Ақтық сында шорт-тректен аралас командалық жарыста еліміз мәре сызығын бірінші болып кесті. Азулы қарсыластарымыз жапондықтар екінші келсе, қытайлықтар үшті қанағат тұтты.
Қытайдың Харбин қаласында 2025 жылғы IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты ерекше өтті.
Азия ойындарына Азияның 34 елінен 1 000-нан астам спортшы қатысады. Аталмыш жарыста Қазақстан атынан 137 атлет өнер көрсетпек. Салатанатты шеруде құраманың туын ұстап хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова шықты.
Көркемдік бөлім Харбиннен басталып, Қытайдың басқа аймақтарына, одан әрі бүкіл Азияға бағытталған поэтикалық саяхат түрінде ұсынылды. Шоу бағдарламасы үш негізгі бөлімнен тұрды. Онда қыс мезгілінің құдіретіне арналған арнау, қысқы спорт түрлерінің рухын көрсету, сондай-ақ құрлықты байланыстыратын берік қарым-қатынасқа құрмет көрсетілді. Сонымен қатар бұл қойылым баланың өсуі, оның армандары, мақсаттары мен өзін-өзі танытуы туралы лирикалық оқиғаны бейнеледі.
Әрбір бөлім арнайы қойылыммен басталды. Көрермендерді таңғалдыру үшін интерактивті бейнелер, жасанды интеллект және толықтырылған виртуалды шынайылық пайдаланылған екен. Қойылымдарға 1 000-нан астам адам қатысқан көрінеді.
Көптеген көрініс пен элементтер Қытайдағы қысқы спорт түрлерінің өмірін көрсетіп, қытай халқының рухы мен жігерін айшықтады.
Ашылу салтанатына дейін хоккей, шорт-тректен біздің қыз-жігіттеріміз жарыс жолын бастап кеткен еді. Хоккейден Қазақстан ерлер құрама командасы алғашқы матчында Таиланд командасын талқандап тастады. 12 шайбаны жаңбырша жаудырып жеңіс тұғырынан көріндік. Жалпы, топтық кезеңде Қытайды, Тайбэйді, Жапонияны және Оңтүстік Кореяны қарсылас құрлы көрмедік. Барлығын айқын басымдықпен жеңіп, топтан бірінші орынмен шығып, плей-офф кезеңіне аяқ бастық.
«Көңіл күй жақсы. Жігіттермен сөйлесуге, хоккей ойнауға және басқа елдердің командаларын бақылауға мүмкіндік бар. Бүгін ірі есеппен жеңіске жеттік. Қарсыластар аса жоғары деңгейде болмағаны түсінікті. Сондықтан өз ойынымызды көрсетіп, сәттерді қалт жібермедік. Негізгі қарсыластар туралы айтсақ, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай құрамалары мықты командалар. Бірақ біздің жалғыз мақсатымыз – бірінші орын алу. Азиядағы жағдай жақсы, барлық жағдай жасалған. Маусым жүріп жатқандықтан, дайындыққа көп уақыт болған жоқ. Бірақ бапкерлер тактикалық нұсқаулар беріп, дайындықты пысықтауда», – деді Қазақстан хоккей құрамасының ең тәжірибелі ойыншыларының бірі Роман Старченко.
Дәл осындай қарқынмен шорт-трекшілеріміз қоржынымызға алғашқы алтынды салды. Шорт-тректен 2000 метрге аралас эстафетада шешуші сайыста күміс иеленді. Команда сапында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан, Ермек Малика өнер көрсетті. Бұл сайыста Оңтүстік Корея құрамасы жеңімпаз атанса, Жапония үздік үштікті түйіндеді. Шорт-тректен Азия ойындарында қазақстандық спортшылар алғаш рет күміс медальға ие болуда. Бұған дейін шорт-трекшілеріміз 3 мәрте қола медальмен шектелген.
Ал жекелей сайыстарда қазақстандық спортшыларға медаль бұйырмады. Ерлер мен әйелдер арасындағы 1 500 және 500 метрлік қашықтықта бірде-бір қазақстандық спортшы финалға шыға алмады.
Араға аз уақыт салып конькимен жүгіруші Евгений Кошкин тағы бір күміс медаль жеңіп алды. Спортшымыз 100 метр қашықтықта екінші нәтиже көрсетті. Ол тек қытайлық Гао Тиньююға жол берді. Екі спортшы да Азия чемпионаты мен Азияда рекордын орнатты. Үшінші болып Оңтүстік кореялық Джун Хо Ким келді. Осылайша, Қазақстан қоржынына екінші күміс келіп түсті. Конькимен жүгіруде 100 метр қашықтық осымен екінші рет Азияда бағдарламасына қосылды. Алғаш 2007 жылы Азиядаға кірген. Евгений Кошкиннің жүлдесі еліміз үшін орны ерекше болмақ.
«Мен өте қуаныштымын. Сәтті өнер көрсеттім. Барлығы ойдағыдай өтті. Әрине, қытайлық қуантты. Маусым бойы мен оны 100 метрде ұттым, 500 метрде де жиі жеңетінмін. Бірақ қазір ол жинақталып, өз елінде, өзінің жанкүйерлері алдында жеңіске жетті. Бұл да оның мүмкіндігі еді.
Медальді мен өзімнің алғашқы бапкеріме, Улитин Николай Георгиевичке арнаймын. Өкінішке қарай, ол былтыр қайтыс болды. Ол мені осы спортқа алып келді және менің осында болуым үшін барлық жағдайды жасады», – деді Евгений Кошкин.
Шаңғымен жарысының спринт бәсекесінде Константин Борцов 2:58.28 секундта мәреге үшінші болып келіп, қола медаль олжалаған. Бірақ түстен кейін Борцов күміс жүлдеге ие болды. Екінші болып келген жапониялық шаңғышысы Харуки Иамашита жүлдесінен айырылып, жарыстан шеттетілді. Оның тыйым салынған дәрі-дәрмек қолданғаны мәлім болды. Шаңғымен жарысында спринт бағдарламасына шыққан өзге қазақстандық қыз-жігіттер медальдан тыс қалды.
Жарыстың келесі күні фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының спортшысы Аяна Жолдас үшінші орын иеленді. Финалда спортшы секіруден төрешілердің шешімі бойынша 76,54 ұпай жинады. Дәл солай қазақстандық қола медаль иеленді. Жеңісті қытайлық Цю Мэнтао (90,94 ұпай) алды. Екінші орынды тағы бір қытайлық спортшы Чэнь Сюжень (81,58 ұпай) иеленді. Ал Ардана Маханова шешуші кезеңге өте алмады.
Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасы күміс медальді жеңіп, мерейімізді үстем қылды. Қазақстандықтар 3 000 метрлік қашықтықтағы эстафетада екінші орынға табан тіреді. Финалда ел намысын Ольга Тихонова, Малика Ермек, Алина Әжғалиева және Яна Хан қорғады. Алтын медальды Қытай жеңіп алса, Жапония үшінші орынға тұрақтады.
Осы спорт түрінен ерлер құрамасы Азия ойындарында топ жарды. Шорт-трекшілеріміз қарсылыстарын шорт сындырып, тарихи алтын медальді қоржынға салды. Қазақстан атынан эстафеталық жарыста Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен ерледі. Бұл Қазақстан үшін осы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медаль болды. Қазақстан финалда жапон мен қытайдың спортшыларын шаң қаптырып, басып озды. Ал фаворит оңтүстік кореялықтар ереже бұзғаны үшін жарыстан шеттетілді.
Айта кетейік, Қазақстан шорт-тректен тарихта алғаш рет Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Харбинде шорт-трекшілер үш медальға ие болды, олардың барлығын эстафеталық жарыстарда еншіленді.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин тарихи алтын медаль жеңіп алған шорт-трек құрамасын құттықтады.
«Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті атынан және өз атымнан Глеб Ивченко, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен, Абзал Әжғалиев және Әділ Ғалиахметовті Харбиндегі қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының алғашқы алтын медалін жеңіп алуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қазақстандық шорт-трек үшін әлемдік деңгейдегі кешенді жарыстардағы алғашқы жоғары дәрежелі жүлде және мыңдаған жанкүйер осы тарихи сәттің куәсі болды. Бүгін сіздер жеңіске деген жігерлеріңіздің арқасында лайықты түрде тұғырдың ең биік сатысына көтерілдіңіздер. Және көп жылдан кейін Қазақстанның Әнұраны Азия құрлығының қысқы додасында қайта шырқалады. Сіздерді осы жеңіске жетелеген бапкерлеріңізге ерекше алғыс айтамын. Бұл жарқын жеңіс – бүкіл ел үшін зор қуаныш!» – деді Геннадий Головкин.
Конькимен жүгіруден Қазақстан әйелдер құрамасы қола медальді еншіледі. Елге қола медальді Надежда Морозова, Кристина Силаева және Дарья Важенина сыйлады. Алтын жүлдені Оңтүстік Корея құрамасы жеңіп алды, ал Қытай күміс медаль иеленді.
Одан бөлек, фристайл-акробатикадан аралас командалар арасындағы сайыста екінші орынға ие болдық. Бұл бағдарламада ел намысын Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев және Асан Асылхан қорғады. Қорытынды есепте қазақстандық спортшылар 235,39 ұпай жинап, осы көрсеткіш оларға күміс медаль алып келді. Айта кетейік, бұған дейін Аяна Жолдас жеке жарыста үшінші орын алған болатын.
Шаңғы жарысынан Олжас Климин 10 шақырымдық еркін стильдегі жарыста ел намысын сәтті қорғап, қола медальді жеңіп алды. Климиннің мәреге жеткен уақыты – 21:20.3. Жеңісті жапониялық Харуки Ямашита (21:06.5) иеленсе, оның командаласы Такацуга Уда (21:16.5) екінші орынға тұрақтады. Айта кетейік, бұған дейін Константин Борцов спринтте күміс жүлдегер атанған болатын.
Дәл қазір Азия ойындарының медальдық кестесінде Қытай 21 алтынмен көш бастап тұр. Одан кейін Оңтүстік Корея 11 алтынмен ілесіп келеді. Жапонның спортшылары 4 алтынмен үздік үштікті ұстап тұр. Біздің құрама әзірге 1 алтын, 5 күміс, 3 қоламен төртінші орынға тұрақтадық. Алдағы жарыс күндерінде Қазақстан құрамасы алтыннан олжалы болса екен дейміз!
Әсет ҚАЛИ