Облыс бойынша картоптың бағасы 150-ден 300 теңгеге дейін, ал бөлшек саудада тұрақтандыру қорынан алынған картоп 150-154 теңгені құрайды.
Картоп бағасына мониторинг жүргізіліп, жуылған картоптың бағасы 421 теңге екені анықталған
Фото: gov.kz
917
оқылды

Қостанай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өңірде картоп бағасына мониторинг жүргізді, нәтижесінде тауар құнында елеулі өзгерістер анықталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, 2025 жылдың 13 ақпанында өңірдегі супермаркеттердің бірінде жуылған картоптың бағасы 421 теңгені құраған.

Мониторинг барысында бағаның өсуі өндірушінің сату бағасының өсуіне байланысты болғаны анықталды. Сонымен қатар, 2024 жылдың 4 тоқсанында сататын картоп бағасына талдау жүргізілді, бұл 2024 жылдың қарашасынан желтоқсанына дейін сату бағасының 31,6%-ға өскенін көрсетті. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша картоптың бағасы төмендетілді.

Мониторинг барысында бір өнімге әртүрлі бағаларды қолдану жағдайлары да тіркелді. Осы фактілер бойынша Департамент талдау нәтижелерін Қостанай облысы бойынша БҚДА-ға жолдады. Бұл орайда монополиялық жағдайды теріс пайдалану және негізсіз жоғары бағаларды белгілеу мүмкіндігін тергеу ұсынылды.

2025 жылдың басынан бастап Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті делдалдарды анықтау бойынша 10 өңірлік комиссия өткізді, оның барысында ӘМАТ-қа 15% сауда үстемесін бұзған 29 кәсіпкер анықталды. Олардың 7-і картоп саудасымен айналысады: біреуіне айыппұл салынды, алтауына ескерту берілді.
Қостанай облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ақпараты бойынша, бүгінгі таңда облыста картоп қоры 12 128,3 тоннаны құрайды, бұл өңір халқының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.