Дүние жаралғалы адамзат ізгі қоғамды іздеумен келеді. Көнеден көш тартқан аңыз-әфсаналар мен ертегілер, шежіре-дастандардың барлығының түп негізінде осы идеалды қоғамды суреттейді, соған үндейді.
Жердегі жұмақ қайда бар?
576
оқылды

Өзгелерді айтпағанда, өзіміз оқып-тоқып өскен Қорқыттың «мәңгілік мекенді» іздеуі, Асан қайғының Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көкорай шалғынды, сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздеуі секілді аңыздың астарында да байлық пен ырыстың, бақ пен берекенің, азаттықтың, бақыттың мекеніне деген ұмтылыс жатыр. Сонымен, адамзат бұл игілікке қайтсе қол жеткізеді? Әлде бұл құр утопия ғана ма? 

Ізгі қоғам – адамзаттың ежелден бергі арманы

Діни әфсаналарда «осы дүниеде жақсы­лық жасасаң, о дүниеде қызығын көресің» деген идеяны тұспалдайтыны жасырын емес. Десек те, жоғарыда айтқан Қорқыт пен Асан қайғының мысалдары жұмақты бұ дүниеден іздегенін байқаймыз. Белгілі қазақ фольклортанушысы С.Қасқабасов: «Мұ­сыл­ман мифологиясындағы жұмақтың сипаты фольклордағы Жерұйық немесе бақытты арал сияқты. Онда, яғни жұмақта адам рақат ғұмыр кешеді. Бірақ қоғам мен сана дамып, болмыстың қайшылығы, өмірдің қиындығы өскен сайын адам баласы енді сол жұмақты енді жер бетінен іздей бастайды, ол рақат өмірді өлгеннен кейін емес, тірі кезінде көргісі келеді...», – дейді. Ақын Жанат Әс­кер­бек­қызы: «Асан Қайғы туралы баяндарда барынша реалды өмірге жақындаған Жер­ұйық – әу бастағы Рухани тұрақ. Жо­ғары­да айтқанымыздай, мифтік танымның транс­фор­мациясы нәтижесінде адам баласы тірі­дей көре алатын қоныс Жерұйыққа айнала­ды. Түркілер дүниетанымындағы ғажайып мекен қазақ әпсаналарында «Жерұйық», «Өтүкен», «Үш қиян», «Сарыарқа», «Жиделі-Байсын» сипатында көрініс береді. Бұл мекендер құтты қоныс болумен қатар ел­дікті, егемендікті, киелілікті танытатын сим­волдық атауларға айналған. Жерұйық ұғымына түркілік танымдағы тәуелсіздік тығыз байланыстырылады. Рух мәңгі тұрақ табар мекен, яғни адамзат баласы үшін мәң­гілік тұрақ мифтік танымда ғажайып мекен ретінде сипатталады» дей келе: «Геракл, Пелей, Ахилл, Кадм, сондай-ақ бейбіт ниет­ті титандар осы мекенде. Ешкім егін екпесе де мол өнім алады. Ауру, қайғы деген атымен жоқ. Түркілердің Жерұйығы да халық таны­м­ында еш уайым, қайғысыз, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жер». Шотланд­тар­дың эльфтер мекен ететін аралы да осы­ған ұқсас сипатта», – дейді. Демек, әуелден «жұмақты» жердің астынан емес, жердің беті­нен іздеген адамзаттың әрекеттері бүгінге дейін жалғасып келеді деуге негіз бар. Оған ертедегі философтардан бастап бүгінгі идеялогтарға дейінгі тарих куә. Осылайша, «Жақсы әлемді құру» әрекеті әлі күнге жалғасып келеді. Әрбір мәдениетте бұл тақырып әртүрлі жолмен көрініс тапты. Мәселен, Платон «Республика» шығарма­сын­да идеалды қоғамды сипаттап, қоғамды билеушілер, қорғанушылар және жұмысшы­лар деген үш негізгі тапқа бөледі. Платон бұл қоғамның әділ әрі тең болатынын айтады. Билеушілер – философтар, олар халықтың игілігі үшін басшылық етеді. Қорғанушылар өз елін қорғайды, ал жұмысшылар қоғамның басқа қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Пла­тон­ның ойынша, бұл қоғамның әрбір мүшесі өз рөлін дұрыс орындап, жақсы өмір сүру үшін идеалды тәртіп орнатылуы тиіс. Осылайша, ол қоғамның қалай ұйымдасты­р­ылуы керек, әділеттілік дегеніміз не және адамның өміріндегі ең жақсы өмір салты қандай болу керек деген мәселелерді терең талқылап, маңызды философиялық тұжыр­ым­дамалар ұсынды. 

Ал әл-Фараби философиясындағы не­гізгі еңбектерінің бірі саналған  «Қайыр­ым­ды қала тұрғындарында» идеалды қоғам­ның сипаттамасын келтіріп, бұл қаланы құдай­лық заңдар мен ақылға негізделген мемлекет ретінде сипаттайды. Ол бұл қоғам­ды интел­лектуалды және этикалық тұрғыдан жетіл­ген, толыққанды адамды тәрбиелеуге ба­ғытталған деп түсіндіреді. Мұнда әр адам өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін қоғамның игілігі үшін жұмсайды.

1516 жылы Томас Мор «Утопия» атты ең­бе­гін жариялайды. Мор өз кітабында идеалды қоғамның бейнесін ұсынады. Ол «Утопия» аралының қоғамын сипаттай отырып, жекеменшіктің болмауын, теңдікті, әділеттілікті және білімге деген ерекше құн­дылықты алға тартады. Бұл жұмыс қо­ғам­ның жетіспеушіліктері мен әділетсіз­діктеріне қарсы күрес ретінде дүниеге кел­ген. Адамдар бір-біріне көмектесіп, жеке мүдделерден жоғары тұратын ортақ игілікті көздейді. Ал ХІХ ғасырда Карл Маркс пен Фридрих Энгельс «коммунизм» идеясын ұсынды. Олар қоғамда таптық бөлініс пен әділетсіз­дік­тердің болуына қарсы шықты және бар­лық адамның тең құқықтары мен тең мүм­кін­діктері бар қоғамды құруды мақсат етіп, коммунистік қоғамда жекемен­шік болмай­тынын, өндіріс құралдары ха­лық­тың қол­ында болатынын және әділ әлеуметтік құры­л­ым орнатылатынын бол­жа­ды. Бұдан кейін  ХХ ғасырда Кеңес Ода­ғында комму­нис­тік идеялар негізінде жаңа, әділетті және тең қоғам құру әрекеті көрініс тапты. Кеңес үкіметі өз идеологиясында әлемді социалис­тік негізде өзгертуге және «жақсы әлем» орна­туға ұмтылды. Бірақ бұл процестің барысында көп қателік болып, адам құқық­тары бұзылды, соның нәтижесін­де бұл «жақ­сы әлем» идеясы сынға ұшырады.

Ал бүгінде дүние дидары демократияның даму жолы мен адам құқықтарына басымдық беріп келеді. Мысалы, азаматтық құқықтар қозғалысы АҚШ-та, әйелдердің дауыс беру құқығы үшін күрес, нәсілшілдікке қарсы қоз­­ғалыстар және басқа да әлеуметтік ре­фор­малар қоғамның әділ әрі тең болуына ұмтыл­ды. Десек те, бұл идеалистік тұжырым­да­малар қоғамның дамуындағы үлкен қа­дам­­дарды көрсеткенімен, оларды жүзеге асыру бары­сында қиындықтар мен күрделі мәселелер тап болды. Осы ретте Уинстон Чер­чилль­дің «Демократия керемет дей алмаймын, бірақ адамзат одан асқан дәнеңе ойлап тапқан жоқ» деген атақты сөзі еске түседі.

«Ортақ» пен «меншік» – ымырасыз қос ұғым

Біз жоғарыда келтірген мысалдың бар­лығы дерлік ортақ пен меншіктің арасын­дағы дау-дамайдан туындады деуге негіз бар. Мәселен, ойшыл Аристотель жекеменшікті қоғамның негізі деп санады, бірақ ол жеке­меншік адамдардың өздеріне ғана емес, қо­ғам­­н­ың игілігіне қызмет етуі керек деп түс­індірген. Оның пікірінше, жекеменшік қоғамда әділеттілік пен тәртіпті сақтау үшін маңызды, бірақ ол өз мақсатын асыра пайда­ланбауы керек деп түсіндірсе, Платон өзінің «Республика» шығармасында қоғамның ор­тақ меншік принциптерін ұсынады. Ол философтарды, жауынгерлерді және шаруа­ларды қоғамның негізгі топтары ретінде сипаттай отырып, олардың ортақ меншікті иеленуі керек деп тұжырымдайды. Рене Декарт және Жан-Жак Руссо сияқты фило­со­фтар болса жекеменшікті әлеуметтік келісімдер мен құқықтарға негізделген ұғым ретінде қарастырды. Олар әлеуметтік шарт­тың негізінде жекеменшік әлеуметтік реттеудің бір бөлігі болуы керек деп есептеді.

Карл Маркс пен Фридрих Энгельс өздерінің коммунистік теориясында жеке­меншікке қарсы шығып, қоғамдық меншік пен ортақтықты жақтайды. Олардың партия манифесінде айтқан «Барлық елдің пролет­арлары, бірігіңдер!» деген сөзі коммунис­тердің ең танымал ұранына айналды. Олар, әсір­есе өндірістік құралдардың ортақ мен­шікке өтуі арқылы қоғамдағы таптық тең­сіздікті жоюды мақсат етіп, жекеменшік капи­талистік қоғамның негізгі қайнар көзі деп санап, оның адамзаттың бостандығына кедергі келтіретінін айтқан. Осы ретте ой­шыл ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов­тың «Ес бағында» атты поэмасындағы ортақ пен меншікке қатысты ойларын ортаға салуды жөн көрдік. Поэма: «Ортақ, Меншік. ­Ымы­р­а­­сыз қос ұғым. Талай көсем ойлап өлген жос­ығын», – деп басталып:

«Ортақ – не мән?

Осы – менің білмегім.

Меншік – не мән, өзін-өзі күрмегір?!

Күн мен Жердей бола алмай ма екеуі,

Күн мен Жердей: нұрға – гүл де, 

гүлге – нұр?..

Озбыр тірлік,

Жүйке өртейді ащы мұң,

Ортақ, Меншік!.. Көрер ме едік пошымын!..

Қойшы соны,

Нұрды айтсаңшы,

Ақысыз,

Ағыл-тегіл төгеді-ай кеп осы Күн!» дей келе, Меншік пен Ортаққа қатысты өз ұс­танымын былайша сабақтай түседі:

«Коммунистік ортақ құрылыс» – кешегім,

Бас сүйектен тұрғызылған, есебі.

Кіл қызыл сөз!

Саясаттар көші еді…

Бүгінгіміз – саудагерлер шешетін

Ортақ? Меншік?

Ол – «Шығай»?

Сен – «Көсесің»?

«Шығайбайлар» жібермейді есесін!», – деп кешегі коммунистік кезеңнің «ортақты­ғы» мен бүгінгінің «меншіктігіндегі» қате­ліктерге ой жүгірткен ақын бұл поэмасында адамзатқа тән «Ортақ» бар дейді және оны «Ой» дейді. Ақынның пайымдауынша, адам­затқа тән ортақ ақиқат бар, ақынша айтсақ, «Ортақ Ес» бар. Сол ақиқаттың төңірегінде топтаса алса ғана ұшпаққа шығады. Ол үшін «менменсінген» «меншіктен» бас тарту қа­жет. Бұл ретте ақынның ойы Толстойдың идея­лары ішінде «болмыс бірлігі» және «жалпыадамзаттық ортақ рух» тұжырымда­масымен сабақтасып жатыр десек болады. Толстой қоғамдық сана тұтастығы хақын­дағы жазбасында былай дейді: «Адамдар ақиқатта ғана біріге алады. Ол үшін бір-біріне қарама-қарсы жүрудің қажеті жоқ. Керісінше, барлығы ақиқатқа қарай жүруі керек. Тек сонда ғана олар біртұтас болмысқа айналады. Адамдар жарасайын деп жарас­пайды, жолдары бір болғаннан кейін жара­сады. Үлкен храм бар деп елестетейік. Оның жарығы жоғарыдан бір нүктеге ғана түседі. Құлшылық қылушылар бастарын қосу үшін бір-біріне емес, әлгі ортадағы сәулеге ұмтылса жеткілікті. Сонда ғана олар өзара жұмылады», – дейді данышпан.

 

Түйін:

Ұлы гуманист Махатма Ганди: «…Адамзатқа жойқын залал келтіруі мүмкін жеті әлеуметтік күнә – принципсіз саясат, бейнетсіз байлық, арсыз рақат, ақиқатсыз білім, имансыз сауда, ізгіліксіз ғылым, құрбандықсыз құлшылық» деген екен. Десек те,  «Дәуір дауысы» кітабында Әбіш Кекілбаев: «Менің пайымдауымша, адамзат шын мәніндегі демократияшыл, адамгершілігі мол қоғамда әлі өмір сүріп көрген жоқ» деген сөзі әлі де адамзат бір идеяның төңірегінде топтаса алмайтынын көрсетіп отыр. Еліміз тәуелсіздік алғалы жоғарыда айтқан қоғамдық санаға қатысты көптеген идеяны ұсынып келеді. Осы ретте орыс ойшылы Н.Бердяевтің: «Мемлекеттің міндеті – осы елде жұмақ орнату емес, ел ішінің тозаққа айналып кетуін болдырмау» деген сөзі еске түседі. Демек, мемлекеттің ғана емес, барша адамзаттың міндеті де осы болса керек.

Наурызбек САРША