Бас ауырып, балтыр сыздағанда көпшіліктің дертіне шипа іздеп, сандалатыны рас.
Жұрт әбігер, жетіспейді дәрігер
коллаж: Елдар ҚАБА
439
оқылды

Мемлекеттік емдеу мекемелерінде білікті дәрігерлердің жеткіліксіздігінен ақылы емдеу мекемелерінің табалдырығын тоздырып жүрген халықтың қарасы көп. Бар тапқан-таянғанын жаны мен тән саулығы үшін, міндетті медициналық сақтандыруға жалақысынан жырмалап ай сайын жарна төлеп тұрса да, ақылы медицинаға  жүгінуге мәжбүр. Басқа амалы да жоқ.  Түйткілді мәселе көптен бері талай мінберден көтерілгенімен, тоң болып қатқан мәселе жіби қойған жоқ. Керісінше, жыл санап қалыпты әрі үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай көрінеді... 

Елорданың тап ірге­сінде ор­на­ла­сып, «аста­налық» об­лыс аталғанымен, Ақмола об­лы­сын­да да ақ халатты абзал жан­­дар аса тапшы. Жергілікті әкімқаралар­мен кадрдың жет­кі­лік­­сіздігін ше­шу­ге бағытталған ұм­тылыстар бол­ғанымен, «баяғы жартас сол жартас» күйі қал­ған.  Жер­­гілікті бюджет қоржынынан болашақ дәрігер ма­­мандарын оқытуға бөлінген грант­тар бірнеше жыл­дың жүзі болға­нымен, өңірдегі кадр тапшылығының түйінін тар­қата алар емес. 

Бос жұмыс орындары жарияланатын Enbek.kz порталында да басқа салаларға қарағанда медициналық кадрлардың жет­іс­пеушілігі аса басым. Күні бүгінге дейін 133 бірдей арнайы сала дәрігерлеріне сұра­н­ыс бар екені тайға таңба басқандай көр­сетілген. Салдарынан дертіне дәру із­деген жұрт апталап, тіпті айлар бойы сар­ы­ла кезек күтетіні де ақиқат. Мұның өзі мүмкіндігі мол кадрлары «жеткілікті» са­на­латын қаладағы жағдай. Ал облыс және аудан орталықтарынан әлдеқайда шалғайда жатқан ауылдардың жайы  бұдан да мүшкіл екені айтпаса да түсінікті. 

Жыл санап аудандарда жаңа медицина­лық мекемелер салынып  та жатыр. Дерек­терге сенсек, облыс аумағында 38 медицина­лық мекеме пайдалануға беріліп, тағы екі ауданаралық ауруханалар кеңейтіліп жатыр. Сондай-ақ облыс орталығында бюджеттің миллиардтаған доллар қаражаты жұмсалаты­ны белгілі болған аймақаралық алып ауру­хананың құрылысы бой көтермек. Әлеуметтік желілер арқылы да талай кө­тер­ілген бұл аурухананың бәрін білікті кадрлармен қалай толтырады деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз. 

Түйткілді мәселе облыстың қоғамдық кеңе­сінде өткен жиында тағы бір мәрте ашық көтерілді. Облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасының дерегінше, өңірге жұмысқа келген дәрігерлерге біржолғы көтерме ақының құны қазір біршама өс­кен. Жаңа кадрлар қалада  5 миллион, ал ауылдарда 8,5 миллион теңгеге дейін ал­мақ. Бұған қоғамдық кеңес мүшелері бір­ауыздан қолдау білдірді. Бірақ бұл орайда мемлекеттік қолдаумен келген ақ халаттылардың қаражатты қаншалықты адал жұмсап әрі өз міндетін орындап жат­қаны кеңес мүшелері тарапынан қызу пік­ір­талас тудырды. Өйткені, расында да аймақта  мемлекет қаржысының түрлі қитұрқы жолмен талан-таражға түсу факті­лері жетіп артылады. Сондықтан мемлекеттік қолдау қаржысының қалай жұмсалып жат­қаны да жіті назар аударуды қажет етеді. 

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының жаңа орынбасары Серік Омар­хановтың айтуынша, аймақта 190 түрлі сала дәрігерлері жетіспейді. Басқарма бас­шылығы осындай факт келтіргенімен, қоғамдық кеңес мүшесі, белгілі дәрігер Серік Кәкенов бұл санды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның айтуынша, өңірде дәрігерлер тапшылығы аталған саннан бес есе жоғары. 

«Қазір өңірде дәрігерлер 2-3, тіпті одан да көп жерде бір мезетте жұмыс істейді. Бұл жерде медициналық қызметтің сапасы туралы не айтуға болады? Біздің дерек бой­ынша облыста бүгінде 976 дәрігер тапшы. Сондай-ақ 1 974 орта медициналық персонал жетіспейді. Тек облыстық көп­бей­інді аурухананың басшысы Нұрлан Жаровқа  100 дәрігер жетіспейтін шығар. Ал әкімшілік мұны қалай жауып отыр? Ол­ардың дерегінше, 199 дәрігер. Мен штаттық кестені толықтай анықтап қарап шықтым. Штаттық кесте бойынша бәрі дұрыс болғанымен, іс жүзінде дәрігерлердің саны екі есе аз. Дәрігерлер бірнеше қызметті қоса атқарады. Медициналық қызметкердің жұмыс көлемі 1,5 мөлшерлемеден аспауы керек. Ал бізде 4,5, тіпті тоғыз лауазымды қоса істеп жүрген дәрігерлер жетіп артылады. Бұдан кейін медициналық қызметтің сапасы туралы не айтуға болады? Міне, осы­ны жөнге келтіру керек», –  деп атап өтті Серік Кәкенов. 

Мұнымен қатар жиын барысында мемлекетпен берілетін бірреттік көтерме 5 миллион теңге қаржыны басқа облыстан алып, оны толық атқармастан басқа аймақ­қа орналасып алғандар, сондай-ақ жұмысқа орналаса салып, үш жыл декреттік демалыс­қа шығып, міндеттелген жүктемені орында­ма­са да қаражатты алып жатқандар жайлы өткір мәселелер көтерілді. 

Облыстық Денсаулық сақтау басқарма­сы­ның мәліметінше, кадр тапшылығын шешу мақсатында облыс бюджетінен  резидентурада оқып білім алу үшін 35 грант бөлінеді. Сондай-ақ жоғары оқу орын­дарында да «жалпы медицина» ма­ман­дығына 50 грант қарастырылған. Соңғы төрт жыл ішінде ғана аталған гранттар бойынша 133 адам білім алған. Бекітілген келісімшарттарға сәйкес бұл гранттармен білім алған түлектер өздерін қаржыландыр­ған өңірге оралып, үш жыл жұмыс істеуге тиіс деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде 133 маманның тек 107-і ғана сол өңірге орал­ып жұмыс істеген. Яғни, жұмсалған қаражаттың тағы да бақылауға алынбай, желге ұшқаны мәлім болды. 

Аудан әкімдіктерінің, жекелеген ком­пания­лар мен облыстағы медициналық ұйымдардың қаржысына оқыту мәселесінде де олқы тұстар көп. Мәселен, 2013 жылдан 2024 жылдар аралығында ғана осындай жобалар шеңберінде 64 адам білім алса, соның бүгінде тек 39-ы ғана жұмыс істейтін болып шықты. Олардың сегізі резидентурада білімін жалғастырған. Қалғаны қайда екені беймәлім. 

коллаж: Елдар ҚАБА

Сананы тұрмыс билеген заманда жас мамандардың кейін белгілі талаптары бар қаражатты іс жүзінде орындамай, уақыт өткен сайын құнсызданып жатқан қаражатты кері қайтара салып, жалақысы жоғары  елордаға қарай тартып кеткен оқиғалар да жетіп артылады. Өйткені жалақысы жоғары қызметте алған қаражатты аз уақыт ішінде қайтара салу түкке тұрмайды. Бұл орайда тұтас елдің оған сенім артып, үлкен үміт күткені туралы айтудың өзі артық сияқты. 

Келісімшартқа сәйкес медицина сала­сында арнайы бөлінген грант бойынша оқы­ған жас маман үш жыл жұмыс істеуге мін­детті. Бала күтіміне байланысты демалысқа шықса немесе резидентураға оқыса үш жылдық міндеттемеден боса­тылады. Жастардың бойындағы жауап­кершілікті арттыру үшін жұмсалған қара­жатты екі есе өтеу талап етілген жағдайда бас­қаша болар ма еді. Бұл мәселені Ден­сау­лық сақтау министрлігімен келісіп заң­да­стыру қажет деп ойлаймын. Кадр мәселесіндегі күрделенген күрмеуін шешу үшін осындай қадамға бару керек деп санаймын, – дейді Ақмола облысы Денсау­лық сақтау басқармасы кадр бөлімінің бас­шысы Динара Баймағамбетова БАҚ өкілдеріне берген жауабында.

Яғни, мәселені тағы бір таразыға салып көрсек, жергілікті атқарушы органдар бөл­ген грант жүйесі іс жүзінде кадр мәселе­сін шеше алмайды. Түйткілдің түйіні тар­қа­тыл­мағандықтан, қаржыландырудың көлемі де жыл санап құлдырай бастаған. Облыстық Денсаулық сақтау бас-қармасының дерегінше, қазір жергілікті әкімдіктер мен медициналық ұйымдардың қаржысына 74 болашақ дәрігер ғана білім алып жатыр. Биыл 24 маман оқуын тәмам­дап, бекітілген жұмыс орындарында жұ­мыс­қа кірісуге тиіс. Сондай-ақ 2026 жылы тиісінше 14 және үш, 2027 жылы тек жеті жал­пы тәжірибедегі дәрігер және бір тіс дәрігері, 2028 жылы тек төрт дәрігер диплом алады. Яғни, кадр тапшылығы екі жылдан кейін тіпті өткір күйге түсетіні бірден бай­қалып отыр.

Медициналық кадр тапшылығының тым күрделенген жайын біршама тереңірек білетін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жоғары медицина мектебінің директоры Светлана Мұрат­бек­о­в­аның айтуынша, статистикалық көрсеткіш облыстағы ахуалды айқын аңғарта алмайды.

– Аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен үнемі пікірлесіп, хабар алып тұрамын. Жағдай мүлде алаңдатарлық. Әсіресе, Атбасар, Степногорск қалаларында аудандық және қалалық ауруханаларда жағ­дай өте күрделі. Бұл ауруханаларда қазір ұлттық жобаға сәйкес кеңейту жүргіз­іліп жатыр. Сирек мамандықтар тұрмақ, кәдімгі жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің өзі жетіспейді. Оны айтасыз, учаскелерде науқастарды қабылдайтын дәрігер де жоқ. Бас дәрігерлермен сөйлесе қалсаңыз, ма­ған төрт маман емес, сегіз маман керек дейді. Демек, нақты жағдайды көз алдыңызға елестетудің өзі қорқынышты. Біздің түлектеріміз – жалпы тәжірибедегі дәрігер­лер. Әзірге нақты салалық мамандарды дайындап жатқан жоқпыз. Міне, осындай уәж айтсаң, амалы құрыған аудандық аурухананың бас дәрігерлері бізге маман болса болды дейді. Ереже бойынша әрбір учаскеде дәрігермен бірге үш орта буын медицина қызметкері болуы керек. Мұндай толық штат аудан түгіл қазір облыс орта­лығының өзінде жоқ. Сондықтан менің есебімше, кемінде, 600-700 маман жетіс­пейді, – дейді Светлана Мұратбекова.

Жоғары медицина мектебі директоры­ның айтқанын айғақтайтын аса өткір фактінің бірі – өңірде дипломсыз интерн студенттердің өзі Көкшетау қаласындағы жекеменшік емханаларда емін-еркін жұ­мыс­қа кіріскен. Олар науқастарды қабылдап, ем-дом белгілеу құқына да ие болған.

– Көкшетау университетінің медицина факультеті 2018 жылы ашылған. Биыл алғашқы 104 жалпы тәжірибедегі дәрігер жол­дама алады. Қазір оларға ауылдағы денсаулық сақтау ұйымдарына аса қажет болып, күнара өздеріне келуін сұрап ха­барласып жатыр. Бірақ мұның өзі аймақтағы кадр тапшылығындағы түйткілді шеше алмайды, – деп толықтырды Светлана Қабыкенқызы. 

Светлана Қабыкенқызының айтуынша,  университетте білім алып жатқан биылғы түлектердің 11-і аудандық әкімдіктердің гранты арқылы білім алса, 46-сы облыс әкімінің гранты бойынша оқып жүр. Бір алаңдатарлығы, жергілікті атқарушы ор­ган­дардың гранты арқылы білім алатын студенттердің саны жыл сайын азайып кет­кен. Былтырғы оқу жылында 50 грант бөлінгенімен, екі-ақ студент оқуға түскен. Яғни, тегін оқуға беретін студенттің өзі қас­қалдақтың қанынан қат болғанға ұқсайды.

 

P.S. 

Қалай дегенмен де аймақтағы медициналық кадрлар тапшылығын шешу үшін бірінші кезекте жас мамандардың жауапкершілігін арттыруға бағыттайтын шаралардың қажеттігі сезіліп тұр. Екіншіден, медициналық ұйымдар мен құзырлы органдардың іс жүзінде шынайы картинаны қоғамнан жасырмай, дәрігерлердің бірнеше жерде жұмыс істеуін ретке келтірмесе мәселе одан әрі ушыға бермек. Сондықтан басты байлыққа арашашы болар мамандар мәселесін тағы бір мәрте таразыға салған жөн болар...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы