Атырауда әлі күнге дейін денсаулық сақтау саласы проблемадан арыла алмай келеді.
Санитардың саны да аз, наны да аз
314
оқылды

Бір қызығы Атырау ауруханаларында, тіпті емханаларға дейін қажетті заманауи құрал-жабдықтар, ­аппараттар бар. Таршылық жоқ. Бірақ Атырау облысы денсау­лық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шеше алмай келе жатыр.

Дәрігер мамандардың жетіспеушілігімен бірге, қазір Атырауда кіші медициналық қызметкерлер тапшы. Қазірдің өзінде Аты­рау облысында 100-ге жуық санитар жетіс­пейді. Бір қарағанда, санитар мамандардың жұмысы аса бір құнды болып көрінбеуі де мүмін. Бірақ денсаулық сақтау нысанының тазалығынан бөлек, реанимациядағы, па­латадағы ауыр науқастардың шай-тама­ғын беру, төсек-жабдығын тазалау, әжетін өтеуіне дейінгі міндеттердің барлығын жазылма­­ған заңдылықпен орындайтын елеусіз батыр­лар – осы санитарлар.

Науқас көбейіп, әріптестері сырқаттанып қалса, тәуліктен-тәулікке дейін демалыссыз жұмыс атқаруға бар санитарлардың еңбек жағдайы әлеуметтік пакеттермен қорғал­майды. Мейлі аурухана тәулігіне қанша нау­қас қабылдаса да, санитарлар ауыр еңбек жағдайына қарамастан, төмен жалақы алады. Сол себепті жастар жағынан санитар ма­мандығын саналы түрде таңдайтындар бар деп айту қиын. Ал қазір ауыр еңбек жағ­­дайында қызмет етіп жүрген санитар­лардың көпшілігі зейнет жасына жақындаған апалар.

Қазірдің өзінде Атыраудағы медициналық мекемелерге 100 санитар жетіспейді. Оның ішінде Атырау облыстық ауруханасы жа­нындағы нейро-инсульт орталығында 10-ға жуық санитарға қажеттілік бар. Ней­ро-инсульт орталығы меңгерушісі Марта Исмаилованың айтуынша, стационар 60 төсек-орынға есептелген. 

«Санитарлар басқа денсаулық сақтау мамандарымен салыстырғанда, төмен жа­лақы алады. Көп жағдайда санитарлар ма­­мандандырылған арнайы курстардан өт­пейді. Сол себепті де, жұмысқа жеткіліксіз дайын­дық жағдайында қабылданады. Мұның өзі, әрине қызмет сапасына кері әсер етіп жата­ды. Ауыр еңбек жағдайында қызмет етіп жүрген санитарлар кемінде айына 500 мың теңге жалақы алуы керек. Және сани­тарларға басқа да медицина мамандары сын­ды қыз­меттік пәтер беру мәселесін қа­растыру керек деп ойлаймын. Себебі сани­тарлардың көп­шілігі пәтер жалдап тұрады, жалақылары да мардымсыз. Қазір олар тәулік сайын ауы­сыммен жұмыс істейді, олай болмауы ке­рек», – дейді спикер Марта Жеңісқызы. 

Ауыр жұмысына берілген санитардың бірі – Фауза Өтебалиева. Ол 52 жаста. Нейро-инсульт орталығында алты жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Фауза – Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының тумасы. Қалада екі ұлымен бірге пәтер жалдап тұрады. «Әрине, біз науқасты емдеу процесіне араласпаймыз. Бірақ мекеменің ішкі тазалығынан бөлек, науқастың күтіміне жауапты біздер. Орталықта бір емес, бірнеше науқас бар. Оның барлығына уақытымен көмек көрсетіп үлгеруіміз керек. Тамақ­тандыру, жөргегін ауыстыру, әжетханаға жеткізу, төсегін тазалау сияқты қызмет бір күн ішінде бірнеше науқасқа көрсетіледі. Жұмыс ұнамаса кете беруге болады. Бізді ешкім күштеп ұстап отырған жоқ. Бірақ ауыр жағдайда жатқан науқастарға да көмек керек қой», – дейді Фауза Өтебалиева.

Бір қызығы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы санитарлардың же­тіс­пеушілігін медицина саласының проблемасы деп қарастырмайтын болып шықты.

Санитарлар мәселесіне байланысты Денсаулық сақтау басқармасына хабар­ласқанымызда, кіші медицина қыз­меткерлері науқасты тікелей емде­мейтіндіктен, оларға ерекше жағдай қа­ралмайтынын кесіп айтты. «Сани­тарлардың мәселесін әр емдеу мекемесі өзі шешуі керек. Бұл жағдайға да бекітіл­ген стандарт бар. Сондықтан әр емдеу мекемесі өзінің ішкі шаруашылық мәсе­ле­сін өзі реттеуге міндетті» деген жауап алдық.

Жалпы, Атырау облысында дәрігер тапшылығы биыл да байқалып отыр. Қазір өңірдегі емдеу мекемелеріне 107 дәрігер маман жетіспейді. Басты себеп – кадр тұ­рақсыздығы. Яғни, маман басқа өңірге, шет мемлекетке қоныс аударуы мүмкін. Зейнет жасына жету, бала күтіміне бай­ланысты декреттік демалысқа шығу сынды факторларда кадр тапшылығы мәселесін туғызуда. 

Десе де, Мәжілістегілер санитарлардың мәртебесін көтеруге ниетті. Жуырда Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков санитарларды «көмекші» немесе «мейірбике көмекшісі» деп атауды ұсынған болатын. 

«Санитар деген қызметті естігенде көбіне еден жуып, шаң сүртумен ғана ай­налысады деп ойлайды. Бірақ ол кісілердің атқаратын қызметі өте көп. Мысалы, опе­рациялық блокта жұмыс істейтін санитарлар ота біткеннен кейін одан қалған қалдық­тарды, адамның ампутацияланған бөлшек­терін орап, тиісті қызметке «В» санаттағы қоқыс ретінде тапсырады. 

Қазір психоэмоционалдық түрдегі ақы тек дәрігерлер мен медбикелерге беріледі, ал санитарларға төленбейді. Шынын айтқанда, атқарып отырған қызметі тек еден жуып, шаң сүртумен шектелмейді. Олар науқастарды тұрғызу, киіндіру, жуындыру, тамақ ішкізу, ер адамдардың сақалын қыру, төсек тартып жатқан адамдардың тісін жуу, дәріханаға пай­далануға қолдану, күту сияқты көпте­ген қызметті атқарады. Алайда бүгінге дейін олардың жалақысы өте төмен. Ал псих­диспансердегі, тубдиспансердегі са­ни­тарлардың атқарып отырған қызметін айтпаса да болады. Алайда олардың қолға алатын жалақысы – 90 мың теңге», – деген еді депутат.

Сол себепті депутат санитарлардың жалақысы кем дегенде екі есеге дейін өсі­руді, жылына бір рет санаториялық про­филактикалық орындарға жұмыс беруші есебінен жолдама беруді және пәтер алу үшін жалақысын ескеріп, оларға жеңіл­детілген несие беруді ұсынған еді. Әзірге депутаттың ұсынысы сауал деңгейінде ғана қалып отыр. 

Ал әлем елдерінде санитар мамандардың арнайы мәртебесі бар. Айталық, АҚШ-та санитарлар жоғары жалақы алады, оларды әлеуметтік қамтамасыз етуге арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалар бар. Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде сани­тарлар да денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер сынды жеңілдікті ипотека бағдарламаларын қолдана алады. 

Адам еңбегі – үлкен құндылық. Себебі қоғамдағы ахуалды жасайтын, мемлекетті дамытатын, реформаның бәрін жүзеге асыратын басты тетік – адам еңбегі. Сани­тарлардың ауыр еңбек жағдайы мемлекет тарапынан арнайы мәртебе беруге сұранып-ақ тұр.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы