Бұл мәселеге қатысты қоғамда туындаған пікірталастарды ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «күміс экономиканы» дамытудың маңызын атап өтіп, егде жастағы азаматтардың еңбек нарығына белсенді қатысуын ынталандыру қажеттігін айтты. Осыған байланысты, зейнеткерлік жастағы азаматтардың еңбек қызметін жалғастыруына қатысты мәселелерді талдап зерттеп көрейік.
Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылдың үшінші тоқсанында 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірнеше салада жұмыспен қамтылғандар саны айтарлықтай төмендеген. Өңдеу өнеркәсібінде 27,5 мың адамға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 19,5 мың адамға, құрылыста 16,1 мың адамға, ауыл шаруашылығында 7,8 мың адамға, көлік және қоймалау саласында 6,4 мың адамға азайған. Бұл жұмыс істейтін зейнеткерлер санының айтарлықтай өскенін білдіреді.
Осы ретте «күміс буын» өкілдерінің еңбек нарығына тартылу келесі факторлармен байланысты екенін атай кеткен жөн. Олар – ауылдық жерлерде кейбір салаларда жұмыс күшінің тапшылығы, 1990 жылдардың соңында туған ұрпақ санының аздығы, Z буын өкілдерінің психологиясы, жұмысшы мамандар тапшылығы.
Біріншіден, ауылдық жерлерде кейбір салаларда жұмыс күшінің тапшылығы байқалады. Бұл – негізінен қалаға қарқынды көші-қонның салдары. 2022–2023 жылдары урбанизация үдерісінің күшеюімен байланысты ауыл халқының саны 148 мың адамға азайды. Жастар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуге қызығушылық танытпайды, себебі жалақының төмендігі мен еңбек жағдайының ауырлығы негізгі кедергілер ретінде көрінеді. 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы мәліметтерге сәйкес, ауыл, орман және балық шаруашылығындағы орташа айлық номиналды жалақы 283 801 теңгені құрады.
Екіншіден, 1990 жылдардың соңында туған ұрпақ аздығының да әсері бар. Мысалы, 1996 жылдан 2002 жылға дейін туу коэффициенті орта есеппен 6,3 промиллеге тең болған, ал табиғи өсім шамамен 74 мың адамды құраған. Бұл кезеңде туу көрсеткішінің төмен болуы қазіргі еңбек нарығында жұмыс күшінің жетіспеушілігіне әсер етуде.
Үшіншіден, Z буыны өкілдерінің (1990 жылдардың соңында туғандар) еңбек нарығында өз ерекшеліктері бар. «Зумерлер» еңбек нарығында икемді жұмыс кестесін және технологиялармен байланысты мансаптық бағыттарды артық көреді. Сонымен қатар бұл ұрпақ физикалық еңбекті қажет ететін салаларда, саудада, сондай-ақ білім беру мен медицина секторында жұмыс істеуге аса қызығушылық танытпайды.
Төртіншіден, қазіргі еңбек нарығына шығып жатқан жас ұрпақтың (Z буыны) жұмыс берушілерге қоятын талаптары айтарлықтай жоғары. Kursiv басылымының мәліметінше, бүгінгі ұрпақ әсіресе жұмыс форматына қатысты жоғары талаптар қояды. Әрбір екінші үміткер қашықтан немесе аралас жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылмаған бос жұмыс орнынан бас тартады. Бұл өзгеріс еңбек нарығындағы кандидаттардың басымдықтарының ауысқанын көрсетеді, яғни олар икемді жұмыс кестесі мен ыңғайлы еңбек жағдайларын басты орынға қояды.
Бесінші фактор – жұмысшы мамандар тапшылығы. Еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың артуы байқалады. Hh.kz сервисінің мәліметінше, жүргізушілер, жүк тиеушілер, қоймашылар, өндірістік желі операторлары, қара жұмысшылар, дәнекерлеушілер, ораушылар және басқа да өндірістік процестерге қатысатын мамандарға арналған бос жұмыс орындарының саны бір жыл ішінде 70%-ға артқан. Бұл көрсеткіш аталған сегменттегі кадр тапшылығының жоғары екенін дәлелдейді. Негізгі секторларында да жұмыс күші жетіспейді.
Анық байқалатын жайт – егде жастағы азаматтар ауыр физикалық еңбекті талап ететін, төмен жалақы төленетін жұмыстарды жалғастыруға мәжбүр. Бұл құбылыс тек өмір сүру деңгейінің төмендігімен ғана емес, сонымен қатар зейнетақы мөлшерінің жеткіліксіздігімен, кейбір жағдайларда немерелерін қамтамасыз ету қажеттілігімен және ересек балаларына материалдық қолдау көрсету ниетімен байланысты. Осылайша, зейнеткерлердің еңбек нарығына белсенді қатысуы әлеуметтік-экономикалық факторлардың ықпалында қалып отыр, бұл өз кезегінде зейнетақы жүйесін жетілдіру және егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту қажеттілігін көрсетеді.
Батыс елдерінде зейнеткерлердің саяхаттауы – кең таралған құбылыс, өйткені бұл елдерде зейнетақы жүйесі тұрақты, ал егде жастағы азаматтардың қаржылық мүмкіндіктері мол. Бұл елдерде зейнеткерлер температураға, өмір сүру құнына және жайлы ортаға байланысты маусымдық миграцияны таңдайды. Мысалы, Германия – жылы климатты елдерге (Испания, Италия, Греция) ұзақмерзімді демалысқа шығады, АҚШ – Snowbirds деп аталатын зейнеткерлер суық штаттардан Флорида, Аризона сияқты жылы аймақтарға қоныс аударады. Аустралияда Grey Nomads автокемперлермен ел аралап, жылы аймақтарда қыс өткізеді. Батыс елдерінде зейнеткерлердің саяхаттауы тек демалыс қана емес, сонымен қатар өмір сүру стилі болып саналады. Бұл олардың қаржылық тұрақтылығы, сапалы әлеуметтік қамсыздандыру және саяхатқа арналған жеңілдіктер жүйесінің дамығандығы арқасында мүмкін болып отыр. Мұндай тәжірибе еліміз үшін де маңызды үлгі болуы мүмкін, өйткені егде жастағы азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру өмір сүру сапасын жақсартады.
Сонымен қатар медицина, білім және ғылым салаларындағы зейнеткерлер – өз ісінің тәжірибелі, жоғары білікті мамандары. Оларды осы салаларға белсенді түрде тарту – еңбек нарығындағы кадр тапшылығын азайтып, келер ұрпаққа құнды тәжірибе қалдырудың тиімді жолы. Бұл тәсіл зейнеткерлер үшін де, қоғам үшін де үлкен пайда әкеледі, сондай-ақ олардың әлеуметтік белсенділігін сақтауға және кәсіби дағдыларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Дінмұхаммед ҒАЛИ,
э.ғ.к., профессор,
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты
мониторингілеу орталығының директоры