Бүгінде ел-жұрттың басым көпшілігі, әсіресе жастар денсаулығына мән бере бастаған. Спортпен айналысып, түрлі дәрумендер ішуді әдетке айналдырған. Десе де, жас отбасылар нәрестеге қандай дәрумен берген жөн, неше жастан ішуі тиіс дегенді біле бермейді.
Балаларға дәруменді 3 жасқа дейін беруі керек деген қате түсінік  – дәрігер Нұржамал Әубәкірова
сурет автордікі
740
оқылды

Әсіресе, баланың ағзасына қажетті дәруменді 3 жасқа дейін ішпесе, одан кейін оның еш пайдасы жоқ дегені шындыққа жанаса ма? Мысалы, 1 жас 4 айлық сәбиге  қандай дәрумендер бергені дұрыс деген сұраққа педиатр-дәрігер, медицина магистрі Нұржамал Әубәкірова жауап береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Дәрігердің айтуынша, баланың өсіп-жетілуіне барлық дәруменді үш жасына дейін беруі керек дегенді дұрыс көрмейді.

– Негізі дәрумендерді ішуде белгілі бір шектеу жоқ. Себебі адам ағзасына дәрумендер әрдайым қажет. Дәрумендер дегеніміз – ағзадағы өмір бойына жалғасатын түрлі процестерге атсалысатын микроэлементтерден  тұрады. Сондықтан дәрумендерді әрдайым ішіп жүрген абзал. Оған қоса, жас ағза өзіне қажетті дәруменнің бәрін тамақтан сіңіретіні анық. Сол себепті дәруменге бай өсімдік, жеміс-жидек, шөп-шалан, жарма бұршақтары, балық, теңіз өнімдерін көбірек беріңіздер. Баланың ағзасы содан-ақ өзіне қажетті мөлшерде дәруменін алады. Яғни, бала барлық дәруменге бай құнарлы тағаммен тамақтанса, оған қосымша дәрумен берудің қажеті жоқ.

 Бәріне қажет дәрумен – Д дәрумені. Оны дәрігердің белгілеуінсіз-ақ профилактика түрінде аз мөлшерде ішкені құба-құп. Шындығында, дәрігер баланың денсаулығына қарай қандай да бір дәрумен жазып бере алады. Онда да балаға фолий қышқылы не болмаса В12 дәрумені жетіспесе, соның орнын толтыру мақсатында  қосымша дәрумендер жазып береді. Оның ішінде целиакия немесе ішек ауруларына шалдыққандар да кіреді. Олар дәрумен ішпесе, жеген тамағының құнары сіңбейтінін ескерген жөн.