Содан Үкімет оны жекешелендіріп, құтылуға тырысты. 2020 жылы «Самұрық-Қазына» стратегиялық кәсіпорынды ресейлік «Почта России» сатып алуы мүмкіндігін растады. Сарапшылар мұның ұлттық қауіпсіздікке қатер екенін дәлелдеді. Бүгінде жағдай біршама өзгерген. «Қазпошта» дамудың жаңа деңгейіне бет қойыпты. Салада реформа басталды.
Ұлт поштадан айырыла жаздады
Пошта қай заманда да қауымқалыптастырушы құрылым болған, онсыз бірде-бір мемлекет болмайды. Ұлттық пошта операторының шығын құрдымынан шыға алмай жүруі халықтың да, депутаттардың да қабырғасына бататын. Бұл мәселе Парламентте талай талқыға салынды, Үкіметке қаншама ұсыныс енгізілді. Себебі пошташылар қала мен ауылды байланыстырып тұрған «алтын көпір» саналады. Банкі мен банкоматы жоқ шалғай ауылдарға зейнетақы, жәрдемақы атаулыны да солар жеткізеді. Хат-хабар, газет-журнал, өзге де сәлемдемелер соның мойнында. Пошташылардың елдегі ең төменгі жалақыдан да аз (25-45 мың теңге) айлық алатыны туралы Aiqyn ұдайы мәселе көтерді.
«Қазпошта» АҚ-ның активті басқару тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит көрсеткендей, ол 2018 жылды 271,9 миллион теңге шығынмен аяқтаған. 2019 жылы таза табысы 54,4 млн теңге болды, ал, 2020 жылғы шығыны 5,1 млрд теңгеге дейін өсті. «Қазпоштаның» шығыны 2022 жылы 12,5 миллиард теңгеге дейін шарықтаған.
Сондықтан Үкіметтің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысымен «Қазпошта» АҚ-ы басымдықты тәртіппен жекешелендірілуге жататын компаниялар тізіміне енді. Экономиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия «Қазпошта» АҚ-ын сату тәсілін анықтады. Ол бойынша ұлттық пошта қызметінің мемлекетке тиесілі 100% акциясы 2021 жылы стратегиялық инвесторға тікелей сатылуға тиіс еді.
2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша «Қазпошта» АҚ басқаруында 108 млрд теңгеден асатын мемлекеттік актив болды. Бұл стратегиялық активті иеленуге 3 әлеуетті инвестор қызығушылық білдірді: біріншісі – «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, екіншісі – Eurasian Digital Ventures пен «ТрансКом» ЖШС-ның консорциумы, үшіншісі – «КУА «Алмалы» ЖШС мен «Хави Қазақстан» ЖШС консорциумы болатын. Артынша олардың бәрі бас тартқаны анықталды.
Бұдан кейін «Самұрық-Қазына» қоры Қазпоштаның «Почта Россииге» сатылуы мүмкін екенін растады. Бұл сарапшылардың төбе шашын тік тұрғызды. Олар ұлттық пошта операторы өңірлер арасында мемлекеттік құпия хат-хабарламаларды тасумен айналысатынын қаперге салды. Осы жүйені қалай жат қолына ұстатуға болады? Өз кезегінде Есеп комитеті (қазіргі Жоғары аудиторлық палата) пошта қызметінің жеке қолға тапсырылуы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретінін ескертті. Оның пайымдауынша, мұның көптеген тәуекелі бар.
«Бұл Қазпоштаның ауылдағы рентабельді емес бөлімшелерінің жаппай жабылуы қаупін туындатады. Ол бөлімшелер табыс әкелмегенімен, зейнетақы, жәрдемақы төлеуде, мерзімді басылым мен пошта жөнелтілімдерін жеткізуде әлеуметтік маңызды функция атқарады. Сондай-ақ мемлекеттік құпияны қорғау бойынша ерекше жарғылық міндеттерді орындайтын, арнайы пошта байланысы каналдары бойынша арнайы, құпия жөнелтілімдерді жеткізетін Қазпошта құрамындағы «Арнайы байланыстың республикалық қызметінің» ары қарайғы қызметіне қатер төнеді», – деді Есеп комитеті. Мұны ескермеу ұлттық қауіпсіздіктің деградациясына соқтырар еді.
Қауіп сейілді ме?
Жақсы жаңалық 2025 жылғы 24 қаңтарда Мемлекет басшысы «Қазпошта» АҚ-ның басқарма төрайымы Әсел Жанасованы қабылдағанда жария болды. Соңғы екі жылды Қазпошта таза табыспен аяқтады. Бюджетке рекордтық 45 миллиард теңге салық және баж алымдарын төледі. Компания Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісінде алғаш рет әлемдегі ең үздік 50 пошта операторының қатарына кіріпті. Тасымал үдерісін оңтайландыру есебінен пошталық жөнелтілімдердің көлемі 26% өсті. Жалпы алғанда, 20 миллион, соның ішінде 9 миллион халықаралық сәлемдеме діттеген жеріне жеткізілген.
