Соның ішінде интернет алаяқтық 5%-ға, 21 777-ден 22 870-ке дейін артқанын атай кету керек. Бұл мәселе – Мәжіліс депутаттарының да басты назарында. Осы аптада өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Заитов Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында банктерді де жауапкершілікке тартуға шақырды.
«Өзіңіз жақсы білетіндей, адамзат баласы жаһанданып, жаңарған кезеңде тәуелсіздігін енді қолға алып, етек-жеңін жинай бастаған Қазақстан бұрын естіп, білмеген талай жаңашылдыққа тап болды. Тиісті ақпараты мен тәжірибесі жоқ Қазақстан халқына ол жаңашылдықтар көп зиянды зардабын тигізіп жатыр.
Солардың бірі – «онлайн алаяқтық». Жаңа кезеңге жылдам бейімделген «жылпос» алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатуда.
Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Ал көптеген алаяқтық жасау фактілерінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген. Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеттегі жиыны 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған, Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені жөнінде фактілер анықталған.
Дәлелмен айтсақ, республика көлемінде биылғы жылдың қаңтар, ақпан айларының өзінде ғана кибералаяқтықпен банк қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексiнің 250-бабы (Өкiлеттiктердi терiс пайдалану) бойынша – 15 іс, ал ҚР Қылмыстық кодексiнің 254-бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша – 17 іс қозғалған», – делінген депутаттық сауалда.
Цифрларға көз жүгіртсек, қазақстандықтар былтыр интернет алаяқтарға 11,4 млрд теңгесін онлайн аударып жіберген екен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,8 есе көп. 2023 жылы бұл сома 4 млрд болған. Finprom.kz сайтының хабарлауынша, былтырғы соманың түгелге жуығын, яки 11 млрд-ын жеке тұлғалар беріпті, ал қалғанын заңды тұлғалар (385 млн теңге) аударған, тіпті алданғандардың ішінде мемлекеттік мекемелер де бар, олар 8,4 млн теңгесінен айырылған. Енді осы ақшаның тек 36,6%-ын ғана қайтару мүмкін болған да, қалған 7 млрд теңге алаяқтардың қалтасында кеткен.
Ринат Рифқатұлы бұл тұста банктерді де жазасыз қалдыруға болмайтынын айтады. Өйткені мұның бәрі қаржы ұйымдарының қауіпсіздік қызметіндегі олқылықтардан болып отырғанын айқын түсінетін кез келді.
«Бір түсініксізі, бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Осы әділетті ме? Біз олай ойламаймыз.
Аңдап қарасақ, алаяққа жем болып, банкке сақтаған ақшасынан айырылып, мойнына жоқ жерден несие жүктелген жандарға жығылған үстіне жұдырық болып банктер де олардың шоттарын бұғаттайды.
Бұл – халыққа жасалған орынсыз қиянат. Сәл қиналса мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын, ойына келген пайыздың өлшемін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайырымсыз банктер қашанға дейін тайраңдамақ? Нақақтан нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келді ғой. Ата Заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы банк емес, «Халық» екенін есіңізге салайын», – дейді ашынған депутат.
Шындығын айтқанда, алаяқтар тарапынан келтірілген шығынды өндіріп алу мүмкіндігі өте аз екен. Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, былтыр 22,9 мың қылмыстық іс тіркелген болса, оның 81,8%-ы кінәлі адам табылмағандықтан, тоқтатылған. Бір өкініштісі, бұл тенденция соңғы бірнеше жыл қатарынан сақталып отыр. 2019 жылдан бері алып қарасақ, ашылмай қалған қылмыстық істер үлесі жыл сайын 71-79%-ды құрайды екен. Құқықтық статистикалық есептерге сәйкес, интернеттегі алаяқтықтың ең көп таралған түрі, яки 26%-ы – азаматтардың жеке деректеріне рұқсатсыз қол жеткізу. Былтыр тәртіп сақшылары осындай 6,5 мың қылмыстық іс қозғаған. Сол сияқты қызметтерді (5,5 мың) және тауарларды (5,2 мың) онлайн сатып алудағы алаяқтық та кең тараған. Былтыр құқық қорғау органдарына онлайн несие алғысы келіп, алданып қалған қазақстандықтар (3,9 мың) жиі хабарласқан екен. Бұл жерде банктердің де жауапкершілігі бар.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде мыналарды ұсынамыз. Әуелі екінші деңгейлі банктер кибералаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банктік шоттарын бұғаттан шығаруды және де бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тыйым салу шараларын қарастыруды, екіншіден, шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығынды банктер өз тарапынан өтеу міндетін жүктеуді ұсынамыз», – деп түйіндеді өз сөзін «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Заитов.
Депутаттық сауалды дайындауға халықтан көптеп түскен өтініш-шағымдар сеп болған екен. Журналистерге берген сұхбатында ол өңірлердегі алаяқтарға алданып қалған 400-ден астам азаматтан хат алғанын жеткізді. Қоғамдық қабылдауға да осындай шарасыз күйін айтып келетіндердің қарасы қалың. Мәселен, соның бірінде Аягөз қаласының тұрғыны құжаттарын жоғалтып алып, әлеуметтік желілерге жариялаған, ал оны тауып алған қаскөйлер әлгі кісінің мойынына 5 миллион теңге несие рәсімдеп жіберген. Сонда иесінің өзі жоқ, бөтен біреудің атынан қалайша қаржылық операциялар жасалады? Кінәлі тарап жауапкершіліктен тыс қалмауға тиіс.
«Маған қойыңды қораға сақта деп беріп қойсаң, оған ақшасын төлеп отырсаң, сосын ол қойды қасқыр жеп кетсе, сен кінәлісің деп мен қайтіп айтам? Сол сияқты ғой! Банкке ақша салып, қосымшасы арқылы пайдаланып, комиссиясын төлеп отырғанда, ол ақшасын біреу онлайн ұрлап кетсе, оны неге жазықсыз адамның мойнына ілу керек? Біреудің кінәсінен болған несиені неге біреу төлеу керек? Банкке неменеге ақша саламыз онда? Менің пікірімше, мұның барлығы банктердің қауіпсіздік қызметтерін нығайтуға ақша жұмсағысы келмегенінен болып отыр. Тағы бір себебі, банктер қызметкерлерін дұрыс тексеріп қадағаламайды. Мәселен, Талдықорғанда 1-2 ай істеген қызметкер мыңдаған адамның мәліметтерін ұрлап кеткен. Оны қауіпсіздік қызметі қадағаламаған. Мұнда тіпті ұйымдасқан қылмыстық топтың белгісі жатыр. Өйткені банкте жауапкершілік жоқ», – дейді ол.
Алаяқтар рәсімдеген несиелер мен ұрлаған ақшалардың өтеуін банктер мен қаржылық ұйымдардың мойнына жүктеу қажет деген бастама бұған дейін де сөз болып жүр. Тіпті, Жоғарғы Сот деңгейінде талқыланып, тиісті органдарға ұсынымдар берілген болатын. Бірақ әзірге шешімін тауып жатқан ештеңе жоқ. Сондықтан да бұл мәселеге депутаттардың араласқаны құптарлық-ақ. Ендеше ендігі кезек – Бас прокуратурада. Жұмысына салғырт қараған қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейтетін бір пәрмен қадағалаушы органнан болса, ендігі бір пәрмен заң шығарушы орган тарапынан болмақ. Оған Мәжіліс депутаттары сақадай сай отыр. Тіпті, осындай ұсыныс көтерілген құндылықтарды сақтау туралы заң жобасы олардың қарауында жатыр. Сол себеп бұл мәселе созбалаңға салынбай дереу арада шешілуге тиіс. Ал әзірге қолдан келетіні алаяқтардан сақтану ғана. Біз сөз соңында «Сіздің атыңызға бөгде адамдар несие ресімдесе, не істеу керек?» деген шағын кеңес бере кеткенді жөн көрдік.
Ең бірінші кезекте қарыз ресімделген кредит ұйымының атауын біліп алыңыз. Егер бұл ұйым Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеуіне кіретін болса жақсы. Мұны қаржы реттеушісінің сайтында «Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі» бөлімінен тексеруге болады. Екіншіден, құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгіну қажет. Қолтаңба сараптамасы тағайындалатын болады, ол қарыз шартындағы алушының қолтаңбасы емесін анықтайды.
Алаяқтар сіздің атыңызға қандай кредит ұйымынан қарыз алғанын анықтай отырып, сіз осы ұйымға қатысты барлық қолда бар ақпаратты толық көрсете отырып, өтініш жазуыңыз қажет. Төлем картасы немесе жеке басын куәландыратын құжат жоғалған жағдайда растайтын анықтаманы қоса беру керек. Міндетті түрде ішкі қызметтік тексеру жүргізуді талап етіңіз. Сіздің өтінішіңізді тіркеуі қажет, өтінішті қабылдау күні жазылған тіркеу нөмірін өзіңізге қалдыратын өтініштің көшірмесіне де қою қажет.
Бұдан басқа кредит ұйымы шарттың, оның қосымшаларының және жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуы тиіс. Сіз кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің деректерін нақтылауыңыз қажет.
Кредит ұйымы құжаттарды ұсынудан бас тартқан жағдайда сіз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана аласыз.
Егер кредит кредитоматтарда ресімделген болса, онда оларда бейнекамералар орнатылған, ондағы жазбалар алушыны идентификаттауға көмектесе алады.
Егер бұл онлайн қарыз болса, оны полиция IP арқылы қаскүнемдерді анықтай алады. Мұндай тәсілді бейтаныс адамдар ғана емес, сонымен бірге жақын туыстар, құрбылар, достар, сіз құжаттарыңыз бен банктік деректеріңізді сенген таныс адамдар да қолдануы мүмкін екенін атап өткеніміз дұрыс.
Егер кредит ұйымы сіздің жеке куәлігіңіз бойынша ақшаны алаяқтардың алғанына дәлелдер таппаса, онда тұрғылықты жеріңіз бойынша мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа арыз бересіз. Сот сіздің пайдаңызға шешім шығарған жағдайда кредит ұйымы сізден борышты төлеуді талап етуді тоқтатуы, берешекті есептен шығаруы және кредиттік бюроға бөгде адамның қарызы туралы ақпаратты сіздің кредит тарихыңыздан алып тастау туралы хат жіберуге тиіс.
Нұрлан ҚОСАЙ