Әлемді алаңдатқан осы экологиялық ахуалды ауыздықтау үшін су мамандары дүниежүзілік ұйымдармен бірлесіп, бірнеше жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы жоғары маңызға ие.
Осы жоба шеңберінде «Көкарал» бөгетінің салынғаны көпке аян. Мәліметке сәйкес, ұзындығы 13 метрге жететін «Көкарал» су тоспасының қүрылысы 2006 жылы аяқталған. Соның негізінде Арал теңізінің солтүстік бөлігі Балтық жүйесі бойынша алдымен 38 метрлік деңгейге жетсе, кейіннен су молая келе 42 метрге толғаны айтылып жүрді. Нәтижесінде, облыстағы көлдер жүйесі бұрынғыға қарағанда едәуір суға толды. Аймақтың флорасы мен фаунасы қайта жанданды. Бұған дейін Арал ауданы орталығынан 74 шақырымға алыстап кеткен теңіз айдыны сол кездері теңізді өлкеге 53 шақырымға жақындағанын айтып та сүйіншіледік. Ең бастысы, өңір халқының атакәсібі – балық шпруашылығы қайта жанданғандай болды. Теңіз жағасындағы қалың бұқараның Кіші Арал теңізінің болашағына деген үміті ояна бастады. Сол уақытта жобаның бірінші кезеңі аяқталуына орай ауданнан бес бірдей балық зауыты ашылып, тұрғылықты халық тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл кездері теңізден 4 500 тоннаға дейін балық ауланып, теңіз маржанының 20-дан астам түрі жергілікті жердегі балық өңдеу зауыттарына жіберіліп жатты. Осыдан кейін жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру бастамасы көтеріліп, бұл Арал өңірі тұрғындарының денсаулығы мен экологиялық ахуалын одан бетер жақсартуға бағытталатыны тілге тиек болды. Бірақ...
Жыл сайын жобаның екінші кезеңін қолға алу мәселесі сөз болғанымен, мұның соңы сағызша созылып, сиырқұйымшақтанып келеді. Жиырма жылға жуық уақыт бойына көпшіліктің таразы талқысына түскен бірінші және екінші деңгейлі теңіз мәселесі бір шешімін табар емес.
Жыл басында өңірге жұмыс сапарымен келген Су ресурстары және ирригация министрінің Арал халқымен кездесуінде де осы мәселе кеңінен талқыланып, жобаның мән-маңызы көпшілік назарына ұсынылған еді. Сол «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын талқылау бойынша өткен мәжілісте көптеген мәселе әңгіме өзегіне арқау болды. Мәжілісте министр Нұржан Нұржігітов Аралды қалпына келтіруге бағытталған аталмыш жоба бірінші кезекте өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отырғанын тілге тиек етті. Әрдайым су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадамдар жасалып жатқанына тоқталды. Алдағы уақытта мұндай келіссөздер жалғасын табатынын жеткізді.
Негізінен, аталмыш жобаның 3 компоненті бар. Соның екеуі Қызылорда облысында тұрақты әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуалды қолдауға бағытталып отыр. Оның ішінде екінші компонеттің бес бағыты – балық шаруашылығы, туризм, жасыл белдеу құру, егін және мал шаруашылығы секілді 39 жобамен қамтылған. Бұл жобалар сәтті жүзеге асырылған жағдайда 1 927 адамды тұрақты жұмыспен қамту жайы да жоспарда тұр.
Дей тұрғанмен, бұл арада жобаның келешек жоспары емес, нақты кезеңдегі жүзеге асырылу барысы көпті толғандырып отыр. Бұл жердегі біртұтас шешім Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы негізінде «Көкарал» бөгетінің су деңгейін 46 метрден 50-51 метр биіктікке дейін көтеру жөнінде байламды ойлар топтасып тұр.
Ең бастысы, талай жылдан бері көпшілік тарапынан жобаны жүзеге асыруда бірдеңгейлі немесе екідеңгейлі теңіз мәселесі нақты бір шешім табар емес.
«Теңіздің тынысы күн санап тарылып барады. Бүкіл ғұмырым тартылған теңіз жағасында өтіп жатыр. Сәт сайын теңіз тағдыры мүшкіл тартып бара жатқанын байқаймыз. Ең алғаш 2005 жылы «Саратс» жобасы күшіне еніп, соның негізінде «Көкарал» бөгеті бой түзеген тұста халықтың жағдайы біршама жақсарғаны жасырын емес. Алайда іле-шала қосылуға тиіс жобаның екінші кезеңі тұралап қалды. Соның салдарынан арада 20 жыл өткенде екінші тынысы ашылған теңізіміз қайтадан таз қалпына түсе бастады. Өткен жолы аудан орталығында осы мәселеге орай өткен жиында «бірдеңгейлі немесе екідеңгейлі теңіз бола ма?» деген талас үлкен дауға ұласты. Халық екідеңгейлі теңіз жобасын қызу қолдап отыр. Себебі бұл жоба Аралдың кепкен ұлтанына су әкелудің ең оңай әрі тиімді жолы деп білеміз. Бірақ неге екенін қайдам, құзырлы орындар тарапынан биыл бірдеңгейлі теңіз жобасын қызу қолдап отырғанын байқауға болады. Оның басты себебін іштей топшылап отырмыз. Соңғы кездері өңірге кальцийленген сода зауытын салу мәселесі қайта көтеріліп жүр. Соның негізінде Сарышығанаққа су жеткізбеу үшін екінші деңгейлі теңіз жобасын жүзеге асыруға ниеттеніп отыр деген ойдамыз. Қалай дегенде де, бұл үлкен жобада біржақты пікір қалыптаспауға тиіс. Халықтың, су мамандарының ұсыныстары да назарға алынуы керек. Бізге Сарышығанаққа су жеткізу жолдары қарастырылғаны тиімді. Сонда ғана Арал арнасына қайта оралып, елдің ырзық-несібесі арта түсері сөзсіз», – дейді өңір тұрғыны Света Нүрпейісова.
Халықтың пікіріне сәйкес, «Көкарал» су тоспасы салынған 20 жыл ішінде бірдеңгейлі теңіз жобасының нәтижесі көңіл қуантпайды. Негізінен, Көкарал бөгетінің сыйымдылығы 27 млрд м\3 суды құрайды екен. Оған жиырма жылда 20 млрд м\3 су жиналған. Яғни, жылына 1 млрд м\3 су жеткізілді деген сөз. Ал мамандар екінші деңгей жобасы жүзеге асырылса, Арал арнасы суға 5-6 жылда суға толар еді дегенді алға тартып отыр.
«Жалпы, «Саратс-2» жобасы жедел басталып, судың тез келгенін қалаймыз. Соған орай су министрлігі тарапынан аталмыш жұмысты жалғастыру үшін тиісті жоба экспертизадан өткізілді деген ақпарат айтылды. Бірақ қай жоба екені әзірге беймәлім. Негізінен, екінші деңгейді қалағанымыз рас. Осы орайда айтқым келгені, халық арасында бірінші деңгей бойынша су аз келіп, қазіргі теңіздің өзінен айырылып қаламыз ба деген қорқыныш басым. Бұл жерде негізгі мәселе судың келуінде болып тұр. Қай деңгей қолға алынса да, су аз келсе, теңіздің екінші тынысын аша алмаймыз. Сондықтан да теңіз құрғаған ұлтанын тіршілік нәрімен аз уақытта толтырудың тиімді әдісі ойластырылғаны дұрыс. Осы мәселемен айналысып жатқан арнайы су мамандары оңтайлы тәсілін жүзеге асырып, оңды нәтижеге қол жеткізсе деген тілегіміз бар. Ең бастысы, теңіз толып, игілігін ел көрсе нұр үстіне нұр болар еді», – дейді инженер-гидротехник Аязби Умаров.
Негізінен, жергілікті жұртшылық теңіз суын Арал тұсына жеткізу арқылы тұрғылықты халықты байырғы атакәсібімен қауыштырып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсарту арқылы туризмді дамытуға үлкен сеп болатынын алға тартады. Соның ішінде Арал қаласымен қоса, Мергенсай, Жақсықылыш, Қарақұм, Шижаға, Сексеуіл ауылдарына тіршілік нәрін жеткізіп, балық шаруашылығының өркендеуіне жол ашылса деген тілектерін жеткізіп отыр.
Бір сөзбен айтқанда, теңіз төскейін мекендеген әрбір аралдықтың атакәсібінен ажырағысы жоқ. Сол себепті теңіз тынысына дем берер тиімді жобаның жүзеге асуына үмітпен қарап отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы