Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне қатысты заңдарды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Түркістан ерекше мәртебеге ие болады
287
оқылды

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнама­лық акті­леріне Түркістан қаласының ерек­ше мәртебесі және шетелдегі мәде­ниет орта­лықтары мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Аталған заң­дардың нормалары Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орта­лығы ретінде дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасауға, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны қорғап, рухани ны­сан­дардың бірегейлігін сақтауға бағытталған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы мәселені облыс жұртшылығымен кездесуінде көтерген болатын. Прези­дентіміздің тап­сырмасын орындау үшін арнайы заң әзірленіп, мақұл­данды. Жаңа нормалар аясында Түркістан шаһарын еліміздің сәулет, рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде дамыту үшін кешенді шаралар көзделген. Осыған байланысты орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттіктері қайта қаралды. Сонымен қатар инже­нерлік, көліктік, әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жан-жақты реттеліп отыр. Мақұлданған заңдар Түркістанның жан-жақты дамуына сомды үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ заң арқылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау үшін кесененің қорғау аймағының шекарасы­нан бір жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын және ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерт­кіштерімен үйлес­пейтін объектілер салуға жол берілмейтін болды.

Заңдарда мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және инклюзивті туризмді дамытуға арналған түзетулер де қарастырылған. Бұл ретте инфра­құрылымның кедергісіз қолжетім­ділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Сонымен қатар әкімдіктер мен мәсли­хаттардың құзыреттері қайта қаралды. Енді қала аумағында тарихи-мәдени мұра объек­тілерін қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, жер­гілікті бюджет қаражаты есебінен қаланың ұлттық қолөнер сала­сындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеу әкім­діктің құзыретінде болады. Бұл Түркістан қаласының аумағы арқылы транзиттік автомобиль көлігі қозғалысының схема­лары мен тәртібін келісу рәсіміне де қа­тысты екенін атап өткен жөн.

Мейір ЖАСЫН