Үкімет экономиканың тұрақты дамуына негіз болады деген мақсатта инфрақұрылымды жаңғырту үшін қаржыландырудың жаңа жолдарын іздеуде.
Зейнетті күннің кепілі – болмасын бюджет тетігі
242
оқылды

Соның ішінде сарапшылар арасында ең көп талқыланатын құралдың бірі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активтерін пайдалану. Қоғамда халықтың зейнетақы жинақтарын мемлекеттің пайдалануына қатысты түрлі алаңдаушылық бар. Сондықтан БЖЗҚ активтерінің инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуының себептері, тәуекелдері мен тиімділігі туралы саралауды жөн санадық.

ҰБ монетарлық операциялары департамент директоры Н.Тұрсынханов Сенатта зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін талқылау барысында еліміздің мемлекеттік бағалы қағаздары отандық бағалы қағаздар нарығындағы неғұрлым сенімді және өтімді қаржы құралдары екенін атап өткен еді. Оның айтуынша, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін жергілікті нарыққа инвестициялау тұрақты инвестициялық табыс алуды ғана көздемейді, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді.

– 2025 жылы жергілікті нарықта мемлекеттік бағалы қағаздарды, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, екінші деңгейдегі банктердің және басқа да бағыттардың облигацияларын сатып алу сияқты бағыттар шеңберінде БЖЗҚ зейнетақы активтерін нарықтық жағдайларда инвестициялау жалғастырылатын болады. Зейнетақы активтерін инвестициялау тек  нарықтық мөлшерлемелер бойынша жүзеге асырылатынын атап өту маңызды. Мысалы, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша валюта портфелінің көлемі 17,2 млрд АҚШ долларын (9 трлн теңге) немесе зейнетақы активтерінің шамамен 40%-ын құрады. Бұл инвестициялар географиясын және қаржы құралдарының тізбесін кеңейту есебінен БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ұзақмерзімді кезеңде инвестициялық портфельдің сапасы мен кірістілігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Валюта портфелінің бір бөлігі стратегиялық түрде әртүрлі қаржы құралына инвестицияланады әрі алдын ала белгіленген стратегияға сәйкес жүзеге асырылады. Әдетте валюта портфелінің активтерін басқару арнайы индекс негізінде жүргізіледі. Индекс – бұл таңдалған инвестициялық нарықтардағы бағалы қағаздардың кең жиынтығы. Мысалы, акциялар индексіне Apple, Microsoft, Tesla және басқа да ірі компаниялардың 1 000-нан астам эмитенті кіреді. Эмитент – бұл бағалы қағаздарды шығаратын және олар бойынша міндеттемелерді өз мойнына алатын компания, ұйым немесе мемлекет. Мұндай тәсіл инвестициялардың әртараптандырылуын қамтамасыз етіп, тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Тұрсынхановтың мәлімдеуінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 8,6% инфляция кезінде 17,8%-ды құрады. Сонымен қатар БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі 2024 жылы 26% -ға, ал валютаның үлесі 40%-ға дейін өскен. Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарында зейнетақы активтері 22,4 трлн теңгеге жетті, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,6 трлн теңгеге артық. 2016 жылдан бастап зейнетақы портфеліндегі валюта активтерінің үлесі 17%-дан 40%-ға дейін ұлғайған.

Ресми деректерге сүйенсек, БЖЗҚ активтерінің шамамен 70%-ы қазақстандық эмитенттерге салынған, олардың ішіндегі ең бастысы мемлекеттік борыш (Қаржы министрлігінің облигациялары) және квазимемлекеттік борыш (ұлттық компаниялар мен холдингтердің борыштық міндеттемелері) болып табылады. Басқаша айтқанда, Қазақстанның зейнетақы жүйесі мен болашақ төлемдер ел экономикасының табысына тікелей байланысты. 

Бір қарағанда ел қаржысы халық игілігіне жұмсалғаны – құптарлық іс. Дегенмен қаржыгер Андрей Чеботаревтің пікірінше, мұндай қадамнан келер қауіп те жоқ емес. Оның негізгі ойы – зейнетақы қоры активтері – «ең қасиетті» ақша, сондықтан оларды кез келген мемлекеттік жобаларға жұмсауға болмайды, тек сенімді инвестицияларға бағыттау керек. Қаржыгер зейнетақы активтерінің максималды қорғалған және тиімді болуы тиіс деп санайды. 

– Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктердің шектеулі екенін және сенімділігі жоғары қаржы құралдарының аздығын ескере отырып, бұл қаражаттарды шетелдік, неғұрлым тұрақты және сенімді активтерге салу керек. Патриотизмге емес, кірістілікке және қауіпсіздікке басымдық беру қажет. Мы­салы, Норвегияның зейнетақы қоры өз активтерінің 5%-ын ғана ел ішінде ұстайды, себебі елдегі дағдарыс бүкіл қордың құлауына әкелуі мүмкін. Қазақстандық зейнетақы активтері де осы қағидамен әртараптандырылуы керек, – деді ол.

Сарапшы елдегі кейбір зейнетақы активтерінің өтімділігі төмен екенін алға тартты. Яғни, белгілі бір бағалы қағаздарды қажет болған жағдайда тез әрі тиімді сату мүмкін емес. Бұл дағдарыс кезінде үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Қаржыгер мұны жылжымайтын мүлікпен салыстыра келе, құнды қағаздар да қағаз жүзінде жоғары бағалануы мүмкін, бірақ оларды тез сату қажет болғанда, бағасы күрт төмендейтінін айтты.

– Зейнетақы қорының активтері Қазақстан экономикасына инвестиция ретінде емес, халықтың болашақ зейнетақысын қамтамасыз ететін қауіпсіз, сенімді қаржы құралы ретінде қарастырылуы керек. Зейнетақыны инвестициялаудың қазақстандық моделі негізінен ішкі нарыққа бағдарланған, ал норвегиялық, чилилік және аляска­лық модельдер кірістілікті арттыру үшін жаһандық қаржы құралдарын белсенді пайдаланады. Өкінішке қарай, әртараптандырудың болмауы және зейнет­ақы ақшасын экономиканың Несие берушісі ретінде пайдалану болашақта жүйелік тәуекелдерге әкеп соқтыруы мүмкін, – дейді ол.  

Салыстырар болсақ, Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры (әлемдегі ең ірі егеменді қор) қаражаттың көп бө­лі­гін шетелдік активтерге, соның ішінде акцияларға, облигацияларға және жылжымайтын мүлікке салады. Ал Чилидің жеке қорларға негізделген зейнетақы жүйесі (AFP) қаражатты халықаралық нарықтар мен жеке секторды қоса алғанда, әртараптандырылған активтерге салады.

Кәмила ДҮЙСЕН