Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы мектеп жұмысшысының ағаш кесемін деп ажал құшқаны жұрттың жағасын ұстатты.
Ағаш кесемін деп ажал құшты
1,514
оқылды

51 жастағы техникалық қызметкер Талап Арунов мектеп ауласындағы ағашты бұтаймын деп құлап, көз жұмған. Ай-күннің аманында қаза тапқан қызметкерге қатысты оқиға әлеуметтік желілерде желдей есіп, қараша халықтың шағымын да туғызды. Оған себеп: көпшілік мектеп басшылығы қызметкерге жұмыстан тыс уақытта тал кескізіп, ал аудан­дық білім бөлімінің басшысы азамат қаза болып жатқанда той тойлап жүр деп шулауда.

Оқиға қалай басталды?

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, 30 қаңтарда Байзақ ауданы Дихан ауылының тірек мектебінің ди­рек­торы түнгі мезгілде мектеп қауіпсіз­дігіне жауап беретін қарауылды күндіз жұмысқа шақырып алған. Сөйтіп, оған мектеп ауласындағы талды кесуді тап­сыр­ған. Міне, осы талды бұтау кезінде қыз­меткер құлап, ажал құшып отыр. Желі қолданушыларының шамына ти­гені – мектеп жұмысшысы қаза болып жатқанда аудандық білім бөлімінің басшысы құда күтіп, той тойлап жүрген екен. Көңілді кештің қонақтары сол күнгі суреттерді өздері желіге салған. «Оқиға орнынан  көмек көрсетудің орнына мектеп дир­екторы да қашып кетті»  деген де ақпар тарады. Осылайша, шу шығарған желі қолданушылары еңбек инспекциясы мен құзырлы орган өкілдерінен қайғылы оқиғаны жіті тексеруді сұрады. 

Әрине, ажал айтып келмейтіні белгілі. Тас түскен жеріне ауыр болатыны да ақи­­қат. Алайда қайғылы оқиға желі қол­данушылары жазғандай өрбіді ме? Әлде бұқара білмейтін тұстары бар ма? Бұл сауалмен ең әуелі облыстық Білім басқармасына қайырылдық.  

«2025 жылғы 30 қаңтар күні Байзақ ауданы білім бөлімінің Дихан тірек мектебінің аумағында  адам өліміне әкелген қайғылы оқиға болды. Шаруашы­лық жұмыстарын орындау барысында мектеп қызметкері ауыр жарақат алып, көз жұмды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар Жамбыл облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшылығымен уәкілетті органдар және Байзақ ауданы­ның білім бөлімі өкілдерінің қатысуымен арнайы тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деп басқарма мамандары ресми жауаптың шеңберінен шыға алмады. Дәл сондай облыстық Полиция департаментінің есігін қаққанымызда да: «Ауылдық тірек мектебінің 51 жастағы мектеп жұмысшы­сы­ның қазасы бойынша ҚР ҚК 156-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Сот­қа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті сараптамалар жүргізілуде», – деп қысқа қайырды. 

Басшы «бүй» дейді, кінәні кімнен іздейді?

Құзыретті қос мекемеден де мардымды жауап ала алмағаннан кейін жұмысы сын тезіне алынған Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Ма­мыр­баевқа хабарластық. Басшы сырын айта­мын деп шынын айтты ма, белгісіз, әй­теу­ір оның сөзінен ұққанымыз, оқиға желісі мүлде басқаша өрбіген екен. 

– Қайғылы оқиға 30 қаңтар күні сағат түс­кі 14.30-15.00 уақыты шамасында бол­­ған. Сол күні жел тұрып, мектеп аула­­сында құлауға шақ тұрған қураған ағаш балалардың басына түсіп кетпесін деген қауіппен мектеп директоры оны жұмысшысына кестіруге тапсырады. Ол шаруашылық қызметкері түнгі мезгілде жұмыс істейтін қарауыл емес, аула сып­ырушысы болған. Яғни, тапсырма қыз­меткердің жұмыс уақыты кезінде беріліп отыр. Осы тұста тағы бір айта ке­терлігі, қыз­меткер талдың үстіне шығып, одан құлап қаза тапқан жоқ. Шаруашылық қызметкері технология пәнінің мұғалімі екеуі қураған ағашты жерде тұрып түбінен балталаған. Осы кезде жерге қарай қисайған ағаштың ас­тын­да көртешем қалып кетпесін деп ұмтылған марқұмның өзі талдың астында қалып кетіп отыр. Ағаштың бұтағы көк желкеден тиіп, ол қимылсыз қалған. Бұл­ жағдайды ести салып бірден бардым. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген мектеп директорының да жүрегі қысылып, қан қысымы көтеріліп тұр екен. Содан оны да жедел жәрдем көлігіне салып жібердік. Желіде жазып жатқандай, мектеп басшы­сы оқиға орнынан қашып кеткен жоқ. Оның өзіне де дәрігердің көмегі керек болды, – дейді Нұрболат Серікұлы.  

Аудандық білім бөлімінің басшысы «қаза күні той тойлап жүр» деп өзіне та­ғыл­ған айыптың да орынсыз екенін айтады. 

– Әлеуметтік желіде «Білім бөлімінің басшысы оқиға болғаннан кейін бірден еңбек демалысына шығып кетіпті»  деп сынап жазыпты. Бұл тұста айта кетейін, мен еңбек демалысына оқиғадан үш күн бұрын өтініш білдіргенмін. Белгіленген талап бойынша  үш күн бұрын өтініш жазуымыз керек. Яғни, мен 27 қаңтар күні еңбек демалысына арыз жазып, ол 30-ы күні мақұлданды. Осы күнге талай уақыттан бері күте алмай жүрген құдала­рым­ды шақырып қойған болатынмын. Еңбек демалысына туралаған шара бол­ғаннан кейін амал жоқ, құрмет көр­сетуіме тура келді. Байқасаңыздар, желі­де жүрген суреттің барлығы кешкі мезгілде түсірілген. Яғни, жұмыстан тыс уақытта. 

Бұл сөзімді базбіреулер ақталу деп түсінер. Алайда менің айтпағым, мектепте болған қазаға қатысты марқұмның жақындары да түсінік танытты. «Абайсыз­да болған ажал» деп ешкімге ешқандай айып таққан жоқ. Шағымдарын да біл­дір­меді. 

Әрине, жақыныңның қазасы кімге болса да оңай соқпайды. Бірақ бұл әдейі қол­дан жасалған дүние емес. Желіде жаз­ып жатқан көпшілік соны түсінсе екен деймін, – дейді бөлім басшысы.

Қара жамылған үйдің жанайқайы

Байқап тұрсақ, желідегі жазбаның бәрі бірдей шындыққа жанаспайтын секілді. Осыған дейін «талдан құлап қаза тапты» делінген жұмысшының шын мәнінде үстіне тал құлаған екен. Ол биік­тен емес, ағаштың астында қал­ғаннан ажал құшып отыр. Алайда  мар­құмның жақындары ешқандай шағым түсірмеді деген дүние ойға қалдырады. Олар абай­сызда болған ажал дегенге келіскен бе?     

– Ағам  өте ақкөңіл жан еді. Тірліктен ешқашан қашпайтын. Қандай жұмыс берсең де тиянақты атқаратын. Отбасы­мызда 6 перзент болсақ, ағам жалғыз ұл еді. Сондықтан бәрімізге қамқоршы болып жүрді. Кішкентай күнінен оны «Тайлақ» деп атап кеткенбіз. 

Қайғылы оқиға болған күні далада қар жауып тұрды. Мен де сол мектепте био­логия пәнінен сабақ беретіндіктен, аға­ма қатысты  жағдайды хатшы қыз қоңырау шалып, жеткізді. Ести сала алып-ұшып жеттім. Алдымнан шыққан Нұрболат ағай: «Қарындасым, талды мен кес деген жоқпын. Бұйрық берген мектеп басшысы болатын» деп шыр­қырады. Егер ағам арақ ішіп, көшеде қаң­ғып жүрген біреу болса «өзінен тап­қан ғой» дер едім. Алайда ағам ондай адам емес. Қар жауып тұрған күні «талды кес» деп басшылары тапсырған соң осы­ған барып тұр ғой. Әйтпесе, бәрі басқаша болар ма еді... 

Менің ендігі сұрайтыным – осы жағ­дай­ға кінәлілер лайықты жазасын алса екен деймін. Сонда бұл өзгелерге сабақ болар еді, – дейді марқұмның қарындасы  Толқынай Арунова.

Иә, тараптардың сөзі мен сұрауы –  осы. Енді кімнің ақ, ал кімнің жала айт­қанын тергеу амалдары анықтай жатар. Бір анығы – қазір  Қылмыстық кодекстің 156-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.  Бұл бапта еңбек қауіпсіздігі ережелерін ұйымдастыру немесе қамтама­сыз ету міндеті жүктелген тұлғаның заң­бұзу­шылығы, соның салдарынан абайсызда адам өліміне әкелгені үшін жауапкершілік қарас­тырылған. Аталған бапқа сәйкес, кінәлі азаматты белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен ай­на­лы­су құқығынан 3 жылға дейін айырып немесе 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Қазір осыған байланысты сараптама жұмыс­тары жүр­гізілуде. Ал оның қорытын­дысы қан­дай боларын уақыт көрсетеді. Ең өкініштісі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұ­мысшы маман­дықтарының жылы» деп жариялап, оларды қамқорлыққа алу қажеттілігі ай­тыл­ып жатқанда Жамбылда жұмысшы маманның көз жұмғаны жанға батады.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы