Aikyn.kz жүздеген жылдар бойы өзгермеген географиялық атаулардың алынып тасталу себебін techcrunch.com сайтының хабарламасына сүйеніп түсіндіреді.
Дүйсенбіде (10 ақпан) Google Maps ресми түрде Мексика шығанағының атауын «Америка шығанағы» деп өзгертті. АҚШ президенті Дональд Трамп инаугурация күні 200-ге жуық жарлық, меморандум мен өкімге қол қойды. Солардың ішінде Мексика шығанағының атауын Америка шығанағы деп өзгерту туралы жарлық та болған. Осы жарлыққа сәйкес, Барак Обаманың МакКинли тауының атын жергілікті халықтар ғасырлар бойы қолданып келген Денали атауына өзгерту туралы шешімін де жойған болатын. Мексика шығанағы да XVI ғасырдан бері осындай атаумен барлық карталар мен анықтамаларда белгіленіп келген еді.
Президент географиялық атауларды өзгерту «Американың ұлылығы тарихындағы америкалық мақтаныш сезімін [қалпына келтіру]» стратегиясының бір бөлігі екенін айтады.
Дүйсенбі күні (10 ақпан) түстен бастап АҚШ-тағы Google Maps пайдаланушылары Мексика шығанағының атауын Америка шығанағы болып өзгергенін көрді. Әлемнің басқа аймақтарында екі атау да көрсетіледі. Ал мексикалық пайдаланушылар тек Мексика шығанағы деген бұрынғы атауды көреді. Google барлық тараптардың көңілін табу саясатының үлгісін осылай түсінген сияқты.
Google қаңтар айында Америка Құрама Штаттарының географиялық атауларының ақпараттық жүйесінде жер атаулары жаңартылғаннан кейін президенттің жарлығын орындайтынын жариялаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Мексика (Америка) шығанағының үстімен ұшып бара жатып, 9 ақпанды «Америка шығанағы күні» деп атау туралы прокламацияға (жарлық) қол қойған сәті мына видеода:
Google Трамптың жарлығын орындағанымен, Apple әлі Карталар қолданбасында Мексика шығанағы немесе Денали атауын жаңартқан жоқ. Apple Maps қолданбасында «Америка шығанағы» дегенді іздегенде, қолданба нәтиже бермейді. Google бас директоры Сундар Пичай мен Apple бас директоры Тим Кук екеуі де басқа технологиялық алпауыттармен бірге Дональд Трамптың инаугурациясына қатысты. Тим Кук жеке өз есебінен Трамптың инаугурация қорына 1 миллион доллар берсе, осынша қаржыны Google компания атынан аударған.
Өйткені президенттер жер-су атауларын бір жарлықпен өзгертіп, қалаған аралды, каналды мемлекет меншігіне қайтарып алуға қауқарлы. Бұндай мықты басшымен миллиардерлер де дос болуды қалайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.