Айдаһардың ордасы үшін арпалыс.
Елі ұмытпаған Ер еді...
2,352
оқылды

– Анау бір-екі кітапта айтылатын Мә­ден­ов кім? Сен бе, басқа ма?

– Мен едім.

– Анық па?

– Анық.

– Осы күнге дейін ол жайыңды неге айт­пай жүрсің?

– «Мен пәлен еттім, түген еттім» деп несіне мақтанайын. Сырты жұпыны болса да, ішкі қасиеті мол Тайсойғанның топ­ырағынан жаралыппыз ғой. Тайсойғанды «Қақпақты көл» демейтін бе еді, қақпағымды ашқан адам асылымды көрмей ме? Жазушы болсаң, қақпағымды көтере білмессің бе, жиен аға? – деп тынды Кенжебай...

Белгілі жазушы Ғабдол Слановтың 1981 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген алты томдық шығармалар жинағының 6-том­ындағы «Тайсойған түлектері» атты очеркінде осындай диалог келтірілген. Оқи отырып ұққанымыз, жазушы бұл туындысын 1965 жылы жазған болуы керек. «Қақпақты көл», «Айдаһар ордасы» және «Берекелі ұя­лар» атты бөлімдерден тұратын он тоғыз беттік очерк Берлин Ратушасына Жеңіс туын тіккен хас батыр Кенжебай Мәденовке арналыпты. Бұл – 1948 жылы Мәскеудің «Воениздат» баспасынан шыққан «Берлинге шабуыл» және немістің Клаус Похе, Ганс Олива ныспылы қос жазушысының «Түн көрпесі түрілгенде» атты кітаптарын оқы­ған­нан кейін батырдың өзімен Гурьев қа­ла­сында кездесіп, 60-жылдардың орта тұсында жазылған очерк.

Тарихқа үңілсек, тек Қазақстанның өзінен 1 миллион 800 мыңдай адам қатысып, 20 дивизия жасақталған Екінші дүниежүзілік соғыстан солардың тең жартысы қайта оралған жоқ. Жорық жолында ерлік көрсетті, қаза тапты, аман қалғаны жеңіспен елге оралды. Сол кезде ерекше ерлігімен көрініп, Берлин қаласындағы басты ғимарат – Рейхстагқа ту тіккен де қазақтың батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаев еді. Оның ер­лігін көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері, ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед abai.kz ақпараттық порталына 2021 жылдың 4 мамырында «Саяси портрет» айдарымен жарияланған «Жаужүрек. Рейхстагқа ту тіккен кім?» атты мақаласында бүге-шігесіне дейін жазды.

Британия премьер-министрі У.Чер­чилльдің жеделхатына АҚШ-тың 32-ші президенті Ф.Рузвельттің жауабы жетіп үлгергенше, 1944 жылғы қарашада алғашқы нұсқасы жасалған «Берлин операциясы» жоспары егжей-тегжейлі көрсетілген арнайы Директиваға Жоғарғы Бас қолбасшы И.Сталин 1945 жылғы 3 сәуір күні қол қоя­ды. Тарихи мәліметтер бойынша, дәл осы құжаттың негізінде 16 сәуірде бұл со­ғыстың ең соңғы шабуылы басталған. Не­бәрі 23 күнге созылған осы операцияда Қызыл Армияның шығыны шейіт болғандар мен жаралыларды қоса алғанда 361 367 адам бол­ыпты. Әсіресе, солардың ішінде Берлиндегі қарғыс атқан қанды ұя – Рейхстаг пен айдаһардың ордасы іспетті қала комен­да­турасының ғимараты – Ратушаға жеңіс туын тігуге таласқандар көп еді. Рейхстагтан 360 метр жердегі фашизмнің бас штабы – «Гиммлер үйі», яғни ішкі істер министрлігінің ғимаратын алу да көздел­генімен, негізгі күш алдыңғы екеуіне салынды.

Даңқы жер жарған маршалдар Г.Жуков пен И.Конев өз абырой­ларын бірінші кез­екке қойып, Берлинге басып кіру үшін ор­а­сан зор шығынға барғаны да рас. Оған негіз болған Жоғарғы Бас қолбасшы Ста­лин­нің: «Фашист айу­андарды өз апанында жаныштап, Берлин үстіне Жеңіс туын желбірету керек», – деген сөзі болатын. 1944 жылдың 6 қазанында айтылған осы сөзден кейін Жеңіс туын тігу аты жер жарған қолбасшылардың да ең үлкен арманына айналады. Әйтсе де, онсыз да жанталасып жатқан Гитлер командованиесі өліспей беріспеуге бейіл болды.

3-екпінді армияның құрамындағы 150-атқыштар дивизиясына қарасты 674-полктің командирі, подполковник А.Плеходановтың бұйрығымен 1-батальон­ның барлау взводының командирі, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов 1945 жылдың 30 сәуірі күнгі арпалыс сәтінде Рейхстагтың кіреберіс есігінің оң жақ колоннасына 14 сағат 25 минутта алқызыл туды қадағанын дивизия командирі, генерал В.Шатилов, Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков, тіпті «Рейхстагқа ту қадаған тұңғыштар» деп дәріптелген сержант Михаил Егоров пен кіші сержант Мелитон Кантария да өз естеліктерінде жазған.

Ал Берлин комендатурасы орналасқан Ратушаға Жеңіс туы 1945 жылдың 29 сәуір­ін­де ілінген еді. Ол ерлікті жасаған – 266-ат­қыштар дивизиясының құрамындағы 1008-полкіндегі 2-батальонның 5-ротасы атқыштар взводының командирі, лейтенант Кенжебай Мәденов пен оның орынбасары, кіші лейтенант Константин Громов. 28 сәуір күні 2-батальонға берілген бұйрыққа сәйкес қала Ратушасына шабуылдау әрекеті жедел әрі мұқият жасалды. Өйткені немістер де ғимарат ішіне мықтап бекініп алып, әр терезеден ажал оғын сеуіп жатыр еді. Сол себепті батальонды екіге бөлген командир, капитан Н.Бобылев біреуін өзі, екіншісінің басшылығын партиялық ұйымдастырушы, аға лейтенант Рахметолла Қарамановқа тапсырып, Ратушаға екі жағынан мысықта­бандап жылжи берді. Вильгельмштрассе жағынан келген Қараманов тобының құ­ра­м­ында Мәденовтің взводы бар болатын. Жаңбырша жауған жау пулеметінің оғы кідірт­кен жауынгерлер енді қайтерін білмей аңтарылып қалғанда анадайдан кеңестік танктер де көрінді. Соны ес тұтып, ілгері басқан қызыл әскерлерден Ратушаның іш­і­не бірінші болып кірген жиырма жастағы Кенжебай еді. Кіруін кіргенмен, фашистер­дің жандәрмен қарсылығына тап болды. Ғимараттың әр бұрышы, тіпті әр қадамы үшін кескілескен ұрыс жүріп жатты. Бір тәуірі, бұлардың оқшантайында немістің фаустпатроны көп болатын, оның ерекшелігі – қалың қабырғаларды да тесіп өтетін қуатты қару.

Осылайша, үш сағат бойы тайталасқан батальон Ратушаның ішін жаудан тазартты. Екі жақтан да адам шығыны аз емес. Кен­жебай үшінші қабатқа шыға бергенде жуан бағананың тасасынан тап берген еңгезердей немістің қолындағы пышақтан шалт қимыл­дап жалт берді де, өз пышағын өзіне сұғып үлгерді. Дереу шатырға жүгірген Кенжебай Мәденов гимнастеркасының ішінен орап алған Қызыл туды өз орынбасары Констан­тин Громовтың көмегімен Берлин Ратушасы­ның төбесіне қадап үлгерді. Бірақ бұл кезде екеуі де жаралы болатын. Жан алысып, жан беріскен ұрыста жарақатына да мән бермеген екеудің бар мақсаты Жеңіс туын қадау, сөйтіп қанқұйлы фашистердің жігерін құм ету еді. Ақыры, әбден қалжырап, өздері жараланса да бұйрық орындалды, Ту ілінді.

Жан-жақтан «уралаған» дауыстар Ратуша алаңын жаңғырықтырып жіберді. Себебі бұл Берлин қабырғасына, оның үстіне қала басшылығының ғимаратына тігілген тұңғыш алқызыл Кеңес туы болатын. Әйтсе де, Рейхс­тагтан да бұрын, Ратушаға Жеңіс ту­ын қадаған лейтенант Кенжебай Мәденов жер-жаһанды таңғалдырған қаһармандығы туралы өмір бойы ешкімге мақтаныш етпей, міндетсінбей өтті. Өйткені қазақы тектілік оның қарапайым қалпын бұзбай, үнемі ұстамдылығын сақтай білді. Айдаһардың ордасы үшін болған арпалыс жөнінде қаншама мақалалар мен очерктер жазылып жатса да, өзінің ерлігін бұлдамаған подпол­ковник К.Мәденов 1974 жылдың 26 желтоқ­санында Гурьев қаласында соғыс салған жарақаттың салдарынан елуге қараған шағында дүние салды.

Содан бері арада 80 жыл өтсе де, бұл ер­ліктің лайықты бағасы берілмей келеді. Әу баста Ратуша төбесінде Жеңіс туын тұңғыш желбіреткен Кенжебай Мәденовтің даңқты ерлігі «Қызыл жұлдыз» орденімен бағаланып, қасындағы Константин Громовқа «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілсе, әлі күнге дейін «Халық қаһарманы» атағын биылғы 19 ақпанда туғанына 100 жыл тол­а­тын нағыз қайсар офицер Кенжебай Мә­д­еновтің ала алмауы тарихи әділеттілікке көлеңке түсір­генмен тең. Ал оны түзеу бүгінде тәуелсіз мемлекеттің өзінің ырқында емес пе?!

Назарбек ҚОСШИЕВ,

жазушы-публицист.

Атырау қаласы