі нақты жағдайдан әлдеқайда алшақ жататыны жасырын емес. Өкініштісі, жұмыспен қамту мәселесі тол­ық­қанды шешімін таппаған өңірлер көп. Бұл жағдай Жетісу облысында да жетісіп тұрған жоқ.

Былтырғы қараша айындағы есеп бо­йынша Жетісу облысында 695,6 мың адам ресми тіркелген екен. Оның ішінде қала­лық­тардың саны 311,6 мың адам болса, ауыл­да тұратындардың үлесі 384 мың адамды құрайды. Яғни, облыс халқының 44,8 пайызы қалада тұрса, 55,2 пайызы ауылдық елді мекендерде өмір сүреді деген сөз. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының мәліметінше, Жетісуда былтыр экономикалық белсенді халық саны 311,5 мың адамды құраған. Ал жұмыспен қамтыл­ған адамдардың саны 296 мыңнан асқан екен. Ресми статистика бойынша өңірдегі жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз шамасын­да.

– Жұмыссыз халық санын, жұмыссыздық дең­гейін төмендету мақсатында 2024 жылға дейін Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында «Қазақстан Республикасының ең­бек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» іске асырылуда. Осыған орай тұжырымдама аясында жұмыспен қамту шаралары үш бағытта жргізіледі. Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру мақ­сатында сұранысқа ие мамандықтар бо­йынша тегін қысқамерзімді кәсіптік даярлау курстарын ұйымдастыру, әлеуметтік осал топтардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету және жұмыссыз азаматтарды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау жолға қойылған. Тұжырымдама ая­сында жұмыспен қамтудың белсенді шараларын жүзеге асыруға өткен жылы 9 млрд теңге бөлінді. 2024 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары­мен 27 794 адам қамтылып, 23 286 адам, оның ішінде 13 261 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Қысқамерзімді кәсіптік оқуға 18 мамандық бойынша 804 адам жолданса, 720 адам оқуды аяқтап, мамандықтары бойынша 643 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Электрондық еңбек биржасы порталында 2 188 адам онлайн түрде оқытылды, – дейді Жетісу облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма­сының басшысы Ермек Мизамбаев.

Жалпы, осы жерде бір нәрсенің басын ашып алу керек сияқты. Аймақтағы ат­қарушы билік жұмыссыздықпен күресті екі бағытта ғана қамтуға тырысып жатқаны байқалады. Оның негізгісі – кәсіпкерлікке баулу арқылы өз ісін бастауға жәрдемдесу болып отыр. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы­ның дерегіне үңілсек, «Қазақстан Респуб­ликасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымда­масы» негізінде бөлінген қомақты қаржы осы бағытта жұмсалғаны байқалады. Тұ­жырымдама талабы бойынша кәсіпкерлік бастамаларға жәрдем көрсету кезінде әлеуметтік осал топтар қатарынан жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар­ды қолдауға басымдығы бар. Яғни, осы санаттағы адамдарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз гранттар берілуі тиіс. Былтыр бұл бағытта 203 адамға 299,8 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөл­ін­ген. Ал биыл тұжырымдама аясында 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып отыр екен. 

– Жұмыс орындарын ашу – күн тәртібін­де тұрған басты мәселенің бірі. Жыл сайын тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар аясында іске асырылатын жобалар бойынша әр саладан және аудан, қала әкімдіктерінен ақпарат жиналады, осыған сәйкес «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» әзірленеді. Былтыр «Тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар» аясында 2 452 және жеке бастама­лар бойынша 8 487 жаңа жұмыс орыны құры­лды. Қазіргі уақытта биылғы жоспар нақтылануда. «Тұжырымдамалар мен ұлт­тық жобалар» аясында биыл екі жүзге жуық жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру күтілуде. Сонымен қа­тар жұмыс орындарын құру және инвес­тициялар бойынша нысаналы көрсеткіштер­ге қол жеткізу мақсатында облыста 2024-2030 жылдары жалпы құны 3,5 трлн теңге болатын 190 жобалық пул қалыптастырыл­ған. Бұл жобаларда 11,8 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп жоспарланған, – дейді баспасөзге берген сұхбатында Ермек Мизамбаев.

Болжамдағы жоспар жақсы. Дегенмен бұған дейін жүзеге асқан жобалар бойынша мемлекет бөлген қаражат тек оқыту мен бизнес бастаудың жолдарын қарастыруға жұмсалғандықтан, нақты қанша адамның тұрақты немесе уақытша жұмыспен қам­тылғанын және олардың қандай көлемде айлық табысқа қол жеткізгенін анықтау мүмкін болмай отыр. Ресми мәліметке жүгінсек, былтырғы үшінші тоқсанда аймақтағы бюджеттік қызметкерлердің орташа айлық табысы 280 464 теңге шама­сын­да болған екен. Бірақ бұған шағын және орта бизнестен нәпақа тауып жүрген немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам­дардың табысы кірмеген. Есесіне, жұмыспен қамтылғандардың санына осы аталған екі санат та қосылып отырады. Қызы­ғы, бұл топтағылардың айлық табысы мен міндетті әлеуметтік төлемдерді төлегені туралы нақты есеп жоқ. Осыдан барып статистика мен нақты нәтиже арасындағы алшақтық пайда болуы мүмкін. Ал бұл кезеңде облыс халқының орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы бағалау критериі бойынша 141 318 теңгені көрсеткен. Есесіне, дәл осы 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы дерек бойынша Жетісу облысындағы жұмыссыздар саны 15 070 адамды құраған.

Жоғарыда Жетісу облысындағы халық санының 695,6 мың адамды құрайтынын айттық. Ал осы тізімдегі 15 070 адамның ресми түрде жұмыссыз болып танылуы өңірдегі әлеуметтік ахуалдың мәз еместігінен хабар беретіндей. Оның үстіне, былтыр аймақта зейнет жасына жеткендер мен атаулы әлеуметтік көмек алушылардың да саны едәуір артқан. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері 6 214 жетісулық жасына байланысты зейнетақы тағайындауға өтініш білдіріпті. Ал арғы жылдың дәл осы кезеңінде 5 614 тұрғын зейнетке шыққан екен. Сондай-ақ биыл облыс бойынша әлеуметтік осал топ санатына жататын 44 мың адамды әлеуметтік қолдауға 7,1 млрд теңге бөлініп отыр екен. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 10 млрд теңге жұмсалғанған болатын. Оның ішінде 2,9 млрд теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек 28 227 адамды қамтитын 5 421 отбасына берілген. Бұдан бөлек, Жетісу облысында 25 055 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде I топ мүгедектері – 2 695 адам, II топ мүгедектері – 10 274 адам, III топтағы мүгедектер саны – 9 098 адам және18 жасқа дейінгі мүгедектердің үлесі 2 988 баланы құраған. Салыстырмалы түрде алғанда мүгедектік санаты бойынша арнаулы төлем алатын адамдардың саны облыс тұрғындарының 3,6 пайызы шамасында болып отыр.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Жетісу облысы