Алматы қаласында Мұқан Төлебаев атындағы көше бар. Қаланың өзге көшелерінен ерекшелігі де сол – мұнда орналасқан әрбір ғимарат тарихи тұлғалардың өмірімен тығыз байланысты.
Қонаев әлеміне саяхат
362
оқылды

Соның ішінде көшенің ең танымал тұрғыны, мемлекет және қоғам қайраткері – Дінмұ­хамед Қонаев. Бүгінде бұл көше туристер мен қала тұрғындары арнайы іздеп келетін тарихи орындардың біріне айналған. Таяуда біз де әйгілі тұлғалар мекен еткен көшеге арнайы барып, Қонаевтың өнегелі ғұмырынан сыр шертетін тарихи жәдігерлермен танысып қайттық.

Алғашқы бағытымыз – Д.Қонаев музейі. Ғимарат аса биік болмаса да, есіктегі жазба музейдің дәл осы көне көшеде орналасқаны­нан хабар береді. Ішке кірген бойда музей қызметшілерінен кіру билетін сатып алып, ақырын бірінші қабатта орналасқан жәді­гер­лерге үңілдік. Сол сәтте бізді жылы жүз­бен қарсы алған музей жетекшісі Елена Иватқызы бірінші қабатта орналасқан жәдігерлер мен қабырғада ілінген деректерді таныстырды. 

– Қазіргі уақытта Алматыда Дінмұхамед Қонаевқа арналған екі музейіміз бар. Оның алғашқысы біз тұрған музей болса, екінші­сі – өмірінің соңғы жылдарында тұрған пәтері. Мұнда Д.Қонаевтың балалық шағы, отбасылық өмірі, мемлекеттік қызметі мен дипломатиялық жұмыстары туралы естеліктер сақталған. Ал пәтерінен оның қалай өмір сүргенін көруге болады. Музей ұжымы Д.Қонаевтың қоғамның дамуы үшін атқарған еңбегін халыққа насихаттап отыр. Бірінші музей Д.Қонаевтың 90 жыл­дығына орай 2002 жылы ашылса, пәтер 2012 жылдан бастап келушілерді қабылдай­ды. Қазақстанда Димаш атамызға қатысты материалдық деректерді, соның ішінде кезінде қолданған заттары мен құжаттардың ең маңыздысын осы музейден көруге мүмкіндік бар. 2024 жыл – музей үшін та­бысты жыл болды. Ақылы және ақысыз түрде 2023 жылғы кірісіміз 17 млн болса, 2024 жылы 20 млн-ға жетті, – деп бастады ә­ңгімесін Елена Иватқызы. 

Музей қорында 8 мыңнан астам жәдігер бар

Музейдің әр қабатында арнайы сенсор­лық панельдер (тач панель) орналасқан. Технологиялық құрылғы келушілерге үш тілде қызмет көрсетеді. Биыл құрылғыға төртінші тіл – қытай тілі енгізіліпті. Елена ханым мұның себебін кейінгі жылдары Қытай мемлекетінен келетін туристердің артуымен байланыстырды. Сондай-ақ екі қабаттан тұратын музейдің бірінші қа­батында арнайы жеделсаты жұмыс істейді. Себебі музейді тамашалау үшін мұн­да мүмкіндігі шектеулі азаматтар да келеді.

– Бірінші қабатта Д.Қонаевтың кітаптары мен өмірбаяны ғана емес, оның басшылық қызметі тұсында Қазақстанның қандай деңгейде дамығаны, ел экономикасы­ның ахуалы туралы біршама деректер көрі­ніс тапқан. Димаш атамыз 45 жыл басшылық қызметте болды. Оның 25 жыл­ын­да Қазақстанды басқарса, 20 жыл саяси бюроның мүшесі қызметін атқарды. Музейге кірген бетте тарихи тұлға туралы кітаптар орналасқан. Мұнда Қазақстан жазушылары мен замандастары жазған туындылар сақ­тал­ған, – деді ол.

Бүгінде музей қорында 8 мыңнан астам жәдігер бар. Әсіресе, халықтың сүйіктісіне айналған тұлғаның мемлекеттік қызметтегі жетістіктері, әлем елдерімен дипломатиялық байланысы және жеке қызығушылықтары туралы қызықты деректерден хабар беретін құнды жәдігерлер қоры музейдің екінші қабатында орналасқан. Біз де тарихи оқи­ғалардың куәсіне айналған ыстық естелік­те­рді өз көзімізбен көру үшін екінші қабатқа қарай көтерілдік. 

Музейдің екінші қабатында көзге ерек­ше түсетіні – Д.Қонаевтың жеке каби­нет­індегі жұмыс үстелі. Осыған дейін бұл үстел Үкімет үйінде, яғни қазіргі Қазақстан–Британ техникалық университетінде (ҚБ­ТУ) орналасқан еді. Музей жетекшісінің сөзінше, 2001 жылы Қонаевтың туыстары мен замандастары үстелді музейге алдырады. Жұмыс үстелінің төргі жағында Қонаевтың сыртқы келбеті бейнеленген мүсін орналас­қан. Алайда келушілер үшін мүсінді фото-видеоға таспалауға тыйым салынған. 

– Жұмыс үстелі орналасқан залда Д.Қонаевтың қолымен жазған өмірбаяны, жұмысқа орналасқаны туралы хаттар мен бұйрықтар сақталған. Біз бұл құжаттың барлығын Президент архивінен алдырдық. Музейде өз орнын тапқан жәдігерлерді жи­науға оның туған-туыстары көмек көрсетті. Диар Асқарұлы 2012 жылы Д.Қонаевтың пәтерін музейге табыстады. Сондықтан біз Диар Асқарұлына алғысы­мызды айтқымыз келеді,– деді Е. Иватқызы.

Елена Иватқызы Қонаевтың есте сақтау қабілеті жоғары болғанын, оның бір дәлелі, қызметте де, өмірде де таныс болған жан­дарды жатқа білетін қасиеті бар екенін атап өтті. Д.Қонаев мұқтаж жандарға үй алып беріп, тіпті жұмысқа орналасуына атсалысқан. Музей жетекшісі Д.Қонаевтың шапағатын көрген жандардың бірін жұмыс барысында кезіктіргенін айтып, қоғам қайраткерінің адамгершілік қасиеттерін айқындайтын оқиғасын бөлісті. 

– Мен жұмыс барысында мынадай бір қызық оқиғаға тап болдым. Бірде музейге үлкен жастағы кісі келді. Ол Қонаевтың жұмыс үстелін ұстап тұрып, Димаш атамыз­дың суретіне қарап тұр екен. Сол көріністі көрген бетте мен қасына барып амандастым. Ол кісі өз сөзінде кезінде Дінмұхамед ата­мыз­бен таныс болғанын айтады. Өзінің сөзінше, сонау жылдары Алматыға оқуға түсу мақсатында келген, бірақ өкінішке қарай оқуға түсе алмаған. Сол кездері Төл­е­баев көшесімен өтіп бара жатқан бой­да Қонаевпен кездеседі. Қолын беріп амандасқан соң Дінмұхамед ата оның шабаданмен қайда жол тартқанын сұрайды. Ол оқуға түсе алмай, ауылға қайтуға тиіс екенін, бірақ білім алғысы келетінін айтып ішіндегісін ақтарады. Д.Қонаев оның бір­інші мәселесін шешіп беретінін айтып, нәтижесінде қалаға жаңадан келген студентті жа­тақ­ханаға орналастырады. Димаш ата­мызды халық неліктен жақсы көреді, білесіз бе? Себебі ол – халықтың арасында болған адам, – деді музей жетекшісі. 

«Біз 50 жыл, 6 ай, 2 күн бірге өмір сүрдік»

Д.Қонаевтың жұмыс кабинетінен шыққан соң қабырғада ілініп тұрған аса­таяққа назарымыз ауды. З.Шәріпқызы қайтыс болғаннан кейін Д.Қонаев асатая­ғының сабына әйелінің қайтыс болған күнін жазып қойған. Асатаяқтың жанында Д.Қонаев мен жарының қол ұстасып түскен естелік суреті бейнеленген. Бір қызығы, мұны көрген жастар тап солай суретті қай­­талап, стендтің алдында қол ұстасып суретке түседі. Мұндай әдемі көрініске Елена Иватқызы да бірнеше мәрте куә бол­ғанын айтады. 

– Расында Зухра Шәріпқызы екеуінің арасындағы махаббат ерекше болған. Екеуі қол ұстасып түскен мына бір стендті тама­ша­лауға келген келушілер, әсіресе жастар тап солай суретке түсіп жатады. Келешекте мен осы бір үрдісті дәстүрге айналдырғым келеді. Д.Қонаев өзінің кітабында жарына қатысты мынадай естелік қалдырады: «Маған Зухра Шәріпқызы ең жақын, ең қимас дос еді. Біз 50 жыл, 6 ай, 2 күн бірге өмір сүрдік. Ол – қайта айналып келмейтін, маңдайға бір-ақ рет жазылатын бақыт» дейді, – деді Е.Иватқызы.

Әдетте, музейдің көбінде бөлме ішіндегі арнайы температураны сақтау мақсатында түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады. Себебі мұнда әртүрлі материалдардан жасалған жәдігерлердің сыртқы көрінісі бұзылмай, өз қалпын сақтауға тиіс. Осы ретте жәдіргер­лерді күтіп ұстау, апта сайын жүргізілетін санитарлық іс-шаралар турасында музей жетекшісінен сұрап көрдік.

– Музейіміз аптасына алты күн жұмыс істейді. Дүйсенбі – санитарлық күн. Ғылыми қызметкерлер жәдігерлерге тазалық жұмысын жүргізеді. Біз экспонаттарды өзіміз тазалаймыз, тарихи жәдігерлерге ешкімді жақындатпауға тырысамыз. Сон­дай-ақ музейде орналасқан жәдігерлердің сақталуын бақылайтын күзет жұмыс істейді. Музейде арнайы құрылғы бар. Біз бұл құрыл­ғы арқылы бөлменің температурасын бақылап отырамыз. Құрылғының бірі төменде, екіншісі жоғарғы қабатта орналас­қан. Алайда біз бөлмедегі ауа температурасын жиі өзгертуге тырыспаймыз, себебі музейде ауа температурасы бірқалыпты, – деді ол.

Тарих сахнасында есімі дүркіреп тұрған тұлғаның парасатты ғұмыры мен қызметі музей арқылы келушілерге дәріптеліп, қоғамда насихаттау ісі жүргізілгенімен, әлі­ күнге дейін толықтыруды, қайта жаңғыртуды талап ететін жұмыстар бар. Мәселен, Елена ханымның айтуынша, Д.Қонаев 17 рет шетелге шыққан. Алайда дәл сол сапардағы ауыс-түйістер, талқыл­анған мәселелер әлі күнге дейін көптің санасына жете қоймады. 

– Әрине, болашақта мұражайдың ауқым­ын кеңейту қажет. Бұл тұста алдағы уақытта ғылыми орталық ашсақ деген ұсы­нысымыз бар. Димаш атамыз 17 рет шетелге шықса, біз көпке беймәлім сол сапарлары туралы архивтердегі деректермен жұмыс істегіміз келеді. Қонаевтың шетелдегі сапарлары қалай өтті, кездескен тұлғалармен не жөнінде талқылады? Әлі күнге дейін бізге толыққанды жетпеген осындай тың тақырыптарды зерттеп көргіміз келеді. Дегенмен музей қазірдің өзінде қолдан кел­ген іс-шараның барлығын ұйымдастырып отыр. Өкінішке қарай, кейбір қала тұрғын­дары Алматыда жылдар бойы тұрса да, шаһарда мұндай музей барын біле бермейді, – деп сөзін қорытындылады музей жетекшісі Е.Иватқызы.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы