Жобаға салынған инвестиция көлемі 80 миллион теңге.
«Жайық» футбол клубы құрылды
Фото: istockphoto.com
517
оқылды

Батыс Қазақстан облысында «Жайық» жаңа футбол клубы құрылды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz облыстың  Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Клубтың құрылтайшылары кәсіпкерлер Дамир Калаков пен  Асылхан Сапиев. Жобаға салынған инвестиция көлемі 80 миллион теңге, оның ішінде 65 миллион теңге бұрынғы «Ақжайық» ФК ойыншылары мен жаттықтырушыларына еңбекақы бойынша қарызды өтеуге бөлінсе, 15 миллион теңге екінші лигада ойнауға лицензия алуға жұмсалады екен. Жаңа клубтың басты мақсаты «Жайық» футбол клубы өңірдегі футболды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды қолға алу. Негізгі басымдық балалар мен жасөспірімдер футболын жандандыруға бағытталады екен.  

«Батыс Қазақстан облысында футболдың әлеуеті жоғары. Біз кезең-кезеңімен жаңа деңгейге көтерілетінімізге сенемін. Алда – жаңа жеңістер, жаңа мүмкіндіктер. «Жайық» ФК мықты клубтардың қатарына қосылатынына күмәнім жоқ», – дейді Дамир Калаков.  

Клубтың жұмысын ашық жүргізу және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін арнайы қадағалау комитеті құрылып, оның құрамына жас футболшылардың ата-аналары, спорт сарапшылары және жаттықтырушылар кіреді. Бұл комитет басшылықтың қызметін бақылап, кеңес беріп, клубтың даму бағытын қадағалап отырады.

Сонымен қатар, жаңа клуб бұрынғы «Ақжайық»  ойыншылары мен жаттықтырушыларының жалақы қарыздарын төлеуді өз міндетіне алған.

 Айта кету керек, «Ақжайық» футбол клубы 2024 жылы борышкерлер тізіміне енген болатын. Сондықтан клуб мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан толық айырылып, нәтижесінде 36 қызметкер 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жалақысын алмаған. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің БҚО департаменті мәліметінше, қарыздың жалпы сомасы 65,2 миллион теңгені құрайды.

 «Ақжайық» клубының құрылтайшыларына  10 ақпанға дейін демеушілер мен инвесторлар есебінен мәселені шешуге уақыт берілгенімен жағдай реттелмеді. Осыған байланысты облыс әкімдігі жедел шара қарастырып, «Жайық» футбол клубын құру туралы шешім қабылдаған. Алдағы маусымда «Жайық» Қазақстан чемпионатының екінші лигасында өнер көрсетеді. Сонымен қатар, клубтың жастар құрамасы QJ League (Қазақстанның жасөспірімдер лигасы) турниріне қатысуы мүмкін. Жаңа құрылған футбол клубы бұрынғы ұжым алдындағы барлық қаржылық міндеттемелерді орындап, өңірдегі футболдың тұрақты дамуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Клубтың алға қойған негізгі мақсаттарының бірі – балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға ерекше назар аудару.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.