Қазақстанда шаруасы шатқаяқтап, тір­лігі тұралап, ісі кері кеткен сала бар, ол – аудит. Сарап­шылар елде отандық аудит ұйымдары қалмай бара жатқанын айтып, дабыл қақты.
Аудитордың жаны неге ауырады?
501
оқылды

Өйт­кені оларды «Жаһандық төрттік» ығыстырып жатыр. Енді оған Ресей фир­малары қосылады. Одақ аясында ішкі нарық қақпасын көршінің алпауыттарына айқара ашқызатын келісім жуықта күшіне енеді. Үкі­мет: «Біз енді бәсеке­ні шектей алмаймыз!» – деп ашық айтты. Саладағы өзгерістер елге не әкел­мек? 

Не күрескерсің, не парақорсың...

Адал аудитор – әрбір салада қалыптасқан, бірақ былайғы жұрттан, тіпті мемлекеттен жасырылып, жауыры жаба тоқылған «дертті» ашып көрсететін маман. Мемлекеттің мәңгілік тұруы, ұлттың өміршең болуы, ұлттық қауіпсіз­діктің нұқсансыз сақталуы, билік орган­дарының ел мүддесіне қызмет етуі де осы ау­диторлардың жұмысына тәуелді. Сон­дықтан аудитордың аудиториясы – тек­серуден өтетін объект пен субъект қана емес, бүкіл мемлекет, барша халық және болашақ ұрпақ. 

Ғұмырының біраз жылын аудит сала­сына арнаған маман Талғат Ержанов бұл кәсіп қауіп-қатермен «қолұстаса» жүре­тінін жеткізді. Алдымен, тексеруге бар­ғанда, тексерілуші тарап жайылып жас­тық, иіліп төсек болып, асты-үстіңе тү­седі, жылы-жұмсағын аузыңа тосады. Артынша қосымша құжаттар сұрата бастасаң, айтқанын орындамайтыныңды, тәуелсіз екеніңді түсіне қояды.

– Саған көзқарасы күрт өзгеріп сала береді. Біраз жыл бұрын Алматы облы­сында тексеріспен жүргенде, қоқан-лоқ­қы көріністері күшейген соң қорытынды құжаттарды екі күн бұрын курьерлік қызметпен Астанаға шұғыл жолдадым. Мемлекеттік активтердің талан-тараж болғаны анықталды. Қаптаған шығын, ұрлық, жалған есеп... Аудит ресми аяқ­талып, елордаға қайтқан жолда Hummer-мен соғып, машинамды жол жиегіне лақтырды. Екі жігіт жетіп келіп, көлігімді тінтіп, жазбаларымды, ұялы телефонды алып кетті. Бірақ сол жолы аудит ел басшылығының алдына қойылды, ауыс-түйіске негіз болды. Кейбір әріптесім әр жылдары жол апатынан көз жұмды. Мұндай жағдайлар аудиторды пара алып, проблемаға көз жұма қарауға итермелеуі мүмкін, – дейді Талғат аға.

Оның айтуынша, аудит қызметі әлі күнге «шаңды жұмыс» саналады. Көп­теген мемлекеттік ұйым, квазимемле­кеттік компания іскерлік құжатнама­сының, бухгалтерлік есептерінің, жүк­құжаттарының басым бөлігін цифрлан­дырмай, қағазда жүргізіп, сақтайды. Мысалы, мектептің бірінде аудиторларға үлкен 50 қорапқа толтырылған, бір бөлігі көктеп, шіри бастаған құжаттарды әке­ліпті. Содан жастар бұл жұмыстың ауыр­лығын көріп, одан жериді, басқа салаға ауысып алады. 

Сарапшы: «Кадр тапшылығын еңсеру үшін салаға аудит қана емес, сондай-ақ қар­жылық, бухгалтерлік білімі бар, ақпа­раттық технологияда, сатып алуларда, өндірісте, маркетинг пен менеджментте жұмыс тәжірибесіне ие білікті маман­дарды тарту қажет», – дейді. 

Салада қалыптасқан ауыр ахуалды «AMANAT» партиясының депутаттары мәселе етіп көтерген болатын. «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың айтуынша, қазақстандық нарықты жа­һан­дық «Үлкен төрттікке» кіретін әлем­дік аудит лидерлері – Deloitte&Touche, Ernst&Young, PricewaterhouseCoopers, KPMG жаулап алды. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының 82%-ы, стратегиялық активтерді бас­қаратын компания­лары­мыздың 60%-ы, қа­зақ­стан­дық 20 банктің 17-сі тек қана шетел­дік аудиторлық компаниялардың қыз­метін тұтынады. Бұл аз болса, Ұлттық банк пен Ұлттық қор да «Үлкен төрт­тік­тің» тұрақты тұтынушысы. Отандық аудит ұйым­дарын қасына жолатпайды.

