Бұл мәселе Сыр өңірінде де өзекті болып отыр. Жиында Кеңес төрағасы Баймырза Қожамберлиев бизнес субъектілеріндегі көрнекі ақпараттарға жасалаған мониторинг қорытындысына тоқталды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыратын маңызды күш – көрнекі ақпарат пен жарнама
700
оқылды

Мемлекет басшысы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу – мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным» деген еді. Расында, ұлттық саясатты жүргізуде мемлекеттік тіл саясаты жұмысының алатын орны ерекше. Бүгін партияның Қызылорда  облыстық филиалы жанындағы  Мiras  аймақтық кеңесінің отырысында мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін арттыру және бизнес субъектілеріндегі мемлекеттік тілдің қолданылу жағдайы кеңінен талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

 

Жалпы, Сыр өңірінде халықтың 96 пайызын қазақ ұлты құрайды. Қазақ тілін меңгерген азаматтардың үлесі – 99,8   пайыз. Жиында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ұлтты ұйыстырушы рөлінде, қазақ тілін біртіндеп дамытып, оның практикалық маңызы мен қолданыс аясын кеңейту «AMANAT» партиясының да басты мақсаттарының бірі екенін және сайлауалды бағдарламада қазақ тілін насихаттай отырып, заманауи фильмдер мен мультфильмдер дубляжын қазақ тіліне аудару, танымал қосымша мессенджерлер мен әлеуметтік желі интерфейстерін қазақ тіліне аудару, сонымен бірге жасанды интеллектіні қазақ тілінде сөйлету жұмыстары партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілгенін атап өтті. 

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейтуде ең маңызды қозғаушы күштің бірі  көрнекі ақпарат пен жарнама. Бұл мәселе Сыр өңірінде де өзекті болып отыр. Жиында Кеңес төрағасы Баймырза Қожамберлиев бизнес субъектілеріндегі көрнекі ақпараттарға жасалаған мониторинг қорытындысына тоқталды.

«Біздің кеңес мүшелері жауапты сала өкілдерімен облыс орталығындағы Тоқмағамбетов көшесінде орналасқан бизнес субьектілеріндегі мемлекеттік тіліміздің жағдайына мониторинг жүргізді. Алайда нәтиже көңіл қуантпады. Халқының 99,8 пайызы қазақ тілін меңгерген біздің аймақ үшін, мейрамханалардағы мәзірлер, көрсетілетін қызметтерді былай қойғанда, облыс орталығындағы бір көшедегі көрнекі ақпараттардың толыққанды қазақ тілінде болмағаны ойландыратын мәселе», –деді  Кеңес төрағасы. 

Жиында облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Уалихан Ибраев хабарлама жасап, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді. Оның айтуынша, аталған мәселені шешуде басқарма және қала, аудан әкімдіктері тарапынан кәсіпкерлер арасында ақпараттық-насихаттық түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізіліп, екінші жыл қатарынан «Көрнекі» жобасы іске асырылып жатыр. Тоқсан сайын облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда, қызмет көрсету және туризм кеңесі отырыстарында облыс кәсіпкерлеріне көрнекі ақпараттарда, ас мәзірлерінде және бақылау касса машиналарының тілінде «Тіл туралы» заң талаптарын сақтау қажеттігі түсінідіріліп, жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде сауатты жазу, мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар да берілген. Сонымен бірге мемлекеттік тілді дамыту бағытында жұмыс істейтін сайттарды кеңінен пайдаланып, насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Атап өту керек, 13 қаңтарда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» ҚР заңдарына тілдерді дамыту саласындағы құзыреттіліктерді кеңейту бойынша бірқатар толықтыру  енгізілді.  Ендігі жерде, облыстық маңызы бар қала мен аудан әкімдері маңдайшаны облыстық және аудандық маңызы бар қалада, ауылда, кентте орналастыру туралы хабарламаларды қабылдауды және қарауды жүзеге асырады, яғни келісім беретін болады.

Жиында  жұмысты жетілдіру бағытында ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, Кеңестің жылдық жоспары бекітілді.