Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында: "Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуді жекеменшік балабақшалар есебінен орындауды тапсырған болатын", – деген «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Парламентте Премьер-Министр орынбасары Тамара Дүйсеноваға елдегі балабақша мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, республика бойынша 986 мыңнан астам бала балабақшаға барып жүр. Оның жартысынан астамы жекеменшік. Ал 2 жастан 6 жасқа дейін 84 мың бала кезегінде тұр. Бұл – балалардың 8,5 пайызы балабақшаға бармайды деген сөз. Басқа облыстарды айтпағанда, бас қаламыз Астананың өзінде балабақша жетіспейді, – деп мәселе көтерген депутат балабақша мәселесін шешудегі бірқатар проблемаларға тоқталды.
Сайлаушылармен кездесу кезінде, бизнес өкілдері бюрократиялық кедергілерге тап болып жатқанын айтты. Кәсіпкерлер әсіресе Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (бұдан әрі – Бақылау комитеті) аумақтық бөлімше қызметкерлері тарапынан профилактикалық тексерулер көбейіп, түрлі сылтаумен негізсіз айыппұл салатынына наразы. Мораторий алынып тасталғалы, тексеруші органдар балабақшаларды жағалаудан жалықпай келеді екен. Құрылтайшылар «қудалаудың» астарында не жатқанын білмесе де, бұны бизнестің дамуына қарсы дискриминация деп түсінеді. Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері жылына екі реттен жиі емес мектепке дейінгі ұйымға бару арқылы профилактикалық бақылау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Алайда, өткен жылы мектепке дейінгі ұйымда 7 497 тексеру жүргізілген. Нәтижесі бойынша 6 802 (90,7 %) объектіде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 14 776 жүйелі бұзушылық тіркеліп, 4 027 жауапты тұлғаға 1 млрд 120 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Әр кәсіпкерге жылына екі рет салынған айыппұл 1 млн теңгеден асып, қалталары көтермей, айыппұлды несие алу арқылы төлеуге мәжбүр болған. Бұл мекемелер саудамен айналыспайды, басқа табыс көзі болмағандықтан, жекеменшік балабақшалар банкротқа ұшыраудың алдында тұр. Бұлай жалғаса берсе, балаларды балабақшалармен 100 пайыз қамтуымыз екіталай, – деді ол.
Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы құзырлы органдармен бірлесіп «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтарын» санитарлық ережелер сәйкестігіне талдау жасаған. Қорытындысы бойынша Тексеру парағындағы 76 талаптың 16-сы санитарлық талаптармен реттелмегендігі, 41-інде сыбайлас жемқорлық тәуекел факторлары анықталған.
Депутаттың айтуынша, мәселе балабақшаларда емес, ережелердің өзінде. Оларды кейде түсіну қиын және орындау мүмкін емес.
Тротуарлардың қатты жабындары, еденнің, төбенің, қабырғалардың зақымдануы, жылу жүйелерінің радиаторларына арналған тосқауыл құрылғылары және жұмысқа жарамды жиһаздың болуы санитарлық нормаларға қандай қатысы бар? – деген депутат ауылдағы балабақша мәселесін де көтерді.
Жекеменшік балабақшалардың 80 пайыздан астамы ауылдарда және жалға алынған тұрғын үйлерде орналасқан. Бекітілген ережелер ауылдық жерлердегі объективті шындыққа сәйкес келмейді және ондағы балабақшалар үшін барлық стандарттарға сәйкес келетін ғимараттар жоқ. Кәсіпкерлер өз бизнесінің амандығын ойлап, санитарлық дәрігерлердің әрекетіне шағымданудан қорқады, ал дауласу бизнес үшін өте тиімсіз. Сондықтан, бұл мекемелер, көбінесе, нақты санитарлық қауіп-қатерлерге қатысы жоқ бұзушылықтар үшін төлеуге мәжбүр болады, – деді халық қалаулысы.
Депутаттық сауалда айтылған проблемалар негізінде Қайрат Балабиев Үкіметтен жекеменшік балабақшалар бизнесінің тұрақтылығын сақтау үшін оларды негізсіз әкімшілік және қаржылық қысымнан қорғап, мемлекеттік қолдау мен реттеу тетіктерін айқын әрі әділ болуын қамтамасыз етуді; «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтарын бекіту туралы» ережені қайта қарауды; Үкіметтің міндеттемесіне байланысты 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен 100 пайыз қамту мәселесін түпкілікті шешуді және оларға салынатын айыппұл көлемін азайтуды сұрады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.