Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс қызметтерін көрсету, мемлекеттік сатып алу, көлік және пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, – дейді Aikyn.kz сайты.
Ең алдымын, бірінші сөз еткен құжатқа тоқталайық. Аталмыш құжат пошта операторларының қызмет аясын кеңейтуді көздейді. Егер нақтылай түссек, пошта жөнелтілімдерін үшінші тұлғаларға пин-код арқылы беру мүмкіндігі енгізіледі, сондай-ақ пошта арқылы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тасымалдауға және сақтауға рұқсат беріледі. Бұдан бөлек, почтоматтарды орналастыру тәртібі нақтыланып, «пошта жәшігі» ұғымы алынып тасталады.
Аталған заңның қабылдануына "AMANAT" партиясы бастамашы болды. Партия мүшелері бұл құжаттың халық үшін аса маңызды екенін айтады әрі заңнамалық өзгерістердің енгізілуін қолдады. «AMANAT» партиясы әлеуметтік әділеттілік пен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді.
Бұл заңдардың қоғам үшін маңызы зор. Олар пошта, көлік, мемлекеттік қызмет көрсету және ақпараттық қауіпсіздік салаларында жаңа мүмкіндіктер ашып, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған. Заңның қабылдануы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, цифрландыру үрдісін одан әрі дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл өзгерістер халықтың күнделікті өмірін жеңілдетуге, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және экономикалық дамуға серпін беруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұл заң еліміздің мәдени және білім беру салаларында маңызды реформаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Заңның негізгі мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін одан әрі нығайту және дамыту. Осы мақсатта Ұлттық сөздік қор мен Ұлттық тіл корпусы құрылып, қазақ тілінің лексикалық қоры жүйеленеді. Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде қазақ тілінің үлкен тілдік моделі (LLM) әзірленеді. Бұл модель тілдің дамуын жаңа деңгейге көтеріп, цифрлық кеңістікте қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтеді. Осы бастамаларды жүзеге асыру үшін арнайы ұйым белгіленіп, ғылыми-зерттеулер жүргізілмек.
Білім беру саласында да маңызды өзгерістер енгізілді. Халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына қазақстандық жоғары оқу орындарына гранттар бөлу қарастырылып отыр. Сонымен бірге «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасы аясында бакалавриат деңгейінде оқу мүмкіндігі енгізіледі. Бұл іс-шаралар дарынды жастардың білім алуға деген құлшынысын арттырып, олардың халықаралық деңгейдегі жетістіктерін қолдауға бағытталған.
Тәлімгерлік институтын жетілдіру де заңның басты міндеттерінің бірі екені анық. Балалардың құқықтарын қорғау, тәлімгерлерді оқыту және олардың қызметін ынталандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осылайша, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау бойынша нақты тетіктер енгізіледі. Бұған қоса, заң білім беру саласындағы уәкілетті органның бірқатар құзыреттерін нақтылайды. Бұл білім беру жүйесінің сапасын арттырып, басқару механизмдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жаңа заңның қабылдануы Қазақстанның мәдениеті мен білімін дамытуға үлкен серпін бермек. Мемлекет тарапынан қазақ тілін қолдау, дарынды жастарды ынталандыру және тәлімгерлік жүйесін жетілдіру бағытында жасалып жатқан бұл қадамдар қоғамның рухани және интеллектуалды әлеуетін арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз.