Құсбегілік – қазақтың салтымен біте қайнасып, бірге жасасып, бабадан балаға мұра болып жеткен саф өнер.
Құсбегілерге құрмет: салаға соны серпіліс қажет
446
оқылды

Қанаттылардың «ханы» деп дәріптелген қыранды қазақ қай кезде де құрметтеген. Бүгін де бұл асыл өнеріміз айрықша насихатталып, ерекше екпінмен дамуда. Бір жылдары тіпті «Құсбегілер мектептерін» Жамбыл облысынан құру туралы бастама көтерілген болатын. Алайда басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сылдыр суға айналып кеткендей. Осы орайда қазақы қаймағы бұзылмаған Жамбыл өңірінде құсбегілік мектептерін ашуға не кедергі болып жатқанын білмек мақсатта мәселеге майшам салып үңіліп көрген едік.

«Құсбегі және тазы иттер» фе­дерациясы өңірлік филиалының тө­рағасы Дулат Маратұлының ай­туын­ша, Жамбыл облысы құсбе­гі­лер мектептерін ашуға таптырмас мекен екен. Алайда бүгін қолдау болмай тұр. 

– Қазір федерация жұмысынан бөлек, Меркі ауданындағы №22 ба­лалар және жасөспірімдер спорт мек­тебінің директорымын. Осы мек­тептен құсбегілік өнеріне бап­тай­тын бір штат ашқанмын. Онда 12 бала жаттығуда. Шәкірт­тері­міз­дің алды – әлем мен Азия чем­пион­­­­дары. Сондай-ақ ел бірінші­лік­терінің 5 дүркін чемпиондары бар. Алайда талантты жас құсбе­гі­ле­ріміз болғанымен, қолдау бол­май тұр. Олай дейтінім, қолда бар 4 бүркіт, 3 қаршыға және 2 ител­гі­нің барлығы – жаттық­тыру­шым­ның жекеменшігіндегі құстар. Ал спорт мектебіне қыран құс алайын десек, бүркіттің бағасы 5000 АҚШ доллары тұрады. Ителгі тіпті 10-15 мың АҚШ долларына бағалануда. Елі­міз бойынша тек Алматы об­лы­сын­да «Сұңқар» атты тәлімбақ құ­­­­рылған. Жалғыз тәлімбақ бол­ған­нан кейін онда таңдау бола бер­мейді. Жамбыл облысынан тә­лім­бақ ашайын десең, ол да үл­кен қаржыны қажет етеді. Содан қол­да барды ұқсатып, әйтеуір жұ­мыс істеп жүрміз, – дейді Дулат Марат­ұлы.

Өңірлік филиал төрағасы­ның сө­зіне сүйенсек, не­гі­зі бұрын Жам­был облысындағы спорт мектептерінде ресми тіркел­ген 3 бүркітші болған екен. Қазір со­ның біреуі ғана қалған. Қалған бүр­кітшілер спорт мектептерінде жа­лақы аз болғаннан кейін жұ­мыс­қа кіргісі келмейді. Ал Алматы об­­­лысындағы бір ғана Нұра ауы­лында 40 бүркітші бар. Сондай-ақ Ақмола облысында құсбегілік өне­ріне деген жанашырлық басым. Мә­селен, олар 2 жыл қатарынан «Бүр­кітшілер фестиваліне» қазы­на­дан қаржы қарап, жүлдеге «Ни­ва» автокөлігін тікті. Дәл сондай Шы­ғыс Қазақстан облысының би­лік өкілдері бюджеттен 40 мил­лион теңге бөліп, Өскеменде ат шаптырып, киіз үйлер тігіп, жылда дүркіретіп бүркітшілер жарысын өткізеді. Ал Жамбыл облысында сон­дай қолдаудың ұшқыны да жоқ. Соған қарамастан жас бүркітші­лері­міз дүбірлі додаларда дара шауып, бүгінде республика көле­мін­де көш бастап тұр. Бір сөзбен айтқанда, талантты жастарымыз аз емес, алайда оларға жағдай жасал­мауда. 

– Алдыңғы жылы Павлодар мен Петропавл аймақтарынан құс ұс­­тайтын азаматтар шығып, Әу­лиеа­та жеріне қоныс аударуға ниет білдірген. Алайда олар баспана сын­ды тұрмыстық қажеттілікпен жергілікті билік өкілдері қамтыса де­ген өтініштерін білдірді. Алайда біз ондай мүмкіндік жасап бере ал­мадық. Содан олар да келмей қойды. Қасиетті Әулиеата өңірі – «Құсбегілер мектебін» ашуға лайық­ты бірде-бір мекен. Себебі бег­зат өнер біздің жастарымыздың қанында тұр. Енді тек билік тара­пынан демеу болса, бүркітшілікті біз жаңа белеске шығарар едік, – дейді Дулат Маратұлы. 

Ұлттық өнердің жанашыры «Құс­бегі және тазы иттер» феде­ра­ция­сының да жұмысы кенжелеп тұрғанын айтады. Оның сөзінше, федерация құрылғанымен, өңірлік филиалдарға қаржы қаралмай ұмыт қалған. Осылайша, кеше ашыл­ған федерация бүгін жабылу алдында тұр. 

– Негізі, бізде бір нәрсені бас­тау бар да, аяғына дейін жеткізу жоқ. «Құсбегі және тазы иттер» фе­дерациясын құрдық та, алайда оның жұмысын жүргізуді кейінге ысырып қойдық. Қазір қолымызда федерацияның мөрінен басқа еш­теңе жоқ.  Бірер жыл бұрын қыр­ғыз­дар көкпар ойынына көз са­лып, өздерінің ұлттық өнері ре­тін­де дәріп­тей бастағанда, енді тазы иті­мізден айырылып қалмайық деп олар­ды арнайы тіркеуден өткізуді қол­ға алғанмын. Сол кезде Жам­был облысы бойынша 697 тазының басы құралды. Енді соны патенттеп алайын десек, министрлік иттердің саны 1000 бастан аспайтын болса патент берілмейтінін айтып, ние­тімізді су сепкендей басты. Кейін тазы иттердің тағы санағын жүр­гізіп, үй-үйді аралап, әлеуметтік желілерден арнайы топтар құрып, басын 1000-ға жеткізуді ойлап едік, басында тіркелген иттердің ие­ле­рінің өзі «патент алсаң, салық тө­лейді екенсің» деп бас тартып кет­­ті. Осылайша, бұл ісімізде аяқ­сыз қа­лып отыр, – дейді Дулат Ма­рат­ұлы іш қынжылысын білдіріп. 

Осы орайда құсбегілерге не­ге қол­­дау көрсетілмей жат­қанын білмек мақсатта «Әулиеата» ұлттық спорт клубының директоры Нұрдаулет Момыновқа хабар­лас­тық. 

– Қазір құсбегілерге қолдан кел­­генше қолдау көрсетіп жатыр­мыз. Жарысқа барамын десе, жолы бар, құстарының жемі бар, бәрімен қамтамасыз етеміз. Рас, бұрындары Жам­был жерінде бүркітшілер жа­рысы жиі ұйымдастырылатын. Алай­да бұл үрдіс кейінгі жылдары үзіл­ді. Бұл іспен «Құсбегі және та­зы ит­тер» федерациясының өңір­лік фи­лиалы айналысуы керек деп ой­лаймын. Егер олар бастама кө­тер­се, біздің тараптан қажетті қол­дау болады.  Спорт мектептеріндегі құс­бегілер үйірмелеріне келер бол­сақ, Жамбыл ауданындағы бүр­кіт­ші Бауыржан Ешметов қызм­ет­тен өз еркімен кетті. Денсаулығы мен жеке мәселелеріне бай­ла­ныс­ты осындай шешім қабылдады. Одан кейін спорт мектебі ол штат­ты жауып тастады. Шындығын айт­қанда, қазір біз құсбегілік өне­рін үйрететін адам таппай отыр­мыз. «Бүркіттің бабын білсем» дей­тін жастар көп. Алайда білікті ма­ман болмай тұр.  Жат­тықтыру­шылардың жалақылары да аз емес. Спорттық дәрежелеріне қарай ала­ды. Мәселен, бүркітшілер жа­ры­­сында әлем чемпионы болып кел­ген Бабажан Бағдәулет 500 мың теңге үстінде жалақы алады. Бір сөз­бен айтқанда, құсбегілік өнерді жан-тәніңмен сүйіп, аянбай тер төк­сең лайықты жемісін де көре­сің, – дейді Нұрдаулет Момынов. 

Өңірдегі ұлттық спортқа жауап­­ты маманнан осын­дай жауап естігеннен кейін «өз еркімен қызметтен кетті» деген бүр­кітші Бауыржан Ешметовтің есі­гін қақтық. Алайда құсбегі жұ­мыс берсе, қазір кірісуге дайын еке­нін айтып, аң-таң қалдырды. 

– Жамбыл ауданындағы спорт мек­тептегі штатым қысқарып кет­ті. Содан жұмыссыз қалдық. Әйт­песе, жұмыс берсе, қазір істеуге дайын­мын.  Қолымда 2 бүркіт, 2 қаршығам бар. Осы таңға дейін 16-17 жас құсбегіні тәрбиелеп шы­ғардым. Қолымнан түлеп ұшқан бір шәкіртім күні кеше Көкшетау жерінде өткен жарыста жүлделі 2-ші орынды иеленіп келді. Дәл сондай бүркіт баптауға ниетті та­лантты жастар көп. Алайда оларды баптау үшін жаттықтырушыларға да жағдай жасау керек. 140 мың тең­ге жалақыға құстарға жем ала­сың ба, әлде бала-шағаңды асы­рай­сың ба, жетпейді. Содан бүр­кіт­шілердің дені спорт мек­­­­­­­теп­теріне жұмысқа келгісі кел­мей­­ді. Егер біздің еңбегіміздің лайық­­ты бағасын беретін болса, Жам­был өңірін жас құсбегілердің орталығына айнал­дыруға болады, – дейді құсбегі. 

Иә, осылайша тараптардың сөз­дері қиыспай, санамызды сан-сақ­қа жүгіртті. Бірі «бүркіт­ші­лер­дің өздері жұмыстан қашып отыр» десе, енді бірі «қыз­мет бермейді» деп шырыл қағуда. Кім­нің ақ, ал кім­нің жала сөйлеп отырғаны белгісіз. Бұл түйткілдің түйінін жо­ғарғы билік өкілдерінің араласуы­мен ғана тарқатуға бо­ла­тын секілді. Осы орайда өңірдегі құс­бегілік өнері мен бүркітшілер мектебін ашу­ға қатысты АҚШ-тың Луи­зиа­на штатындағы Hawking құсбегілер клу­бының мүшесі, этнограф, зерт­теуші-натуралист, Кеңес Одағы тұсында Жамбыл же­рі­нен алғаш болып құсбегілер үйір­месін ашқан Жапар Тілеу­жан­ұлы­ның пікірін білген едік.

– Кеңестік кезеңде құсбе­гілер­дің алғашқы жолы Шу ауданы Но­­­­­вотроицк (қазіргі Төле би ауы­лы) семхозында салынған болатын. Сол тұста өзім бас болып «Қауыр­сын» құсбегілер клубын құрған­мын. Жас өрендерді ата-бабадан келе жатқан бекзат өнерге баулып, талай шәкірт тәрбиеледім. Осынау бастамамыз одаққа тарап, АҚШ, Бол­гария, Венгрия сынды мем­ле­кеттерден туристер мен саятшылар лек-легімен ағылды. Және шетел­діктер «Тас-түлек» фильмін түсіріп, ұлт­тық өнеріміз барынша дәріп­тел­ді. Кейіннен «Қауырсын» атты кітап та жарық көрді. Сол жылдары америкалықтар мені Hawking бүр­кітшілер клубына да мүшелікке ал­ды.  Қазір өзі қыран ұшырып, оған аң алдырып, ешкімді таңғал­дыра алмайсыз. Өйткені құсбегілік өнер әлемдік аренада қатты наси­хат­талуда. Елдің бәрі әлеуметтік же­лілер арқылы небір қызықты кө­ріп отыр. Сондықтан біз төл өне­рімізді басқа қырынан көрсете білуіміз қажет. 

