Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің прези­денті Геннадий Головкин мен Туризм және спорт ми­нистрі Ербол Мырзабосынов Азия Олимпиадалық кеңе­сінің бас директоры, әрі World Aquatics ұйымының бас­шысы Хусейн Аль Мусалламмен кездесу өткізді.
Маңызды кездесулер өтті
478
оқылды

Ресми шара барысында Ху­сейн Аль Мусаллам қаңтар айын­да Астанаға жасаған са­пары кезінде көрсетілген қо­нақ­жайлылық үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді. Хар­бин­дегі қысқы Азия ойын­да­ры­­ның ұйымдастырылу дең­гейі­не тоқтала отырып, ол 2011 жылғы Азия ойындарын өт­­кізудегі Қазақстанның тә­жірибесін ерекше атап өтті және еліміздің ірі халық­ара­лық жарыстарды қабылдауға әлеуеті жоғары екенін айтты.

Қазақстан ҰОК президенті Ген­надий Головкин Хусейн Аль Мусалламға көрсетілген се­нім мен Қазақстанға жаса­ған сапары үшін алғыс білді­ріп, кездесудің нәтижелі өтке­нін атап өтті.

«Біздің қызметіміздің бас­ты бағыты – халықаралық ұйы­мдармен ынтымақ­тас­тық­ты нығайту. Азия Олим­пиа­да­лық кеңесін біз стратегиялық маңызды серіктес ретінде қа­рас­тырамыз, бұл ұйыммен біз­де олимпиадалық спортты Азия құрлығында дамыту бойынша ортақ мақсаттар мен көзқарастар бар. Алда үлкен бірлескен жұмыс күтіп тұр», – деді Қазақстан ҰОК басшысы.

Кездесу соңында Хусейн Аль Мусаллам Қазақстан өкіл­дерін 11 шілде мен 13 та­мыз аралығында Сингапурда өтетін су спортынан әлем чемпионатына құрметті қонақ ретінде шақырды.

Сонымен қатар Қытай Ха­лық Республикасының (ҚХР) Бас мемлекеттік дене шы­нық­тыру және спорт басқар­ма­сы­ның министрі, Қытай Олим­пиа­далық комитетінің пре­­­­зиденті және Халықаралық ушу федерациясының бас­шы­сы Гао Чжиданмен кездесу өтті.

Кездесу Харбин-2025 қыс­қы Азия ойындарын ұйым­дас­тыру комитетінің ресми қа­былдауы аясында өтті.

Тараптар екі ел арасын­да­ғы спортты дамыту саласын­да­ғы ынтымақтастық үшін өза­ра алғыс білдіріп, оны одан әрі нығайтуға ниетті екенін мә­лімдеді.

Қазақстандық делегация Қы­тай өкілдеріне қонақ­жай­лылық үшін ризашылығын біл­діріп, ашылу рәсіміне ша­қы­р­ғаны және Азия ойында­рын жоғары деңгейде ұйым­дас­тырғаны үшін алғыс айтты.

«Мұндай ауқымды ке­шен­ді жарыстарды өткізу әрдайым үл­кен жауапкершілікті талап ете­ді. Харбин-2025 қысқы Азия ойындарының ұйым­дас­тырушыларына қонақжайлы­лығы мен үйлесімді жұмысы үшін алғысымызды білдіреміз. Біз ойындардың басынан бері осындамыз және ұйым­дас­тыру комитетінің өз мін­дет­терін үлкен жауапкершілікпен орындап жатқанын көріп отырмыз. Мұны логистикалық қам­тамасыз етуден бастап, тех­никалық қолдау деңгейі мен еріктілердің үйлесімді әре­кеттерінен анық байқауға бо­лады», – деді Геннадий Голов­кин.

Әсет ҚАЛИ