Күн тәртібіндегі мәселелерге орай Индер аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дәурен Сағынғалиев, «AMANAT» партиясы атынан сайланған Елтай ауылдық округ әкімі Дулатбай Сариев, «Индер» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бақберген Сақипов және «Жастар Рухы» ЖҚ-ның аудандық жетекшісі Гүлназ Өмірзақова 2024 жылы атқарылған жұмыстарының есебі мен 2025 жылға арналған жұмыс жоспары туралы баяндама жасады.
Отырысты қорытындылаған «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев филиалдың жылдық есебін тыңдай отырып, атқарылып жатқан жұмыстарына бағыт-бағдар берді.
– Біз сіздерді сынау үшін тексеруге келмедік, сіздердің жұмыстарыңызға жөн сілтеп, өз тәжірибемізбен бөлісуге, бірлесе отырып филиалдың жұмысын бұдан әрі көтеруге және сол бір мақсат, бір мүдде жолында бірлесе жұмыс істеуге келдік. Бізді 2025 жылға арналған жоспарлар бойынша қарқынды жұмыстар мен үлкен міндеттер күтіп тұр, – деді Қуантай Мергенбайұлы.
Актив отырысынан кейін жұмысшы топ «Индербор» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесті. Сондай-ақ Индербор кентінде Жайық өзені жағалауында былтырғы тасқын судан кейін шөккен 850 м бөгетті қайтадан қалыпқа келтіру және нығайту бағытында желтоқсан айында басталған жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар комиссия мүшелері Индербор кентіндегі 80 пәтерлік құрылысы тоқтап тұрған тұрғын үйге арнайы барды. Аталған ғимараттың төбе жабындысының фермалары орнатылған, терезелері салынып, бетонды сылақтары жасалған. Тұрғын үйге дейінгі сыртқы жылу, газ, су және кәріз желілері жүргізілген. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізу үшін құжаттары рәсімделуде.
Ә.САМАТҰЛЫ