Азиада ресми түрде аяқталуына 1 күн қалды. Ал бүгін ел спортшылары мәнерлеп сырғанау, биатлон және хоккей бойынша сынға түсуде.
Биатлоннан ерлер мен әйелдер құрамасы күміс және қола медаль еншіледі. Ал мәнерлеп сырғанаудың қоланы қанағат тұттық, хоккей додасы бүгін аяқталады.
Бұл жолғы Азия ойындары Қазақстан спортшылары үшін оңай болған жоқ. Бірқатар мықты қарсылас сапында Олимпиада чемпиондары мен әлемдік деңгейдегі тәжірибелі спортшылар өнер көрсетті. Соған қарамастан қазақстандық шорт-трекшілер қарсыластарынан басым түсіп, жүлдеге ие болды. Ал фристайл-акробатика спортшылары ел тарихындағы үздік нәтижелердің бірін тіркеді.
Қазақстан құрамасы бұған дейін жоғары нәтиже көрсетіп жүрген бірнеше спорт түрі биылғы Азиада бағдарламасына енген жоқ.
Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналиннің айтуынша, Қазақстан құрамасы бұл сынға лайықты қатысып, бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізді.
– Біздің спортшылар мықты қарсыластармен тартысқа түсті. Кейбір спорт түрлері бағдарламаға енбей қалғаны да алтын санының аздығына әкелді. Мысалы, трамплиннен секіру мен могуль жарыстары өткізілген жоқ. Бұл спорт түрлерінен Қазақстанда әлем чемпиондары мен жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары бар еді. Сондай-ақ шаңғы жарысында бұған дейін алтын медаль алып жүрген классикалық қашықтықтар алынып тасталды. Биатлонда 10-20 шақырымдық пурсит, 15-20 шақырымдық жеке жарыс, 12,5-15 шақырымдық жаппай старт болмады.
Десе де, спортшыларымыз қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз шеберлігін көрсетті. Әсіресе, шорт-трек пен фристайл-акробатикадаға нәтижелер көңіл қуантарлық. Олимпиада чемпиондарынан басым түскен фристайл-акробаттар Қазақстанның бұл спорт бойынша болашағы зор екенін көрсетті. Биатлоншыларымыз да өз деңгейінде өнер көрсете алды. Жалпы, бұл жарыс жаңа олимпиадалық циклде спортшыларымызға маңызды тәжірибе берді, – деді Руслан Есеналин.
Азия ойындарын Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы жүлде саны бойынша төртінші орынмен аяқтады. Үздік үштікке Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония енді.
Әсет ҚАЛИ