Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жаңа ғимаратына барды.
Елордадағы бірқатар нысанды аралады
290
оқылды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай архив Алма­тыдан Астанаға көшірілді. Бұл ел тарихына қатысты құжаттар сақта­ла­тын орын ғана емес, білім және ғылыми-әдістемелік кешен ретінде қызмет көр­сететін Орталық Азиядағы алғашқы архив болмақ.

Арнаулы ғимаратта мұрағат қоймасы, зертха­налар, интерактивті экспозиция және оқырман зал­дары, жұмыс бөлмелері мен әкімшілік аумақ орналасқан. Мұндағы 24 мұрағат қоймасы қағаз жү­зін­дегі құжаттарды, дыбыстық-бейнелік жаз­балар­ды сақтауға, сондай-ақ шағын таспалардағы және электрондық құжаттарды сақтандыру қорын орналастыруға арналған.

Президент Архивінде Қазақстанның 1918 жыл­дан бергі саяси тарихына қатысты құжаттардың мол қоры жинақталған. Атап айтқанда, қорда еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы, сыртқы жә­не ішкі саясаты, халықаралық қатынастары, эко­но­микалық қайта құру үрдістері мен әлеуметтік-мә­дени дамуы бойынша материалдар бар.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Күләш Бай­сейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер уни­вер­си­те­тінде жүргізіліп жатқан қайта жөндеу жұмыс­тары­ның барысымен танысты.

Мемлекет басшысына жаңғырту жұмыстарынан кейін бас ғимараттың көлемі 10 мың шаршы метрге ұл­ғайып, 38 мың шаршы метрге жуықтағаны жө­нін­де баяндалды.

Соның нәтижесінде жаңа арнаулы аудиториялар ашу­ға мүмкіндік туды. Ауқымды іс-шаралар өткі­зе­тін 1 100 орындық үлкен концерт залы пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, оқу корпусында академиялық музыкаға арналған камералық зал, дайындық сту­диялары, студенттер мен өзге де суретшілердің туын­дылары қойылатын көрме галереялары бар.