Ұлттық пошта қызметі басшысының айтуынша, бүгінде реформа жүргізіліп, поштаны жеткізу мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Мәселен, бұл іске енді «үйдегі дүкен» форматындағы сауда орындары тартылған, өйткені ауыл не қала болсын, тұрғындардың ең жиі бас сұғатыны да – үйіне жақын тұрған дүкен. HomePost жобасы аясында үй жанындағы дүкендер әсіресе, шағын қалалар мен ауылдарда сәлемдемелерді, шетелден, ресейлік, қытайлық маркетплейстерден тапсырыс беріп алғызған тауарларын табыстайтын бекетке айналады.
Былтыр үйдегі дүкендерде 180 тапсырыс беру пункт ашылды. 2025 жылы 1 мыңға жетпек. Бұл пункттер клиенттерге өз сәлемдемесін облыс орталығындағы ірі пошта бөлімшелеріне бармастан, өз елді мекенінде тез, ыңғайлы уақытта алуына мүмкіндік береді.
«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы қызмет сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту мақсатында енгізілетін инновация жайында айтты. Осы орайда Japan Post, Toshiba, Cainiao компанияларымен бірлесіп, көлік және логистика салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Toshiba-мен бірге жұмысшылардың физикалық жүктемесін азайту, өнімділігін арттыру үшін қойма операцияларын роботтандыру жобасы іске қосылған.
Alibaba Group-тың еншілес компаниясы – Cainiao-мен ынтымақтастық Қазақстан арқылы ТМД-ның 9 еліне транзитті 100 миллион жөнелтілімге дейін арттыру өрісін ашпақ.
Қазпошта Америка, Германия, Қытай және Оңтүстік Кореяның халықаралық маркетплейстеріне ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ететін Keruen сервисін дамытуды жалғастырды. 2024 жылы Keruen арқылы
13 111-ден астам сәлемдеме жеткізілді, оның 40%-ы Еуропа мен Америкадан жөнелтілімдер. Сервис географиясын Жапония, Ұлыбритания мен Түркияны қосу есебінен кеңейту жоспарланды. Бұл транзиттік жөнелтімдер көлемін ұлғайту, қазақстандықтарға эксклюзивті-түпнұсқа тауарларға тапсырыс беру мүмкіндіктерін ұсынады.
YTO Express компаниясымен ынтымақтастық шеңберінде пошталық инфрақұрылымды жаңғыртуға 50 миллион доллар инвестиция тартылды. Маркетплейстер сауда-саттығы сияқты жылдам өсуші нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін заманауи қойма кешендерінің желісін дамыту маңызды. Қазпошта Ақтөбе әуежайы аумағында мультимодальды қойма салуды жоспарлады. Аумағы 15 мың шаршы метр болатын бұл нысан Түркияның S-Sistem компаниясымен серіктестік негізінде бой көтереді. Мұның бәрі өркендеудің өркендері болса керек.
Қоржыны жаңа қызметтермен толығады
Бұл жерде енді бәрі жақсы екен, ұлттық пошта қызметі дағдарыстан толық шығыпты деген ой туындамағаны ләзім. Салада ұзық жыл қордаланған көп мәселе түбегейлі шешімін таба қойған жоқ. Ақордада қабылдағанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев компанияны қаржылық сауықтыру, логистикалық әлеуетті арттыру және цифрлық шешімдерді дамыту сияқты мәселелер барын нұсқап, оларды шешуге бағытталған жұмысты жалғастыруды тапсырды. Қоржын арқалаған пошташылардың жалақысы төмен болып қалды.
– Ауылда пошташылар жалақысы төмен. Ол сәлемдеме, хат, газеттердің аз келуіне де, ауыл тұрғындарының санына да байланысты. Сондай-ақ олар 0,2-0,7 ставкамен жұмыс істейді. Пошта қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылы 25%, 2024 жылы 15% өсті, барлығына жылына 3 рет сыйлықақы беріледі. Оның бәріне қаражат керек. Егер табыс артса, ауылға сәлемдеме легі көбейсе, біз бірінші кезекте олардың жалақысын көтереміз! – деп уәде етті Қазпошта басқарма төрайымы.
2025 жылғы 30 қаңтарда ел Парламенті «Пошта туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң қабылдады. Құжат пошта саласындағы жаңа реформаға серпін береді. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Е.Смышляеваның түсіндіруінше, пошта саласы трансформациядан өтіп жатыр.
– Бұл заң біріншіден, жеткізу тәртібін өзгертеді. Бұдан былай цифрлық технологиялардың арқасында егер тиісті пин-коды немесе QR-коды болса, сәлемдеме мен хат-хабар төл иесіне ғана емес, үшінші тұлғаларға табыстала алады. Бұл мысалы, тауарды маркетплейстерден үйге жеткізуді жеңілдетеді, – деді Екатерина Смышляева. Бұрынғы талап бойынша иесі үйінде болмаса, тосыннан жұмысы туындап, кетіп қалса пошташы оны ешкімге тапсыра алмай, кері алып қайтатын.
Екіншіден, сәлемдемелерді қалдыруға арналған почтаматтарды орналастыру және пайдалану тәртібі реттеледі. Бұл норма оларды кондоминиум нысандарында – ПИК, МИБ-те орналастыру үшін қажет. Үшіншіден, Қазпошта сұранысы құлдыраған кейбір әмбебап қызметтерден арылады. Арасында мысалы, пошта карталарын немесе бандерольдерді жіберу бар. Төртіншіден, депутаттар талап етілмеген, иесі алып кетпеген хат-корреспонденцияны сақтау мерзімін қысқартты.
Екатерина Смышляева, әсіресе ауылдарда Қазпоштаның филиалдық желілерін сақтап қалу мәселесі өткір тұрғанын айтты.
– Бұл коммерциялық емес, экономикалық емес, әлеуметтік мәселе, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Өйткені қазіргі уақытта Қазпошта – ауылымыздағы пошталық қана емес, сондай-ақ қаржылық қызметтердің, мемлекеттік қызметтердің басты әрі жалғыз провайдері! Қазпошта бөлімшелерінде 200 шағын ХҚКО ашылды. Ауылда 7 миллиондай адам тұрып жатыр. Пошташыларымыз бармайтын ауылдар мүлдем қараң қалып, қаңырап босайды. Сол себепті Қазпошта желісін сақтау – мемлекет үшін өмірлік маңызды мәселе, – деді Мәжіліс депутаты.
Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек Қазпоштаның жаңа бөлімшелерін ашу күрделі дейді: «Біз бөлімшелер санын арттыру мәселесін Қазпошта өкілдерімен бірге талқыладық. Шығындарын есептедік, кей жерде тіпті көзімізге жас алдық. Өйткені жаңа бөлімше ашу өте шығынды іс болып шықты. Сондай-ақ бөлімше ашу үшін елді мекен тұрғындарының саны 2 мыңнан аз болмауға тиіс. Тіпті бұрыннан бар бөлімшелерге жабылу қаупі төнген. Оларды субсидиялау мәселесін пысықтаған жөн болар, – деді вице-министр.
«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованың айтуынша, қазіргі кезде 3 мың бөлімше бар.
– Бұл желіні ұстап тұру өте қымбатқа түседі. Кейбір бөлімше қаңырап бос тұр. Біз оларды қосымша қызметпен жүктеуге тырысамыз, ғимаратты шағын және орта бизнеске жалға береміз. Олар арқылы сақтандыру қызметтері, несиелендіру жүргізіледі. 2 жыл ішінде 244 бөлімшені жөндеуге 2 миллиард теңге шығындадық. Ауылдағы бөлімшелерді әкімдіктер нысандарына көшірдік. Кейбір ауылда шағын дүкендердің жанынан пошта бөлімшесін аштық, – деді Әсел Жанасова.
Қалай болғанда, ұлттық пошта қызметінің маңызын төмендетуге болмайды. Ол қияндағы ауылдарда тұратын зейнеткерлерге, мүгедектерге, басқасына қолма-қол ақша жеткізетін жалғыз қаржы институты. Банктер бұл кәсіпке еш қызықпайды. Қорғанышы жоғары чемодан көтерген арнайы пошташылар 1 миллион клиентіне ақша тасиды екен. Қазпоштаның ауылда 300 банкоматы бар. Оларды, кассаларды, бөлімшелерді ұстап тұру үшін компания жыл сайын 10 миллиард теңге шығын шығаратын болып шықты.
Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазпошта пошталық оператордың кең таралған желісін диспансерлік есепке қойылған, не жағдайы ауыр сырқаттарға, мүгедектерге тегін дәрі-дәрмек жеткізуге пайдалануды қарастырып жатыр. Қазпошта бөлімшелерін жұртқа мемлекеттік қызметтер көрсететін ХҚКО-ларға айналдыру үрдісі жалғасады. Қазпоштаға кедендік брокер функцияларын беру мәселесі пысықталады. Яғни, қазіргі заманда «Қазпошта» АҚ – өзі пошта, өзі банк, өзі ХҚКО, өзі маркетплейстер пункті, өзі брокер, өзі дәріхана болады және бұл тізім тек ұзара бермек.
Айхан ШӘРІП