Бүгінде құсбегіліктің көрер­ме­ні аз. Сондықтан болар, тірі аңды қолдан жіберіп «шоу» жа­сап жүрміз. Бұл әрекетімізді ха­лық­аралық ұйымдар қолдамайды. Сол себепті басқа шара ойлануы­мыз қажет. Қазір өткізіліп жүрген құс­бегілік сайыстарында құсты қоян­ға салу етек алған. Бұл дұрыс емес. Бұрынғы қазақ зеңбірекпен тор­ғай атқандай қылып қыранды қоянға салмаған. – дейді Жапар Тілеу­жанұлы.

Оның пікірінше, құсбегілік өнер­ді жеке бөлмей, кешенді түрде сал-серілік институты ретінде да­мы­тып, оған тазы мен жылқыны, та­ғы басқа халықтарды қы­зық­ты­ратын салт-дәстүрлерімізді қосып, ұлттық өнердің жиынтық бейнесін жа­саған дұрыс. Бұлай болғанда өңірлерде туризмді дамытуға және байырғы мұрамызды ғылыми тұрғыдан жетілдіріп, халықаралық деңгейде насихаттауға болады.

– Қалай айтсақ та, құсбегіліктің отаны – қазақ даласы. Сондықтан біз басқаларға жол көрсетіп, үй­ретіп отыруға тиіспіз. Ол үшін үл­кен қалаларда құсбегілікті да­мыту­ға арналған шатырлы, қозғалмалы стадион салатын кез жетті. Одан кейін тағы бір есте болатын дүние – Алматы қаласында орналасқан Қазақ спорт және турзим акаде­мия­сы негізінде қызықтаушы сту­дент, жастарға құсбегілікті үй­ре­тетін факультативті курс немесе са­бақтар ұйымдастырылса, нұр үс­тіне нұр болады. Бұған барып біл­генімді үйретуге өз басым дайын­мын. Екіншіден, елімізде әлем­дік құсбегілер орталығын ашу­ға мүмкіндік бар. Егер бұл шаруа қолдау тапқан жағдайда ор­талықты Жамбыл немесе Маң­ғыс­тау өлкесінен ашқан дұрыс. Өйт­кені бұл жерлер саят құстарының өмір сүру дәлізі саналады. Сонда ға­на біз өзімізді құсбегіліктің «ие­сіміз» деп айта аламыз. Ал бүр­кіт­шілер мектебіне келер болсақ, оны ашпас бұрын, ең алдымен қыран құс­тарын өсіретін тәлімбақтарды көп­теп құру қажет. Және саят­шы­лық өнеріне жеке бір құрылымдық статус берген жөн. Сонда құстар­дың азығы, бүркітшілердің жа­ла­қы­сы, материалдық-техникалық ба­засы сынды мәселелер өздігінен ше­шімін табады, – дейді Жапар Тілеу­жанұлы. 

Иә, табиғат жанашыры, өмір жо­лын құсбегілікке арнаған қария­ның ұсыныстары орынсыз дей ал­массың. Шынында, құсбегілер мек­тептерін ашу үшін оған ең ал­дымен қам жасаған жөн. Арнайы тә­лімбақтар ашып, материалдық ба­замызды нығайтып алғанымыз аб­зал. Сонда ғана көздеген мақса­ты­мызға жете аламыз. Ал біздегі спорт саласына жауапты мамандар мен бүркітшілер әлі күнге бір-бірі­мен тайталасып, текетіресіп жүр. Сондай-ақ бүркітшілерге мәртебе беруді де мықтап қолға алған дұ­рыс секілді. Сол кезде құсбегілерге деген құрмет те артады, бұл бағыт­қа қаржы бағыттауға да мүмкін­дік­тер ашылады. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы