Қазақстанда екі, тіпті үш ауысымда оқитын мектептер проблемасы түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Әсіресе, Алматы, Астана, Шымкентте үш ауысымда оқитын мектептер әлі де бар.
Оқушыларды таңнан кешке дейін оқытсақ білім сапасы арта ма? – математиктің жауабы
Фото: istockphoto.com/ru
7,964
оқылды

Мектептегі орын тапшылығы білім сапасына да кері әсер етеді. Бұл проблема жайында математик ғалым Манат Мұстафа Aikyn.kz сайтының журналисі Алтынбек Мерсадыққа  берген сұхбатында айтты.    

Манат Мұстафа – математика саласындағы ғалым. 2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде математика мамандығы бойынша Ph.D дәрежесін қорғаған. Қазіргі уақытта Назарбаев Университетінің математика кафедрасының ассистент профессоры болып қызмет атқарып келеді. 

«PISA рейтингін талқылау орынды, бірақ біз өзімізді Қытай немесе басқа дамыған елдермен тікелей салыстырғанда абай болғанымыз жөн. Қытайдың 1,5 миллиард халқы бар, білім беру жүйесі қатаң іріктеуге және жоспарлауға негізделген. Бұл олардың жоғары көрсеткіштеріне ықпал етеді. Дегенмен Қытайдың өзі соңғы кездері мектеп бағдарламалары мен олимпиадалық дайындық, немесе бітпейтін қалың жарыстарға сын көзбен қарай бастады. Олар балаларға тым көп жүктеме салудың тиімсіз екенін түсініп, өзгерістер енгізіп жатыр.

Қазақстан жағдайында білім жүйесін жақсарту үшін өз мүмкіндіктерімізді ескеруіміз керек. PISA нәтижелері әр елдің білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне тәуелді екенін де естен шығармау керек. Еуропа елдерінде, мысалы, білім мен демалыстың тепе-теңдігіне ерекше көңіл бөлінеді. Біздің оқушылардың математикалық қабілеті Қытайдан әлдеқайда төмен деп айта алмаймыз. Дарынды балаларымыз көп, бірақ олардың мүмкіндіктерін толық ашуға жұмыс істеу керек.

Мәселен, үш ауысыммен оқитын мектептерде білім беру сапасын арттыру қиын. Қытайда математика күн сайын екі рет оқытылса, біздің де бір ауысымдық мектептерде осындай жүйені енгізу арқылы нәтиже жақсартуға болады. Пәндерге көбірек уақыт бөліп, тиімді оқыту әдістерін қолдансақ, оқушыларымыздың білім деңгейі әлдеқайда жоғары болар еді.

Оған қоса, біздің мектеп бағдарламасындағы балалардың математикалық қабілеті Қытайдан кем болып тұр деп айта алмаймын. Маған бір жағынан сол PISA рейтингіне қай мектептер қатысқаны қызық болып тұр... Әйтпесе, бізде математиканы мықты меңгерген дарынды балалар көп қой.

Жарайды, оны былай қойғанда, бізде, мәселен, әлі де ауысыммен оқитын мектептер бар. Біз ондай мектептерге қандай «шарт» қоя аламыз? Жаңағы Қытай мектептерінде, математика кей күніндері 2 рет оқытылады. Егер біз қазақстандық оқушыларды да таңғы сағат сегізден кешкі алтыға дейін оқытсақ, олар да сөзсіз, жоғары нәтижеге жетеді. Егер бізде бір ауысыммен оқытатын мектептер болса, онда математика немесе басқа пәндерге көбірек уақыт бөлініп, сабақ кем дегенде екі рет өтсе, балалардың білім деңгейі де жоғары болар еді», – дейді ғалым Манат Мұстафа.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден арқылы оқи аласыз.  Бұған дейін «Басқа облыстарды айтпағанда, бас қаламыз Астананың өзінде балабақша жетіспейді» деген мәселені жазған болатынбыз.