Жұмысшы дегенде «Джамшуттей» мазақ кейіпкерлерді көрсетті. Шынында, жұмысшы – бүкіл мемлекетті жаңартатын құдыретті күш иесі. Оның қолымен Қазақ елі соңғы бір ғасырда-ақ адам танымастай өзгерді, жаңғырып түледі, тұтас қалалар мен жаңа өндіріс ошақтары самсап бой көтерді. Жұмысшының керемет пассионарлық қарым-қабілеті мен жасампаз қасиетіне мемлекет әрдайым зәру.
Міне, сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауының мән-маңызы аса зор. Бұл жылдан еңбеккерлердің күтері көп. Мәртебе мен жалақыны қатар көтеру, креативті индустрияның бүкіл керемет-күшін жұмылдырып, жұмысшыларды дәріптеу, жас ұрпақты жұмысшы кәсіптеріне қайта бейімдеу де осы жылдың жүгі.
Комбинат – «балапан» жұмысшы инкубаторы
Президенттің тапсырмасымен Үкіметтің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №1134 қаулысымен 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітіліп, жүзеге асырыла бастады. Ол 7 бағыттан және 70 қадамнан (іс-шаралардан) тұрады.
Бағыттарға «Жұмысшы мамандықтарының жылын дайындау мен ұйымдастырудың 10 қадамы», «Кәсіптік бағдар беру жұмысын дамытудың 10 қадамы», «Жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдірудің және ТжКБ тартымдылығын арттырудың 10 қадамы», «Жұмыс берушілердің жұмысшы кадрларды даярлауға және қолдауға қатысуын кеңейтудің 10 қадамы», «Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілетудің 10 қадамы», «Жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтудің 10 қадамы» және «Жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырудың 10 қадамы» жатады.
Өз кезегінде әрбір өңірлік әкімдік, жауапты мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар төл өңірлік және салалық жоспарын бекітіп алды. Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін талқылап, дайындықты пысықтау үшін министрлерді, әкімдерді және өзгесін жиып, Үкімет басшысы Олжас Бектенов жеке отырыс та өткізді.
Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, салалық қауымдастықтардың, ұлттық компаниялар мен кәсіподақтардың өкілдері кіретін комиссияға бұрынғы вице-премьер Тамара Дүйсенова жетекшілік етті.
Оның айтуынша, республикамызда кадрлық әлеуетті нығайту үшін жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Соның бірі – жас ұрпақты мектеп қабырғасында жұмысшы мамандықтарына баулу. Осы мақсатта мүдделі жұмыс берушілерді тарта отырып, орта білім ордаларының жоғары сыныптары деңгейінде жұмыс істейтін, мамандандырылған «оқу-өндірістік комбинаттарды» (ОӨК) құру болмақ.
Яғни, бастапқы кәсіптік біліктілікті алу тетігі немесе «микроквалификация институты» енгізіледі. Өйткені мектептегі «Көркем еңбек» сабағы да, дуальді білім беру де, он жылдай бұрын іске қосылған, әрбір адамға колледжде бірінші жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік беретін «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» бағдарламасы да күтілген нәтиже әкелмеді.
– Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жоғары сыныптағы білім алушыларға мектеп деңгейінде бастапқы кәсіптік біліктілікті беру бойынша шаралар қабылдану үстінде. Бүгінде 8 өңірде – Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Жетісу облыстарында 17 ОӨК жұмыс істейді. Олардың желісі жергілікті бюджет қаражаты есебінен дамытылады, – деді Тамара Дүйсенова.
Ел «кәсіби бағдарынан» айырылды
– Орта білім жүйесінде кәсіби бағдарлау мен болашақ кадрларды даярлау бағдарламалары жоқ. Бұл жаста бозбалалар мен бойжеткендер кім болғысы келетінін түсіне бермейді. Бұрын оқушы болғанымызда, бізді егістікке күзгі жиын-терімге, агроөнеркәсіп кешендеріне көмектесуге апаратын. Ол кезде оқу-өндірістік комбинаттары болды. Халықаралық озық тәжірибе негізінде құрылған комбинаттар шәкірттердің орта мектептегі оқуын үзбестен, жұмысшы мамандығын меңгеруіне көмектесетін. Елде тұңғыш ОӨК ХХ ғасырдың 70-жылдарында ашылды. Ал бүгінгі балалардың көбінің тіпті еңбек дағдысы жоқ, – деді Мәжіліс депутаты Николай Арсютин.
Оның айтуынша, осының кесірінен оқушылар болашақ кәсібін таңдағанда өзгелердің ықпалымен ойланбастан шешім қабылдай салады. Мысалы, олар достарының, таныстарының кеңесін құп алады, естігеніне не кинодан көргеніне елігеді. Үлкен бөлігі ата-анасы өзіне қандай мамандықты таңдаса, соған көнеді. Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің зерттеуі көрсеткендей, жастардың 87%-ы таңдауын ересектер ықпалымен жасапты. Сонымен бірге ата-аналардың 75%-ы өз баласының шынында кім болуды армандағанын білмейтінін мойындаған.
Тәжірибелі педагог Сәбит Нұрбаев қазіргі кезде мектептерде жас ұрпақты кәсіби бейімдеу дұрыс жолға қойылмағанын қаперге салды.
– Министрлік 5-9-сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер» курсын енгізді. Оның оқу бағдарламасы жас ұрпақтың өмірдегі орнын анықтауына септесетін жаһанда сұранысқа ие құзыреттерді зерделеуге, әмбебап дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Алайда оның тақырыптық бөлімдеріне сәйкес, бұл курс аясында мұғалімдер оқушылармен парасаттылық, патриотизм, өмір қауіпсіздігі, медиасауаттылық, экологиялық мәдениет сияқты тақырыптарда әңгімелесуге тиіс. Дұрысы, мысалы, Америкадағы сияқты әрбір кәсіпте жетістікке жеткен қазақстандықтарды шақырып, оқушыларға шағын дәріс оқуына, тәжірибе алмасуына, табыс тарихын түсіндіруіне жағдай жасау керек еді, – деді педагог.
Оның айтуынша, «профориентация» жұмыстарының ақсап жатқаны сыртында, жұмысшы кәсіптеріне қатысты қоғамдық теріс пікірдің кең таралуы да өскелең ұрпақтың жұмысшы мамандықтарын игеруге деген ынтасын жояды. Соның салдарынан, мысалы, ауыл-аймақта орта есеппен 200 мың теңге айлыққа малшы, комбайншы, тракторшы, тігінші және басқа маман таппай отырған ауыл кәсіпкері көп.
Жұмысшылар жылын өткізуге жауапты тұлға, Үкімет басшысының бұрынғы орынбасары Тамара Дүйсенова тағы бір тетік іске қосылғанын жеткізді. Ол да оқушыларға бағдарланған, бірақ шәкірттер комбинатта практикалық жұмыс істемейді, таза киініп, колледжде курстан өтеді.
– Жоғары сынып оқушыларына бастапқы кәсіптік біліктілігін берудің тиімді тетіктерін іріктеу және енгізу үшін 2023-2024 оқу жылында жоғары сынып оқушыларын колледждер базасында оқытуды ұйымдастыру жөніндегі пилоттық жоба басталды. Оның алғашқы түлектері – 2 051 оқушы 2025 жылдың ақпанына бітіріп шығады деп жоспарланған, – деді Т.Дүйсенова.
Оның айтуынша, ауылдық жерлерде орналасқан мектептер үшін қысқамерзімді курстық даярлықты өткізу бойынша мобильді оқу орталықтары құрылды. Олар балаларды қоғамдық тамақтандыру, дәнекерлеу ісі, электр жабдықтауды ұйымдастыру, есепке алу, аудит және басқа кәсіптерге үйретеді. Курс соңында оқу орталығы мектеп оқушысына біліктілік тағайындап, тиісті куәлік береді.
Сонымен қатар бұрынғы вице-премьердің айтуынша, Жұмысшы мамандықтарының жылы шеңберінде биыл колледждердің қатысуымен One School One Skill (бір мектеп – бір дағды) жобасы іске асырылады. Ол бойынша әрбір мектеп ІТ (ақпараттық технологиялар), дизайн, агротехнология сияқты әртүрлі саланың біріне маманданады.
– Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Жұмыс тобы жоғары сынып оқушылары үшін бастапқы кәсіптік біліктілікті – «микроквалификацияны» беру жөнінде Мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандартына түзетулерді қарастыру үстінде. Қорыта айтқанда, жоғары сынып оқушыларының бастапқы кәсіптік біліктілік алуының әр алуан тетігі жүзеге асырылып жатыр, – деді Тамара Босымбекқызы.
Бізде аттестаттың және дипломның жалпыға мәлім, қалыптасқан үлгісі бар. Осы орайда сарапшылар Үкіметке «бастапқы кәсіптік біліктілік» (микробіліктілік) туралы құжаттардың ортақ үлгісін әзірлеуді ұсынды.
Жұмысшы – экономиканың қозғаушы күші
Мәжіліс депутаттарына жауап хатында Премьер-Министр Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасымен ТжКБ ұйымдарында, яғни колледждерде жастарға тегін жұмысшы мамандығын беру бағдарламасы 2025 жылы жалғасатынын жеткізді.
«Осы мақсатта мемлекеттік білім беру тапсырысы соңғы 3 жылда 50 мың орынға ұлғайтылды: 2021 жылғы 93 мыңнан 2024 жылы 143 мың орынға дейін. Бұған қоса, ТжКБ-ні жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне өзгерістер енгізілді. Оған сай жан басына шаққандағы норматив 2 есеге жуық – 2024–2025 оқу жылындағы 437 мың теңгеден 2025–2026 оқу жылында орта есеппен 913 мың теңгеге дейін артады. Сондай-ақ колледж студенттерінің шәкіртақысы 2022 жылдан бері 2 еседей өсті. 2024–2025 оқу жылында жұмысшы мамандықтар бойынша шәкіртақы 43 574 теңгені құрады», – деді О.Бектенов.
Оның мәліметінше, биылғы атаулы жылда дуальді білім беруді дамыту, кәсіпорындардың мектептер мен колледждерді қамқоршылығына (шефство) алуы, кәсіпке бағдарлау жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағыттар биылғы 6 қаңтарда қабылданған 2025–2027 жылдарға арналған ТжКБ-ні трансформациялау жөніндегі жол картасына енгізілген.
Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасымен және халықаралық тәжірибені ескере отырып, инженерлерді даярлаудың жаңа қазақстандық моделі ендіріліп жатыр. Ол бойынша инженерлік кадрлер 3 деңгейлі даярлықтан өтеді. Колледждерде – «техник», ЖОО бітірсе – «технолог», бейінді магистратураны аяқтаса, «кәсіби инженер» болады.
Премьердің дерегінше, «жастар практикасы» түрінде жас мамандардың жұмыс орнын бюджеттен уақытша субсидиялау бағдарламасы жалғасады. Оған соңғы 5 жылда колледж, ЖОО тәмамдаған түлектер қатыса алады. Оларды мамандығы бойынша жұмысқа алған жұмыс берушілер жалақының жартысын төлейді. Қалған жартысы айына 30 АЕК (биыл 117,9 мың теңге) көлемінде 12 ай бойы бюджеттен өтеледі.
2024 жылы 33,4 мың адам, соның ішінде жұмысшы кәсібі бойынша 10 мыңы Жастар практикасына бағытталған. 2025 жылы онымен 40 мың адамды қамту жоспарланған. Сондай-ақ Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ТжКБ түлектері үшін 24 мың жаңа жұмыс орны құрылуға тиіс.
Қазіргі уақытта экономиканың барлық саласындағы жұмысшы кәсіптерінде еңбек ететіндердің саны 1,3 миллион адамға жуық. Бұл – елдегі бүкіл жұмыскерлердің шамамен 37,4%-ы. Бұл ретте жұмысшы кадрларға деген сұраныс пен тапшылық артты. Оларды ауыстыруға роботтар мен технологияның қауқары әзірге жетер емес. Сондықтан құтты мекеніміздің көл-көсір қазынасы халық игілігіне жарауы, қала мен ауыл жайнауы, өндірістің қазаны қыз-қыз қайнауы үшін жұмысшы мамандықтарды қолдау биылмен шектелмей, болашақта да тек жалғасын тапқаны маңызды.
Айхан ШӘРІП