Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Біріккен Ұлттар Ұйымымен және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы ынтымақтастық туралы бірқатар халықаралық құжатты ратификациялады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастық кеңейеді
289
оқылды

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы ке­лісім 2022 жылы 14 қазанда Астана қаласында жа­салды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов келісім ынтымақтастықты бірнеше ба­ғыт бойынша кеңейтуді көздейтінін, атап айт­қанда, сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді іздеу және қайтару бойынша ынтымақтастықты арттыру қарастырылғанын атап өтті.

– Бұған сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы істер бойынша жәрдем көрсету, бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған адамдарды ұстау және беру, арнайы ақпараттық жүйелерді құру және пайдалану кіреді, – деді Ұ.Сарқұлов. 

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ерболат Саурықов қосымша баяндамасында келісімге қосылған елдер Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық кеңеске мүше екенін айтты.

– Мемлекетаралық кеңестің салалық ынтымақтастық органы өз құзыреті шеңберінде іс-қимылдарды ұйымдастыру мен үйлестіруді қамтамасыз етуге арналған. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы келісімге қатысушы елдердің міндеттемелерін іске асыруға және халықаралық ұйымдармен, олардың құрылымдарымен өзара қарым-қатынас орнатуға бағытталған, – деді Е.Саурықов.

Депутаттың айтуынша, құжатты қабылдау жоғарыда аталған халықаралық органның қыз­метін жүзеге асыруға ықпал етіп, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл саласында көпжақты әріптестік шеңберін кеңейтуге ықпал етеді.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар келісімді ратификациялап, Сенаттың қарауына жолдады.

Сонымен қатар Мәжіліс Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум мен келісімді ратификациялады. Халықаралық құжаттардың нормаларымен Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев таныстырды.

– Миссияға қатысу үшін қазақстандық персонал мен мүлікті ұсынудың әкімшілік, логистикалық және қаржылық шарттарын белгілейтін негізгі Меморандумға 2024 жылғы 14 ақпанда қол қойылды. 2024 жылғы наурыздан бері 139 әскери қызметші мен 26 бірлік әскери техникадан тұратын Ұлттық контингент Голан биіктігіндегі бітімгершілік миссияға жіберілді. Оның мақсаты – Израиль мен Сирия арасындағы татулықты қолдау, сондай-ақ Израиль мен Сирия әскерлерінің бөлінуін бақылау мен қадағалау, – деді Ш.Жазықбаев.

БҰҰ Қазақстанға аталған миссияға қатысқаны үшін жылына шамамен 5 миллион АҚШ доллары көлемінде төлем жасайды. Оның шамамен 2,4 млн АҚШ доллары – жеке құрам төлемі, қалған 2,6 млн АҚШ доллары – техниканы, қару-жарақ пен мүлікті жалға алғаны үшін төленеді. Бұл ретте әр бітімгер әскери қызметшіге айына 1 448 АҚШ доллары көлемінде мөлшерлеме бекітілген.

БҰҰ-мен қаржылық мәселелерді реттеу мақсатымен меморандумға қосымша келісім жасалды. Ол БҰҰ-дан түсетін төлемдерді екі банктік шотқа бөлуді қарастырады. Осылайша, жеке құрамның ақшасын әскери қызметшілер алады, ал мүліктің ақшасы мемлекеттік бюджетке түседі.

Жұмыс тобының жетекшісі Константин Авершин қосымша баяндамасында ратификация­ланған құжаттар мемлекеттің Әскери доктринасында белгіленген мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келетінін атап өтті. Оның негізгі бағыттарына БҰҰ аясында халықаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде бітімгершілік іс-шараларға қатысу кіреді.

Жалпы отырыс барысында Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Мейір ЖАСЫН