Халқымыз рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді.
Әсел Бимырзаева: Барлық жүректе мейірім бар
553
оқылды

«Армандар орындалады» атты қайырымдылық жобасының негізін қалаушы түркістандық Әсел Бимыр­заева да сондай құшағы кең, жүрегі жұмсақ жан. Өзі мектепте балаларға білім бере жүріп, ерекше жандарға қомқорлық көрсетіп жүретін Әсел Маханбетқызының бүгінде жеткен жетістігі де көп.

– Әсел Маханбетқызы, өзіңіз мектепте балаларға дәріс бере жүріп, ерекше бала­ларға қамқор болу жобасын қоса атқарып келесіз. Әрине, екеуі де балалармен жұмыс дегенмен жүрекке салмақ салатын тұстары бар. Сізге қиындық тумай ма? Мектептегі жұмыстарыңызға кедергісі жоқ па? Жалпы, ерекше балаларға қамқорлық жасауға ар­нал­ған «Армандар орындалады» жобасын бас­тау идеясы қайдан келді? 

– Иә, Түркістан қаласындағы №17 Ататүрік мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Жалпы, балалармен жұмыс істеу өзіме қатты ұнайды. Сондық­тан болар олармен нәтиже көрсетуге барынша кірісемін. Балалармен жұмыс істеп жүргеніме 12 жыл болыпты. Осынау жылдан бері әлі күнге дейін үйден оқитын балалардың жағдайын көріп, олармен тіл­десіп, араласып жүріп оларға не жетіс­пейтінін байқап, осындай ойға келдім. Жасыратыны жоқ, өзімнің бір перзентім де сондай үйде оқитындардың қатарында еді. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та мен бұл балапандардың жағдайын жетік түсінемін, балалармен қалай қарым-қатынас жасау керек екенін білемін. Сабақтан тыс уақытта қастарында қалып, көп сөйлесемін. Олармен сырласып, арман-мақсаттарын тыңдаймын. Үйде оқи­тын бір балапанның жалғыз ғана ар­маны маған идея берді. Ол қазір 17-де. Сол жылдары зерттеу жүргіздім, дені сау балаларға арналған шара өте көп екен – спартакиада, конкурстар, байқаулар. Ал ерекше балаларға арналған шаралар аз және көбісінде «өткізсек болды» деген мағынадағы шаралар екен. Олардың жан толғаныстарына ешкім назар аудармапты. Мына жерде бір нәрсе дұрыс емес, бұған бір өзгеріс жасауға болмай ма деген ой кетпей қойды. «Армандар орындалады» жобасын қолға алып, ерекше балалардың арманын қағаз бетіне түсірдім. Арманы жазылған бірнеше қағазды өңірдегі елдің алдында жүрген азаматтарға апарып, оларға біреуін таңдатып, ондағы жазылған арманға қол жеткізуіне себепші бола бас­тадым. Бұл дәстүр айына 10 баланың тіле­гін орындап отыруға ұласты. 

Иә, жүрекке салмақ түсіретіні рас, жоба басталған алғашқы жылдары бала­ларды көріп жылап қала беретінмін. Кейін түсіндім «мен көз жасымды көрсетпейін, балаларды мұнда қолдау үшін кішкене болса да оларға демалыс сыйлайын» деп шақырдым ғой деген ой келді. Түркістан қаласынан ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен келетіндер бар. Өз мамандығым бойынша жұмысты сүйіп істегендіктен, екеуін қатар алып жүру қиынға соқпайды. Оның үстіне мектеп директорымыз Рахила Кенжебекқызы үнемі қолдау білдіріп оты­рады. Мектептегі жұмысымның тысқары қалып кетпеуін де талап етіп отырады. Жыл сайын оқушыларым қалалық, облыс­тық олимпиадаларда топ жарып, жеңіспен оралып жатады. 

– Ерекше балалардың негізгі арманы не екен? 

– Олардың тілек-армандары өте қара­пайым және әртүрлі. Олар қазіргі дені сау балалар сияқты iPhone, мопед сұрамайды. Мысалы, ән айтқанды жақсы көретін көзі көр­мейтін балапанымыз дауыс ұлғайт­қышымен музыкалық орталық сұрады. Тепе-теңдікті сақтап жүре алмайтын ерекше бала өздеріне арналған арнайы үш аяқты велисопедті армандайды екен. Біреу­лері бар болғаны өз диваным, гло­бу­сым болса деп тілек жазады. Армандар көбіне өз диагноздарына байланысты болып келеді. Біреуі «әкем жаңа жылда қызыл көйлек әперем деген еді, маған қызыл көйлектің керегі жоқ, әкемді кайтарып беріңіздерші, әкемнің жанымда болғанын қалаймын» деп жазыпты. Жүрек ауыртатын осындай хат көп. Анасынан сұрай келе әкесінің темір торда екенін біл­дік. Әрине, әкесін қайтаруға мүмкін­дігіміз болмады. Бірақ қызыл көйлек әперген демеушіміз «әкең алып беріп жіберді» деп айтыңыздаршы деді. Тіпті, доп сұрайтындар да бар. Жалпы, көбісінің тілегі «ешкім ауырмаса екен» деп жазады. Олардың армандары – осындай қарапайым дүниелер. 

– Бұл жоба алдағы уақытта жалғасын таба ма? Әлде, жобаны жетілдіруді не болмаса ұқсас жобаны қолға алу ойда бар ма? 

– Ең басты жетістігім – осы жобамның жалғасын тауып келе жатқандығы және жобаға ниет білдіріп қатысқысы келетіндер маған шабыт береді. Осынау жобаның аясында «Арман қанат» деген қоғамдық қор құрылды. Жақында «Сен ерекшесің» атты медиа жоба ашылып жатыр. Онда өнерге икемі бар балалар фотосессияға қа­тысады. Соның арқасында олар бойын­дағы комплекстен арылып, Оқушылар сарайына барып, қолөнерге, ән, хор, би үйірмелеріне қатысып, облыстық, респуб­ликалық жарыстардан жүлделі орындар алып жүр. Бастысы, балаларда сенімділік пайда бола бастады. Болашаққа деген сенімі артып, тіпті аналары балаларының қабілетінің барына көзі жетіп, қуана бастады. Фотосессияны көріп «мәссаған, менің балам не деген сүйкімді, жанып тұр ғой» деп талайы айтты. Баласының бас­қаша қабілетімен танылуына аналар да үміттенеді. Түңіліп отыра бергеннен не пайда?!

Айта кетер жетістігім, жобамның арқа­сында Президенттің «Шапағат» медалімен марапатталдым. Бұл жобаға ешқандай қаржы қаралмаған, медаль үшін ешқандай жұмыс істеген жоқпын. Бар болғаны ерек­ше балалардың басынан сипап, қайырым­ды жандардың арқасында олардың тілегі­нің орындалуына себепкер болып жүрмін. Медальді лайықты деп берсе, демек бұл – менің жетістігім. Бұл – маған үлкен жауапкершілік. 

Қоғамдағы әттеген-ай деген тұстарға ке­лер болсам, көбіне пайдасын халық көр­мейтін, 1-2 аптада ұмытылып кететін жо­ба­ларға қаржыландыру көп. Ал осындай медиа жобаларға жергілікті әкімдіктерден қолдау керек қой, көбіне қолдай бермейді. Болар-болмас қаржы көрсетеміз, соның өзіне қолдау таппай жатамыз. Созақ, Ордабасы ауданы және Кентау, Түркістан қаласы әкмідігіне алғыс білдіргім келеді. «Сен ерекшесің» медиа жобасына қатыс­қан балалардың, ата-аналарының қуанған­дары, алған әсерлері неге тұрады?! Көпке дейін естерінен кетпей, өмірінің бір жар­қын сәті болып қалар еді... Жалпы, жоба­мен айналысқаныма ешқашан өкінген емеспін. Иә, «Не керек саған, ақша төле­мейді, не пайдасы жоқ, не істейсің мұны?» деп айтып жататындар бар. Балапандар көз алдымда, олардың қуанып жатқанның өзі неге тұрады?!

– Жоба арқылы адамдарға, қоғамға деген көзқарасыңыз өзгерді ме, нендей нәрсеге көз жеткіздіңіз? Қоғамда қайырым­ды жан көп пе екен, әлде...

– Дәл қазір менің WhatsApp желісіндегі тобымда 200-ден аса ана отыр. Олардың барлығының да көзқарасы өзгеріп, бір нәрсемен айналысқысы, балаларын да үйірмелерге қатыстырғысы келеді. Сосын менің бауырларым, жақындарым, туыс­тарым, достарым – бәрінің де әжептеуір көзқарастары өзгерді. Ерекше жандарға мүсіркеп қарамайды, оларды мықты жан­дар деп қабылдап, «олардан үйренеріміз, аларымыз көп екен ғой» деген ой қалып­таса бастады. Көзқарастарды өзгерте алға­ным – бұл да менің жетістігім. Барлық жүректе мейірім бар, тек оята білу керек. Оларды қуанта алатындай мүмкіндік беріп жатқаным үшін алғысын білдіретін демеу­ші көп. Жалпы, қайырымды жандар бар­шылық. 

Алғашында жобамызды жазғы маусым демалысы кезінде жүргіземіз деп бастадық. Бірақ арманды орындаймын деушілердің қатары көбейіп, біртіндеп қыркүйек, қазан айларына жалғасып кете берді. Осы уақытқа дейін 28 мәрте өткен іс шарада 600-ге жуық баланы қуантып, тілектерін орындадық. Әрі қарай жалғасын табады деген үміттеміз. Қыс ауасында 2 айға үзіліс аламын. Дегенмен соның өзінде «Қашан басталады, басталғанда айтыңыз?» деп сұрап жүргендер көп. Бір баланың тілегін орындайық деген ниеттілер саны артуда. Одан басқа жоғарыда айтып өткен «Сен ерекшесің» деген жобаны аудандарда өткізуді жоспарлап жатырмыз. Себебі бас­қа да шалғайдағы аудандардан бала­ларымыз қатысса деген сұраныс көп түсіп жатыр. Әзірге қолдау күтіп отырмыз. 

– Жалпы, шығармашылықтың адамы­сыз. Ақынсыз бірқатар өлеңіңіз бар. Әндеріңіздің басым бөлігі лирикалық деген едіңіз бір сұхбатыңызда. Бұл жанр неге жаныңызға жақын? Әлі де өлең жазасызба? «Жамбы өлең» дейтін көркемсөз байқауын ұйымдастырған екенсіз. Қазір ерекше бала­лармен жұмыс жүргізіп, жобаны сол бағытқа бұрдыңыз. Қай жоба көбірек жаныңызға жақын? 

– 2017 жылы «Жамбы өлең» деген жыр жинағы жарық көрді. Онда біраз өлеңім жинақталып шықты. Шыны керек бала­лармен көп жұмыс істегеннен кейін ба­лауса жүректерге тез жол табатын өлеңдер жазғанды жақсы жолға қойған сияқтымын. Бірақ осы жобаларға назарды көбірек аударып жібердім бе, қазір менде жазу деген кенжелеп қалды. Қарап отырсам, өлеңді көбіне қуанып отырғанда емес, жабырқау кездері жазады екенмін. 5 ұл-қызым, қолдау көрсетіп отырған жұбайым бар. Отбасындағы қиындықтың бәрін жолдасым екеуміз бірге көріп, атқарып, еңсеріп келеміз. Жолдасым қолдаудан ешқашан шет қалған емес. Сәбилерімізбен пәтерден пәтерге жүрген күндердің де өзіндік сабақтары болады. Қазір шүкір жағдайымыз дұрысталды. Өзің қалаған іске кіріссең бәріне үлгеруге болады. Өлеңді алдағы уақыттары жалғастырамын деп ойлаймын. Иә, шығармашылық кештерімді ұйымдастырып беріп жатқан мәдениет орындары, мектептер бар. Өлеңді жақсы көремін, жатқа айтпасам да оны оқығанды ұнатамын. Қазіргі ақындар­дан теріп, талдап оқимын. Ұлықбек Есдаулет, Бекарыс Шойбек, Қалқаман Сарин сынды белгілі ақындар өлеңдеріме оң пікір қалдырғанда әжептеуір марқайып қаламын. Дегенмен шығармашылықтан гөрі ерекшелігі бар балалармен жұмысқа көбірек бет бұрып кеткен сияқтымын. Алдағы уақытта екеуін қатар алып жүремін деп ойлаймын. Себебі әрі қарай шәкірт тәрбиелейтінім айқын. Шәкірттеріме кі­тап оқуды, өлең оқығанды насихаттаймын. Олардың да менің жобама қатысып, ойын жақсы ниетке бұруға бағдар бергім келеді. 

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы