Мониторинг барысында сайлауалды бағдарламаның 2.6 тармағына сәйкес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын және бюджет қаржысының тиімді игерілуін бақылады.
Комиссия төрағасы Аят Сүгірбай, инспектор Арыстан Хибасов, комиссия мүшесі Людмила Мендіғалиева «Ынтымақ» алаңында орналасқан полиция бекетінің жұмысымен танысты. Полиция бекеті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тыныштықты сақтау үшін күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Содан кейін жақында пайдалануға берілген №33 учаскелік полиция пунктіне барды. Ғимарат тұрғын үйдің төменгі қабатынан ашылған. Бұл полиция қызметкерлеріне бекітілген аумақтарды бақылауға, жедел құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Барлық полиция бекеті бейнебақылау камерасымен, қызметкерлер рация, бейнетіркегіш арнайы құрылғысымен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар комиссия мүшелері облыстық ПД-нің жедел басқару орталығына барып, қызметкерлердің жұмысымен танысты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Маңғыстау облысында 22 546 бейнебақылау камерасы бар. Бұл балабақша, мектептен бастап қаланың әр бұрышын бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, ақпанда 1 100 құқықбұзушылық анықталып, 7 қылмыс ашылды. Ал қаңтарда 27 қылмыс ашылып, 3 126 құқықбұзушылық анықталған.
«Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2024 жылы облыстық Полиция департаменті 15 қызметтік автокөлік алуы, 450 бейнетіркегішпен жабдықталуы, 9 жаңа учаскелік полиция бекеті ашылуы керек болатын. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Мониторинг барысында Полиция департаменті қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіліп, қаржы тиімді игерілгеніне көз жеткіздік. Алдағы уақытта да полиция қызметкерлерінің жұмысына мониторинг жасалады. Сондай-ақ тиімді ұсыныстары мен мәселесі қараусыз қалмайтынын ескерттік», – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Аят Сүгірбай.
Ә.САМАТҰЛЫ