Сертификат – сор, кәсіпкер қор болмасын десек...

Сертификат – сор, кәсіпкер қор болмасын десек...
Өз кәсіпкерін қолдамаған мемлекетке өзгенің кәсіпкеріне қол жаюға тура келеді. Бұл тұрғыда бизнес те мемлекетқұраушы ұстындардың бірі.

Ал жергілікті кәсіпкерлікті қолдаудың қуатты құралы импорталмастыру болса керек. Елімізде ол «қазақстандық мазмұн» аталатын тетік арқылы жүзеге асырылады. Оның аясында өнімдердің отандық екенін СТ-КZ және индустриалдық сертификаттар растайды. Енді Үкімет олардан бас тартпақ. Өйткені бұлар алаяқтық мақсатында жиі қолданылады.

Триллиондар таратылып жатыр...

Қаржы вице-министрі Даурен Кең­бейілдің айтуынша, бүгінде мем­лекеттік сатып алулардағы қазақ­стан­дық мазмұнның еншісі 53-54%-ға жет­ті. Бұған мемлекет реттейтін бар­лық тендер – министрліктер мен әкім­діктерден бастап, бүкіл мемле­кет­тік мекемелердің, сондай-ақ ква­зи­мемлекеттік сектордың және «Са­мұрық-Қазына» тобының сатып алу­лары жатады. 2024 жылғы қаңтар-қыр­күйекте (одан бергі айлардың есе­бі әзір жарияланған жоқ) мем­ле­кеттік сатып алулардың жалпы көлемі 7,8 триллион теңгеден асқан. 

– «Самұрық-Қазына» қорының жұ­мысын атап өткен жөн: жергілікті үлес­ті 79%-ға жеткізді. Бірақ проблема бар. Импорттық тауарлар қазақ­стан­дық өнім ретінде жеткізіледі. Сон­дық­тан мәселені Үкімет басшысы, Өнер­кәсіп, Сауда министрліктері бақы­лауда ұстап отыр. Біз отандық тауар өндірушілердің реестрін енгізіп жатырмыз. Бұл тізілім СТ-KZ және ин­дустриалдық сертификаттарды ауыс­тырады, – деді Д.Кеңбейіл.

Қос сертификатты да «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы береді. Вице-министрдің ақпаратынша, был­тырғы жылы республикада шамамен 3 мыңдай СТ-KZ сертификаты мен 900 индустриалдық сертификат беріл­ген. Үкімет бұрын берілген серти­фи­кат­тарды алда тегіс қайта қарап, ірік­теп, сұрыптаудан өткізбек. Соның іші­нен «қазақстандық мазмұн» ата­ғына шын лайықтысын, нағыз отан­дық өнім өндірушіні іріктеп алып, жаңа тізілімге енгізеді. Дәурен Кең­бейіл­дің тұспалдауынша, СТ-KZ жә­не индустриалдық сертификаттарын жойып, орнын басатын жаңа тізілім 2025 жылдың наурызынан кейін іске қосылады. 

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрлігінің дерегінше, жер пай­даланушылардың сатып алула­рын­дағы «қазақстандық мазмұн» 61,4%-ға жетті. Қазақ жерінің қазына­сын молынан көсіп-қазып алып жат­қан инвесторлардың тауарларды, жұ­­­­мыстарды және қызметтерді сатып алуы­ның жалпы көлемі 2024 жылғы қаң­тар-қыркүйек аралығында 4,3 трил­лион теңгені құраған. Соның ішін­де қазақстандық жеткізушілердің үлесі 2,7 триллион теңге (61,4%). 

Былтыр жер қойнауын пайда­лану­шылар 783,5 миллиард тең­геге тауар сатып алған. Соның 36,5%-ы немесе 285,7 миллиарды отан­­дық компанияларға тиді. Олар был­тыр 1,6 триллион теңгеге түрлі жұ­мыс­қа тапсырыс берген. Соның 79,6%-ы немесе 1,3 триллион теңгесі жер­­­­гілікті орындаушылардың қанжы­ға­сына байланды. Бұдан бөлек, шет­ел­дік инвесторлар 1,9 триллион тең­ге­нің қызметін тұтынды. Оның 56,3%-ын немесе 1,1 триллион теңге­сін қа­зақ­стандықтар олжалады.

Өндірушінің шекесі шылқыды ма?

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бас­қар­ма төрағасы Нұрлан Жақыповтың дерегінше, еліміздегі ірі жобалар бойын­ша жергілікті қамтудың бол­жам­ды үлесі секторға қарай құбылып тұрады. Мысалы, көлік-логистика сек­торындағы жобалар бойынша бұл көр­сеткіш – 85%-ды, энергетикалық жо­баларда – 60%-ды, басқа жоба­ларда – 80%-ды құрады. 

Сондай-ақ 2024 жылы отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қолға алынған. Осы­ның арқасында отандық тауар өн­дірушілермен 1,1 триллион теңгеге шарт­тар жасалып, көлемі 2023 жылға қа­ра­ғанда 76%-ға өсті. 191 миллиард тең­геге офтейк-келісімшарттар бе­кі­тіл­ді, бұл 2023 жылдағыдан 10 есеге көп!

Сөйтіп, жоғарыдағы 7,8 триллион теңге мемлекеттік сатып алуды қос­қан­да, отандық компаниялар көл-кө­сір қазынаға кенелген көрінеді. Жер қой­науын пайдаланушылар да жер­гі­лік­ті компаниялар арасында 2,7 трил­лион теңгені бөліске салған. Бір қара­ғанда, қазақстандық мазмұн қомақты. Бірақ мұнда көзбояушылық басым көрінеді. 

Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің Техникалық реттеу және мет­ро­логия комитеті СТ-KZ нысанында­ғы тауардың шығу тегі туралы серти­фикаттарды беруде өңірлік кәсіпкер­лік палаталар бұзушылыққа бараты­нын мәлімдеді. Тиісті деректер ко­ми­теттің облыстық кәсіпкерлер пала­та­ларын тексеру барысында әшкере­леніп­ті. Ведомство ондай жағдайда өңір­лік кәсіпкерлер палатасы Әкім­ші­лік кодекстің 417-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылатынын, оның берген сертификатының күші жойы­латынын түсіндірді. 

Тауар туралы деректері бұр­ма­лай оты­рып, оның шыға­рыл­ған жері тура­лы сертификатты беру 30 АЕК (117,9 мың теңге) айыппұлмен жа­­за­ланады. Басқа ауыр жаза қарас­ты­­­рылмаған. Демек, егер сертификат беру жемқор­лық жолмен жүзеге асы­рыл­са, пара­қор бәрібір ұтады. Осы кез­де пала­та­ның үлкен жомарттықпен, шү­лен таратқандай сертификаттарды оңды-солды үлестіріп жатқаны байқа­ла­ды. 

– 2019 жылдан бүгінге дейін 51 625-тен астам СТ-KZ сертификаты бе­ріл­ген. Алайда сертификаттар беру­ге уә­кі­летті ұйымды тексеру қоры­тын­дысында тек 70 сертификат бойынша «Жал­ған өндіріс» (Лжепроизводство) дерегі ресми анықталды. Соның ішін­де 2-еуі – прокурорлық талап бойын­ша әшкереленді, – деп хабарлады Тех­никалық реттеу және метрология ко­митетінің сарапшылары. 

Онда сертификаттардың басым бө­­лігі шын мәнінде отандық өнім шы­­ғаратын жергілікті өндірушілерге беріл­ген болды ма? Сарапшылар бұ­ған күмән келтірді. Себебі мемлекеттік сатып алуларға қатысатындар жет­кізе­тін өнімінің «таза қазақстандық» екенін айғақтайтын сертификаттарын қоса ұсынады. Өндіріс орнына барып, қанша және қандай өнім шығаратыны тура­лы анық-қанығын бі­ліп жүруге уәкілетті орган­дардың мүмкіндігі жоқ. Мысалы, «Бизнес-анали­тик» де­­­­рекқор сер­ви­сінің мәліметі бойын­ша Тех­ни­калық реттеу және мет­ро­ло­гия комитеті­нің штат­тық саны 40 адамнан ас­пайды.  

– СТ-KZ сертификат­та­ры­ның шын-жалған­дығын айқындау күрделі. Өйткені уәкілетті орган­ның сертификат иесінде Қа­зақстан ау­ма­ғында тауар өндіруге арналған өн­діріс­тік объектісі мен жаб­дығының жоқ­тығын дә­лелдеу мүмкіндігі тым шек­­теулі. Тіпті, жария болған бұзу­шы­лық­тар фактілері бойын­ша мем­ле­кет­тік бақылау жүр­гізу үшін өндіріс­тер­ге бару мүм­кін­дігі жоқ. Осыған бай­ла­нысты бұ­рын берілген серти­фи­кат­тар­дың жал­пы санының тек 0,1%-ы жойыл­-ды, – деді комитет сарап­шы­лары. 

Көзбояушылық кернеп тұр

Бұл жерде қайшылық туын­да­ған. Заң бойынша уәкілетті ор­ганда сертификаттар беретін ұлт­тық кәсіпкерлер палатасын да, сарап­та­ма ұйымдарын да тексеруді жүзеге асыру құзыреті бар. Соған қарамастан, дәл қазір оның өндіріс орындарына бару бойынша құзыры жоқ. 

коллаж: Елдар ҚАБА

Салдарынан, ресми статистикалық де­ректерге сәйкес, 2018 жылдан бас­тап, 2023 жылды қоса алғанға дейінгі 5 жылдық кезеңде өңірлік кәсіпкерлер па­латалары мен сараптама ұйымда­ры­на бар-жоғы 42 тексеру жүргізілді. Соның көпшілігінде, 66,7%-ында бұзу­шылықтар әшкереленген: 42-нің 28-інде теріс жағдайлар анықталды.

Нәтижесінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 417-ба­бы бойынша барлығы 41 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде ҰКП-ға қа­тыс­ты – 8, сараптама ұйымдарына қа­тысты – 8, тауардың шығу тегі жө­нін­дегі сарапшыларға қатысты – 25 іс ашылған. Оларға айыппұл салынды. Қорытындысында, тауардың шығу тегі туралы 51 сертификат жойылды.

Масқарасы сол, құзырлы орган­дар­дың қолдарын мезгілінен кеш сер­меуі кесірінен, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты «алаяқтыққа» бар­ған 12 субъектіні – 9 өңірлік кәсіп­кер­лер палатасын, 3 сарапшыны әкім­шілік жауапкершілікке тарту мүм­кін болмапты.

– Отандық өндіруші аталып, сер­ти­фикат иеленген кейбір компания шы­нында бүкіл өнімін шетелден та­сиды. Осындай «жалған өндірістің» тө­бе шашты тік тұрғызатын сорақы фактілерінің бірі – Алматы қаласында «өндірілетін» сүтке СТ-КЗ сертифи­ка­тын беру болды. Шын мәнінде, ол ком­панияның елде еш өндірісі бол­ма­ған. Бұл компания әлгі сертификат негізінде еліміздің ең ірі мегаполисінің балабақшаларына сүт жеткізуге ар­нал­ған тендерлерді ұтып алды, – деп хабарлады Техникалық реттеу және метрология комитеті.

Оның дерегінше, сондай-ақ LG те­ледидарларын, глюкометрлерді, транс­форматорларды, аккумулятор­ларды және басқаларын республикада локализациялау бойынша көзбояу­шы­лыққа жол берілген. Олардың бәрі отан­­дық өнім ретінде СТ-KZ серти­фи­­каттарына қол жеткізіпті. Шынын­да Қазақстанда жасалмаған болып шықты. 

Бас прокуратураның талабымен сертификаттар беруге негіз бол­ған құжаттар жиынтығына кең ауқымды тексерулер жүргізілді. Өнім­нің не қызметтің «Қазақстанда жа­сал­ғанын», ал оның иесінің – отандық өн­діруші екенін растайтын СТ-KZ сертификаттарын таратудағы масқара тір­ліктердің, біраз былықтың беті ашыл­ды. Мысалы, сертификаттар тіп­ті өндіріс орнын және оның кон­вейе­рінен шыққан дайын тауарды фо­то­фиксациялаусыз бере салынған. Кей жағдайда деректер фальсифи­ка­цияланған, «өндірістік объектінің болуын растайтын» қолдан жасалған құ­жаттар қолданылған. Мұның сыр­тын­да, жалған анықтама немесе өнді­ріс­тің есептік нөмірі берілген. 

Дайын тауарлар көлемінің өті­ніш­те келтірілген шикізатқа сәйкес кел­мей­тін фактілер белгілі болды. Яғни, сарапшылардың түсіндіруінше, әлде­бір фирма қажетті өндірістік желіні, жаб­дықты сатып алады. Одан тиісті тауарлардың шағын партиясын шы­ғарады. Тиісті сертификатты иеленген соң ол желі қаңтарылып тұрады, әрі қарай тауар толығымен шетелден та­сы­лады. Сондықтан компанияның шы­ғарған өнімі оның соны жасау үшін сатып алған шикізатынан ғала­мат есе асып кетеді. 

Жаңа миллиардер қай елде туады?

Осы саланы жайлаған көзбояушы­лықты құп көрмегені болса керек, жуыр­да «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының басшысы Райымбек Баталов журналистерге сұхбатында CT-KZ сертификаттары өзектілігін жойғанын жария етті. 

– Сертификаттар кәсіпкерлердің ерік­ті өтініштері негізінде беріледі. Алай­да сертификаттардың тізілімдері барлық саладағы отандық өндіру­ші­лер­ді толық қамтуды қамтамасыз ет­пей­ді. Сол себепті қазір Үкіметпен бір­ге Қазақстанда шығарылған тауар­лардың жаңа реестрін түзу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ҰКП бас­шы­сы. 

Райымбек Баталов жай алмастыра салумен, процестерді цифр­лан­дыру­мен іс бітпейтініне екпін түсірді. Не­гіз­гі міндет – «елішілік құндылық үле­­­сін» (ЕҚҰ, «қазақстандық мазмұн­ның» қазіргі баламасы) есептеудің әділ әдістемесін енгізу. Кәсіпкерлік қауым­дастық оның жобасын Үкімет­тің қарауына енгізіпті. 

Бұл әдістеменің мақсаты – жалған өндірушілердің, яғни отандық өндіру­ші терісін жамылып, Ресей, Қытай тауарын импорттаушылардың жаңа реестрге еніп кетуін болдырмау, отан­дық өндірушілерді басымдықты қол­дау, өндірістердің Қазақстанда лока­лизациялану деңгейін арттыру. Ол үшін Р.Баталовтың пікірінше, ЕҚҮ-ні есептеудің тиімділігі мен айқынды­лы­ғын қамтамасыз ететін 3 міндетті өл­шем­шарт-критерий қолданылуға тиіс. 

Біріншіден, отандық өндіруші­лер­дің жаңа тізіліміне кіргісі келетін­дер­ден тауарын өндіру процесінде қазақ­стандық шикізатты пайдалану талап етілгені жөн. Екіншіден, Қазақстан территориясында технологиялық опера­цияларды орындайтын өндіріс орны, кәсіпорны болуы қажет. Үшін­шіден, жұмысшысы барын (БЖЗҚ-дағы шоттан көшірме арқылы), са­лық­тарды және коммуналдық қыз­мет­терді төлейтінін растауы керек. Мы­салы, тек офисі үшін ғана комму­нал­дық ақы төлесе, онда елімізде еш­қандай зауыты, тіпті цехы да жоқ де­ген сөз. Бірақ мұның бәрі әзірге ұсы­ныстар ғана. Талқылау жалғасты. 

Қалай болғанда, мемлекеттің, ұлт­тық компаниялардың және жер қой­науын пайдаланушылардың ұшан-теңіз триллиондары таратылатын тен­дердің қызығы мен игілігін бірінші ке­зек­те отандық өндіруші көргені аб­зал. Мысалы, Президент басымдық бер­ген, Үкіметтің ерекше бақылауын­да тұрған алып 44 инвестициялық жо­ба қолға алынып жатыр. 

Мұнай-газ, мұнай химиясы, энер­гетика, көлік-логистика және тау-кен секторларындағы аталған жобаларға жалпы көлемі 28,8 триллион теңге қаржы шығындалмақ. Оның бәрі шет­елге кетпей, елде қалса, ұлттық биз­нес ортасынан қаншама жаңа мил­лиардер шығар еді. Үкімет пен палата елішілік құндылық үлесін ілгерілете алмаса, онда Қазақстанның бюджеті ар­қа­сында Қытайда, Ресейде және бас­қасында жаңа миллиардерлер пай­да болады.

Айхан ШӘРІП