Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Халықаралық Түркі академиясының ғылыми кеңесінің ІІІ отырысы мен Әзірбайжандағы Абай жылының ашылу салтанаты өтті. Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің өкілдері бас қосқан жиында академияның бір жылғы жұмысының қорытындысы жасалып, 2020 жылға арналған жоспары бекітілді. Жиынға Әзірбайжанның Білім министрі Джейхун Байрамов, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсембаев, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігінің статс-хатшысы Жапаркул Ташиев, Түркия Ұлттық білім министрлігінің білім және тәрбие кеңесінің төрағасы Бурханеттин Дөнмез және Әзірбайжан Ғылым академиясының президенті Рамиз Мехдиев қатысты. Сонымен қатар Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшысы Гюнай Эфендиева, ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы қатарлы түркі әлемі ұйымдарының жетекшілері, Әзірбайжандағы Қазақстан, Қырғыз, Түркия және Мажарстан Республикаларының Төтенше және өкілетті елшілері де келді. Басқосу барысында академия президенті Дархан Қыдырәлі Түркі академиясының былтырғы қызметінің сәтті болғанын, түркі әлеміндегі халықаралық ұйымдардың Түркі кеңесімен қоян-қолтық жұмыс істегенін айтты. Академия басшысы «Мемлекет басшыларының саммит отырыстарында берген нұсқаулары негізінде Академия алдына қойылған міндеттер Қырғыз Республикасындағы Ғылыми кеңестің соңғы отырысында сәтті шешілді. Өзге ұйымдармен бірге маңызды жобаларды жүзеге асырып, ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып маңызды іс-шаралар ұйымдастырдық. Ғылыми және мәдени интеграцияны ілгерілету бойынша қадамдар жасалып, бүгінгі дейін 60-қа жуық түрлі халықаралық ұйымдар мен академиялық институттармен байланыстар орнатылды», – деді. Сонымен қатар Моңғолиямен екіжақты келісім негізінде жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулерге тоқтала келіп, өткен жылы Моңғолия премьер-министрі академияға жеке сапармен барғанын әрі академияда бақылаушы мүше болуға ниет білдіргенін атап өтті. Кеңес барысында Халықаралық түркі академиясы Ғылыми кеңесінің төрағалық міндетін Қырғыз Республикасынан Әзірбайжанға табыстау рәсімі ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыстарға жоғары баға берген Ғылыми кеңес мүшелері академияның 2020 жылғы жұмыс жоспарын бекітіп, келесі отырысты Түркияда өткізуге уағдаласты. Түркі елдері үшін 2020 жыл маңызды кезеңдермен белгіленіп отыр. Сондай-ақ Түркі академиясы түркі елдері мен халықтары арасындағы ынтымақтастық, олардың тарихы, дәстүрлері мен қазіргі жағдайы туралы халықаралық деректі фильмдер байқауын өткізуді ұсынды. Ғылыми отырыстың кезекті жиынына қатысушылар Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, «Maнас» дастанының 1025 жылдығы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы және публицист Нариман Наримановтың 150 жылдығы сынды маңызды оқиғаларды 2020 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталары қатарына қосты. Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын наурызда ежелгі жазба ескерткіш орналасқан Моңғолияда бастау жоспарланса, әл-Фарабидің 1150 жылдығы сәуір айында ЮНЕСКО-дағы халықаралық форум аясында атап өтілмек. Ал ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырылған Абай жылы Бакуде Әзірбайжан Білім министрлігінің ұйытқы болуымен ашылды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған шара Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен Баку мемлекеттік университетінде өтті. Алқалы басқосуда Әзірбайжан Ұлттық Ғылым академиясы Низами атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Туран Теймурдың «Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының көркемдік мәселелері» (Turan Teymur. Muxtar Auezovun «Abay» romanında sənətkarlıq məsələləri) атты монографиясының тұсаукесер рәсімі жасалды. Сонымен қатар салтанатты шара барысында Халықаралық түркі академиясы жарыққа шығарған басылымдардан арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, 50-ден астам кітап Бакуде жаңадан ашылған «Абай» орталығына тарту етілді. Айта кету керек, Түркі академиясы Абай мерейтойы аясында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғыз, Түркия Республикаларында және ЮНЕСКО шеңберінде көптеген халықаралық іс-шара өткізіп, ұлы ақын туындылары мен М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын туыс түркі тілдеріне аударып шығаруды жоспарлап отыр. Бекболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