Бүгінде дрон еріккеннің жетегіндегі құрал ғана емес, маңызды салаларда да кеңінен қолданыста таралуда. Тіпті, кейбір индустриялар дронның кесірінен жабылуға шақ. Технологияның шарықтап дамуы адамзаттың дрон дәуіріне қадам басып жатқанын көрсетеді. Дронның отандық салалардағы маңызын білу үшін мамандардан жауап алуға тырысқан едік.
Мұрат ТЕМІРЖАНОВ,
Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі:
Егін шаруашылығында рөлі зор
– Ауыл шаруашылығы – адамзаттың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ететін маңызды сала. Бұл салада зиянкестермен күрес және дақылдардың өнімділігін арттыру мәселесі үнемі өзекті болып қала береді. Дәстүрлі әдістер көбіне көп еңбекті, уақыт пен ресурсты талап етеді, ал агродрондар осы мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Олар дәлме-дәл егіншіліктің маңызды элементіне айналып, зиянкестермен күресті оңтайландыру арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Агродрондардың басты артықшылықтарының бірі – олардың жоғары дәлдігі. Дәстүрлі тәсілдермен салыстырғанда, дрондар белгілі бір аймақтарға нақты мөлшерде тыңайтқыш немесе пестицид шашуға мүмкіндік береді, бұл химиялық заттардың артық қолданылуын болдырмайды. Бұл өз кезегінде өнім сапасының жоғарылауына және топырақтың тозуын азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар дрондар оператордың араласуын азайтып, жұмыс күшіне жұмсалатын шығындарды қысқартады. Мысалы, үлкен егістік алқаптарын өңдеу үшін көптеген жұмысшы мен техникалық құралдар қажет болса, агродрондар бұл процесті бірнеше есе жылдам әрі үнемді жүргізуге көмектеседі.
Тағы айта кетсем, дрондар пестицидтер мен тыңайтқыштарды тек қажетті жерлерге себу арқылы артық химиялық заттардың табиғи ортаға таралуын шектейді. Бұл өзен-көлдердің ластануын азайтып, экожүйенің тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар агродрондар жер бедері қиын немесе қолжетімсіз аймақтарда да тиімді жұмыс істей алады. Таулы аймақтарда немесе батпақты жерлерде ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу әдетте қиындық тудырады, ал дрондар бұл процесті жеңілдетеді.
Агродрондардың тағы бір артықшылығы ретінде олардың мониторинг және бақылау мүмкіндіктерін ерекше атап өткім келеді. Олар өсімдіктердің жай-күйін қашықтан талдап, аурулар мен зиянкестердің таралуын ерте анықтай алады. Бұл фермерлерге жедел шешім қабылдауға және шығындарды барынша азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар агродрондарды басқа технологиялармен интеграциялауға болады. Мысалы, олар жасанды интеллект және үлкен деректерді өңдеу жүйелерімен үйлескенде, өсімдік ауруларының ықтималдығын алдын ала болжауға және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Аманжол ӘЛТАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
Малшылардың бейнетін жеңілдетеді
– Бүгінде ауыл шаруашылығында дрондарды қолдану тиімді деп есептеймін. Себебі, біріншіден, ауыл шаруашылығы техникалары жеткіліксіз. Екіншіден, қолданыстағы техникалардың әбден тозығы жеткен. Бұл, әсіресе шалғай ауылдар мен жайылым жерлерде үлкен мәселе тудырады. Біздің малшыларымыз төрт түлік бағуда көптеген қиыншылыққа тап болып жатады. Малын апталап жоғалтып, іздеп жатқандары да аз емес. Мысалы, жайылымнан ұзап, алты қырдан асқан жылқыларды табу үшін бірнеше күн уақыт кетеді. Әсіресе, солтүстік өңірлерде бұл қалыпты жағдайға айналған. Осындай сәттерде дронның көмегі өте маңызды. Заманауи дрондар жоғары сапалы камералармен және GPS жүйесімен жабдықталғандықтан, жоғалған малды тез анықтауға мүмкіндік береді. Бұл малшылардың уақытын үнемдеп қана қоймай, жанар-жағармай шығынын да азайтады.
Дронның тағы бір маңызды артықшылығы – қауіпті жағдайлардың алдын алу. Ауа райы қолайсыз кезде немесе қасқыр секілді жыртқыштар малға шабуыл жасаған жағдайда дрон арқылы жылдам әрекет етуге болады. Мұндай технологияның енгізілуі мал шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізеді.
Дрондарды мал шаруашылығында ғана емес, егін шаруашылығында да тиімді пайдалану қажет. Аграрлық саласы дамыған елдер бұл технологияны қолданысқа енгізу арқылы көптеген жетістікке жетті. Мысалы, іргедегі Қытайды алсақ болады. Онда дрондар егістік алқаптарын бақылауға, дән себуге, тыңайтқыш шашуға және зиянкестермен күресуге кеңінен қолданылады. Күнделікті әдістермен салыстырғанда, дрондар бұл процестерді жылдам, тиімді әрі шығынды азайта отырып орындайды.
Алайда дрондардың бағасы қымбат болғандықтан, оны кез келген шаруа қожалығы сатып ала алмайды. Сондықтан елімізде ауыл шаруашылығына арналған дрондарды өзіміз өндіруіміз қажет. Егер осы бағытта нақты қадамдар жасалса, алдағы уақытта әрбір өңірдегі шаруа қожалықтары дронды қолжетімді бағамен сатып ала алатындай жағдайға жетеміз деп сенемін. Сонымен қатар фермерлерге дрондарды қолдану бойынша арнайы оқыту бағдарламалары енгізілсе, бұл технологияны игеру жеңіл болар еді.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығында дрондарды пайдалану – уақыт талабы. Егер осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалансақ, жаңа нәтижелерге қол жеткізеріміз анық.
Әділет РАХМЕТОЛЛА,
дроншы, видеограф:
Дрон-такси жобалары қолға алынуда
– Соңғы жылдары елімізде дрондарға деген қызығушылық артып келеді. Жастар ғана емес, кәсіби операторлар, кәсіпкерлер мен ғалымдар да бұл құрылғылардың мүмкіндіктерін кеңінен қолдана бастады. Қазақстан әлем бойынша дронмен видео түсіруде алдыңғы қатарлы елдердің бірі деп санаймын. Себебі күн сайын әлеуметтік желілер мен ақпараттық платформаларда еліміздің көркем табиғаты мен сәулетті қалалары жайлы жоғары сапада түсірілген видеолар жиі таралады. Бұл – тек қызығушылық емес, сонымен қатар жаңа технологияларды игеру мен оларды түрлі мақсатта пайдалануға деген үлкен қадам. Дрондарды видео түсіру үшін ғана емес, түрлі салада қолдануға болады. Кейбір дамыған елдерде дрондар тамақ жеткізу қызметін де атқарып жүр. Мұндай технология әсіресе халық көп шоғырланған қалаларда өте пайдалы.
Болашақта дрондардың қолдану аясы одан әрі кеңейе түспек. Қазірдің өзінде дрон-такси жобалары қолға алынып, кейбір елдерде сынақтар жүргізіліп жатыр. Бұл технология әлі толықтай іске қосылмағанымен, жақын арада аспанға көтеріліп, жолаушылар тасымалдайтын дрондарды көруіміз ғажап емес. Бүгінде қолмен басқарылатын шағын дрондар ертеңгі күні көлік құралдарына айналуы мүмкін.
Технологияның қарқынды дамуы бізді дрондар дәуіріне бір қадам жақындатып отыр. Қарапайым ойыншықтан басталған бұл құрылғы бүгінде көптеген саланы революцияға ұшыратып, болашақтың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Алдағы жылдары дрондар күнделікті өміріміздің қалыпты құралына айналып, біз ойламаған жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Дастан МҰХАМЕДРАХИМ,
дроншы, видеограф:
Дронға байланысты тыйым көп
– Дрондар әуесқойлар мен кәсіби операторлардың арасында үлкен сұранысқа ие болып, елдегі аэрофото және видео түсірілімнің сапасын жаңа деңгейге көтеруде. Мен осы салада ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келемін және бүгінге дейін еліміз бойынша 700-ге жуық шәкірт тәрбиеледім. Бүгінде олардың барлығы жеке дрондарын иеленіп, кәсіби және шығармашылық бағытта белсенді түрде видео түсірумен айналысып жүр.
Алайда дронды заңды түрде пайдалану бірқатар қиындық тудыруы мүмкін. Қазақстан заңнамасы бойынша әрбір сатып алынған дрон міндетті түрде тіркелуі керек. Сонымен қатар белгілі бір аймақтарда видео түсіру үшін арнайы рұқсат алу талап етіледі. Ал бұл процеске ұзақ уақыт кетеді. Әсіресе, мен секілді кәсіби дрон операторлары үшін бұл едәуір қиын. Себебі дрон техникалық құрылғы болғандықтан, көп жағдайда істен шығып жатады. Әр жаңа дронды қайта-қайта тіркеу – уақыт жағынан тиімсіз.
Бұдан бөлек, Қазақстанда дронмен видео түсіруге қатысты заңнамалық шектеу көп. Кейбір қалалар мен аймақтарда дрон көтеруге мүлде тыйым салынған. Мұндай шектеулер кәсіби түсірілімдерге кедергі келтіретіні сөзсіз. Егер мұндай тыйымдар көбейе берсе, елдің туристік, мәдени әлеуетін насихаттауымыз қиындай түседі. Көптеген оператор белгілі бір көркем жерлерді түсірмек болғанымен, рұқсат ала алмауы немесе тыйым салынуы себепті бұл мүмкін болмай қалады.
Дрон индустриясы енді аяққа тұрғандықтан, шектеулер мен тыйымдарды азайтқан дұрыс деп ойлаймын.
Әсет ҚАЛИ