Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту – бүгінгі күндегі басты мақсат.
«Жазалау оңай, тәрбиелеу қиын» демекші, Агенттік бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтар балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін тұлғаның дамуының барлық кезеңдерінде жүзеге асырылуда. Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, түсіндіру жұмыстарының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қазіргі таңдағы басты мақса-ты – бұзушылықтардың алдын алу іс-шараларын жүргізу болып табылады. Осыған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментімен облыс аумағындағы, жастар арасында бұзушылықтарға төзімділікті жою мақсатында «Заң мен Тәртіп», «Тәртіпті өзіңнен баста!» қағидаттарын жүзеге асыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Себебі адал, шыншыл, бұзушылыққа төзімсіз жастарды тәрбиелеу еліміздің болашаққа деген нақты қадам жасауына бірден-бір кепілі.
Сонымен қатар қазір сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдаулар мен мониторинг жүргізудеміз, бұл құрал осы қоғамдық қатердің себептері мен жағдайларын анықтауға мүмкіншілік береді. Бүгінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары өз қалауымен жыл сайын осындай ішкі талдаулар жүргізеді. Аталған жұмыс нәтижесінде облыс аумағындағы мемлекеттік органдармен 2024 жылда 654 тәуекел анықтауға мүмкіншілік берді. Қазір осы тәуекелдерді жою бойынша шаралар қабылдануда.
Дегенмен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысының нәтижесін дем арасында бағамдай алмайтынымызды түсіну қажет. Біз 10 жылға жуық уақыт ішінде жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп келеміз. Осы мерзім аралығында бұл қатер қоғамға кері әсерін тигізеді деген көзқарастағы жастар қатары көбейуде. Қазіргі қоғамда әр азамат өз құқығына қарсы қандай да бір іс-әрекет жасалған жағдайда не істеу керектігінің нақты жолдарын толық білуі қажет. Сол себепті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру мақсатында 2015 жылғы 18 қарашада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданған. Заңнамаға сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатына қол жеткізу бірқатар міндеттерді шешу арқылы іске асырылады. Соның ішінде азаматтар арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру міндеттерін шешу арқылы іске асырылады. Сондықтан қазіргі таңдағы сыбайлас жемқорлықпен күресудегі қолданылып жатқан құралдар мен механизмдер кешені толық жүзеге асырылуда деп айтуға болады.
Сонымен қатар жемқорлыққа қарсы кешенді күресу іс-шараларының орындалуы тікелей Президентіміздің бақылауында. Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылғы 3 қаңтарда Президентіміз «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Заң мен тәртіп» қағидасын ұстану және қоғам арасында насихаттау қажеттілігін белгілеген болатын.
Осы қағиданың терең мағынасына жүгінетін болсақ, «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату емес, шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі ретінде тануымыз қажет. Яғни, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, тәртіп пен заңға бағынбайтын болсақ, келешекте әділетті мемлекет құрып, оны өркен ету қиынға соғады.
Ал біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша енгізіп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Әрине, осының бәрін жүзеге асыру үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет. Себебі әр азамат бұл қағидатты қатаң ұстануға, оны өмір салтына айналдыруға дайын екендігіне өз қалауымен келу керек.
Біз өз тарапымыздан аталған бағыттағы жұмысты жалғастырудамыз. Қазір облысымыздың барлық аймақтарын қамтумен, сонымен қатар жастар арасында жоғары оқу орындары мен барлық бастауыш пен орта білім ордаларын қамтумен жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, аталған жұмыспен барлық мақсатты топтарды толық қамтуды жоспарлаудамыз.
Аталған жұмыстың тиімділігіне халықаралық рейтингтік ұйымдар дәлел. Қазақстан Transparency International жемқорлықты қабылдау индексіндегі орнын жылдан жылға жақсартуда. Мысал келтіретін болсақ, Transparency International «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» халықаралық рейтингінде 2024 жылы Қазақстан нәтижелері әлдеқайда өскен. Еліміз 40 ұпай жинап, 180 ел арасында 5-орынға көтерілді (88-орын). Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді шаралардың арқасында қол жеткізілген жаңа тарихи көрсеткіш.
Әлем бойынша орташа балл – 43, ал «Шығыс Еуропа және Орталық Азия» аймағында (19 ел) 35 болды. Ал баяндамада Қазақстан рейтингі 2016 жылдан бастап 11 балға (29 балдан) айтарлықтай өскені аталған. Орталық Азия өңірі бойынша Қазақстан ең жоғары орынды иеленіп, рейтингін жақсартқан жалғыз ел болды.
Индексте Қазақстаннан кейін Үндістан (38), Индонезия (37), Аргентина (37), Сербия (35), Украина (35), Бразилия (34), Тайланд (34), Түркия (34), Беларусь (33), Ресей (22) және т.б. елдер орналасқан.
Жемқорлықты қабылдау индексі – Қазақстанның рейтингін шығару үшін 9 түрлі ұйымның деректері пайдаланылған композиттік индекс болып табылады. Рейтинг мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың сараптамалық және бизнес-бағалауларына негізделген. Сондықтан біз жоғарыда айтылып кеткен барлық бағыттар бойынша жұмысты одан әрі жандандырамыз.
Естеріңізде болса, 2022 жылда Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа бесжылдыққа бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың Тұжырымдамасы бекітілген болатын. Келесі жылы бұл Тұжырымдама нәтижелері баянадалмақ. Бекітілген Тұжырымдама – бұдан бұрын 2015-2025 жылдарға бағытталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стартегияның жалғасы ретінде бекітілген құжат. Себебі Стратегияда бекітілген барлық бағыттар толық жүзеге асырылды. Қазір жаңа Тұжырымдамада белгіленген талаптар мен міндеттерді сапалы әрі тиімді орындау – баршамызға басты міндет. Құжатта Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудан қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге, халықтың сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің кез келген нысандарын қабылдамауына, алдын алу шараларының басымдығына көшуге бағытталғаны айтылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды бірінші кезекте тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағыттадық, соған сәйкес мемлекеттік органдардың транспаренттілік және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу қағидаты бойынша халықпен өзара іс-қимыл форматына көшуі жалғасуда. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің жұмысын жандандырдық. Тек біздің облысы бойынша 280 квазимемлекеттік сектор ұйымдарында комплаенс қызметі жұмыс істеуде. Негізгі мақсат – қоғам мен оның қызметкерлерінің заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың іске асырылуына мониторинг жүргізу мен сыбайлас жемқорлық көріністерге жол бермеу болып табылады.
Сондықтан Тұжырымдамада белгіленген талаптар мен міндеттерге толық қол жеткізудеміз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс бұдан әрі күшейтіледі.
Менің ойымша, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Мемлекет басшысы бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекетіміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтқан болатын. Яғни, сыбайлас жемқорлық тек құқықбұзушылық емес, бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді деген сөз. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек. Адалдық, заңдылық пен прагматизм әркімнің ішкі құндылық нанымына айналуға тиіс.
Қоғам сыбайлас жемқорлықты проблемаларды оңай шешудің кепілі ретінде қабылдамауға, достық қарым-қатынас пен протекционизмді жұмыспен ұштастырмауға, ал жемқорлар қоғамдық айыптауға ұшырауға тиіс.
Оның үстіне, түрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған коммуникациялық шаралар кешенін қабылдау қоғамдық сананың сыбайлас жемқорлыққа қарсы эволюциясында негізгі рөл атқарады. Құқықтық актілерді түсінікті тілде, қысқаша түрде түсіндіре отырып, сондай-ақ цифрлық шешімдерді, оның ішінде белгілі бір өмірлік жағдайлар мен заңдық фактілер бойынша автоматтандырылған хабарларды қолдана отырып, азаматтарға олардың құқықтары туралы нақты хабарлауды дамыту қажет.
Ауқымды түсіндіру жұмысы азаматтардың мәселелерді шешудің заңсыз тәсілдерін іздеу қажеттілігінен қорғауға мүмкіндік береді. Парасаттылық жүйесін қалыптастыру кезінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермейтін жаңа көзқарастары мен өмірлік қағидаттары бар жас ұрпақты тәрбиелеу аса маңызды рөл атқарады. Себебі тұлғаның қалыптасуының барлық кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды дарыту – мақсатқа қол жеткізудегі іргелі фактор.
Мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті оқытуды оның үздіксіздігін, дәйектілігі мен өзектілігін қамтамасыз ете отырып, дамыту қажет. Алайда мемлекеттік аппараттың «тазалығын» қамтамасыз ету үшін лауазымдық міндеттері сыбайлас жемқорлықтың жоғары тәуекелдерімен ұштасатын қызметшілермен жұмыс жөніндегі шараларды қажет етеді.
Бизнестің парасаттылығына жәрдемдесу бағытында белсенді жұмыс атқару қажет. Кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдау аясында адал бизнесті ынталандыру да өзекті. Осы бағыттағы пәрменді шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты ерікті түрде имплементтеу болып табылады.
Яғни, қорытындылай келе, қоғамымыздың барлық мақсатты топтар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыспен қамтылу қажет. Құқықтық тәрбие сапасы, ұлттық сауаттылық, ар намыс, парасаттылық қағидаттарын дамыту нәтижесінде ғана біз деген мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз. «Жұмылып көтерген жүк жеңіл» демекші, болашақта алдымызға қойған мақсаттардың сапалы әрі тиімді орындалуына нық сенімдіміз.
Бауыржан ҰЗЫНЖАС,
Қазақстан Республикасы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы
бойынша департаментінің басшысы