– Шетелдік ойыншылардың ішкі нарықтағы мұндай теңдессіз үстемдігі көптеген теріс салдарға соқтырды. Бірін­шіден, соның кесірінен, қазақстандық аудиттің дамуы тежелді. Мәселен, соңғы 3 жылда Қазақстанда бар-жоғы 8 жаңа аудиторлық ұйым құрылған. Дәл осы кезде 48 аудиторлық ұйым немесе 10%-ы жабылып қалды! Екіншіден, жатжұрттық қымбат аудит қызметтерін жалдау ар­қылы капитал елімізден шетелге әкетіліп жатыр. Өнім жеткізбейтін, тек қызметін, бірнеше парақ есеп қағазын сататын шетелдік ұйымдардан біздің экономикаға еш қайыр-пайда жоқ, – деді Руслан Сәдуа­қас­ұлы.

Ол шетелдік компаниялардың «май­шелпек» тапсырысты ала сала, оны өзі орындамайтынына екпін түсірді. Тек­серуді «субподряд», қосалқы мер­дігер­лікке – қазақстандық аудиторларға жүк­тей салады, оларға азын-аулақ қаржы тастайды. Онсыз да жергілікті маман­дарды жалдап, соларға істеттірсе, неге онда мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар, Ұлттық банк сол тапсы­рысты бірден отандық аудиторға бер­мей­ді? Сонда ол қаржы толық елде қалып, ұлттық мамандар мен ұйымдарды байы­тып, отандық аудитті өркендетер еді. 

Үлкен төрттік неге төрді алды?

Үшіншіден, аманаттық депутаттардың айтуынша, шетелдік аудиторлық ком­паниялар Big Data-ға, мәліметтердің, соның ішінде «жабық» ақпараттың орасан зор көлеміне қол жеткізеді, індете терең бойлап, тексереді. Руслан Қожас­баевтың пайымдауынша, мемлекеттік, стратегиялық нысандарға қожалық ете­тін компанияларымыздың ішкі процес­теріне «қол сұғуда» шетелдіктерге бұлай­ша шектен тыс еркіндік беру ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. «Ау­ди­торлық қызмет – өзіндік бір заң­дас­тырылған барлау екенін ұмытпалық», – деді депутат. 

Премьер-Министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Серік Жұман­ғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына жауабында елдегі аудит нары­ғын жат аудиторлардың жайлауының айыбын отандық аудиторларға аудара салғандай болды. Олар мемлекеттік және ұлттық компаниялардың сенімін жаулап ала алмапты.

– Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, бір ғана 2023 жылы «Үлкен төрттіктің» аудиторлық ұйымдары мем­лекеттік бюджетке 5 млрд теңгеден астам салық төледі. Мұның сыртында олардың тартқан аудиторларының шама­мен 99,9%-ы – Қазақстан азаматтары. Тек бір­қатар жағдайда, аудит ерекшелігін ес­кере отырып, шетелдік тұлғалар жұ­мыл­­дырылады. Бұл ретте тапсырыс берушілер таңдауының «Үлкен төрттік» пайдасына шамадан тыс ауытқуына олар­дың аудиторларының жоғары білік­тілігі себепкер, – деді вице-премьер. 

Ол 2021 жылы аудиторларды ұлттық аттестаттау сапасын арттыру, сондай-ақ қоғамдық маңызды кәсіпорындарға міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдар қызметінің сапасына сыртқы бақылауды күшейту жұмыстары жүргі­зілгенін еске салды. Елде бірыңғай білік­тілік комиссиясы құрылды. Ұзын сөздің қысқасы – Үкімет шетелдік аудиторлық ұйымдардың ішкі нарыққа үстемдігін тыймайды.

– Себебі әлеуетті инвесторлар шешім қабылдағанда, отандық ұйымдардың қаржылық көрсеткіштеріне аудиторлық есеп жүргізген аудиторлардың білік­тілігіне сүйенеді. Шын мәнінде, аудит ұйымдарының қызметі мемлекеттің инвестициялық тартымдылығына тіке­лей ықпал етеді, – деді Серік Жұманғарин. Бірақ Ұлттық банк те, Ұлттық қор да, министрліктер де өзіне шетелдік инвес­тиция салынуын қажетсінбейді. Онда неге PwC мен KPMG-ді таңдайтыны беймәлім, жауапсыз қалды. 

Үкімет басшысы орынбасарының мәлі­метінше, 2022-2024 жылдары елі­мізде аудиторлық қызметпен айналысуға небәрі 70 лицензия берілген. Дәл осы кез­де іс басындағы 91 аудитор лицензия­сын тәрк етіп, одан ерікті түрде бас тарт­қан. Бас тартпаса да жұмысын тоқтатқаны қаншама? Ендеше ресми деректің өзі саладағы тоқырау және таршылық заман­нан хабар береді. 

Көріністің бояуын қалың­дататын тағы бір көңілсіз мәлімет: 2022-2024 жылдары аудиторлар тізіліміндегі мамандар саны 2 400-ден 2 410-ға дейін өс­кен. 2 жылда 10 адамға ғана артты! Алай­да соның ішінде бүгінде өз маман­дығы бойынша істейтін 1 322 аудитор ғана қалды.

Ұлттық статистика бюросының хабар­лауынша, 2025 жылғы 1 ақпанда Қазақ­станда заңды тұлғаларды, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен шетелдік заңды тұлғалардың филиал­дарын қоса алғанда, барлығы 2 миллион 534,6 мың кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Яғни, өз кәсібінде қалған 1 аудиторға 1,9 мыңнан астам кәсіпорыннан келеді. 

Салдарынан, тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, кәсіпорынға бас сұғып, кө­нер­ген құжаттарын қопармай-ақ, ком­па­нияның берген ақпараты бойынша қа­шықтан есебін дайындай салатын ауди­торсымақтар пайда болыпты. Уақы­ты мен ғұмырын іссапарларға сарп етіп, бір кәсіпорынды мұқият зерттейтін адал мамандарға қарағанда дәл осылар өнімді-ақ: бір мезгілде бірнеше ұйымның тап­сырысын қатар орындайды.

Серіктес емес, бақталас па?

Аудиторлық компаниялардың жағдайы ары қарай ауырлауы мүмкін. Парламент «Еуразиялық экономикалық одақ шең­берінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді» ратифика­циялады. 2023 жылғы 27 қарашадағы тиіс­ті заңмен ратификацияланғанымен, әзірше келісім заңды күшіне енген жоқ. Биыл қолданысқа енгізіледі деп күтілуде. 

– Келісімнің күшіне енуі Еуразиялық одақ елдерінің халықаралық аудиторлық желілеріне кіретін аудит ұйымдарының Қазақстанға жаппай енуіне соқтырмайды. Себебі олар аумақтылық саясатын («по­ли­тика территориальности») ұстанады. Бұған қоса, толыққанды аудит жүргізу үшін қаржы есептілігінің халықаралық стандарттарын білу аздық етеді. Сондай-ақ жергілікті салық және басқа заңды жетік білу талап етіледі. Ал бұл секторды шетелдік ұйымдар үшін жауып тастау немесе шектеу енгізу Қазақстанның Еуразиялық одақ аясында қабылдаған ха­лықаралық міндеттерін бұзу болып танылады, – деді вице-премьер С.Жұман­ғарин. 

Мәскеуде қол қойылған бұл келісім­нің мақсаты – Еуразиялық одақта ауди­торлық қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру. Үкімет соған сәйкес, қазақстандық аудиторлар мысалы, Ресей нарығына шыға алатынын айтады. Бірақ оған депутаттар да күмәнданады.

– Қазіргі әлемде интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес екенін түсінеміз. Алайда отандық бизнестің мүдделерін де ескеру қажет еді. Елімізде тек 1,3 мыңдай аудитор қалды. ЕАЭО келісімі аудит ұйымының құрамында кемінде 3 ау­диторы болуын, жарғылық капиталын­дағы аудиторларының үлесі 51%-дан кем болмауын талап етеді. Сөйтіп, негізінен 2 аудитордан құралған қазақстандық ұйымдар одақ нарығына шыға алмайды, – деді «AMANAT» фракциясының депутаты Данабек Исабеков. 

Ал салаға жауапты Қаржы минис­трлігі «өтпелі кезеңнің болатынына, одақтың ортақ нарығы толыққанды іске қосылғанға дейін қазақстандық ұйым­дарға аудиторларының санын көбейтуге мүмкіндігі барына» сілтеді. Тоқыраудағы саланың ұйымдарында солай алыптануға күш қалды ма?

Жалпы, сарапшылар бұл келісім қол­данысқа енгізілген соң да қазақстандық аудиторлардың РФ нарығына еркін шыға алмайтынын ескертті. Себебі Мәскеудің шетелдік аудиторларды аттестаттау тәр­тібі қатал. Мысалы, Ресей қазақстандық аудиторлардан бухгалтерлік, қаржылық есептілікті ғана емес, сондай-ақ санк­циядағы Ресейдің статистикасы мен мик­роэкономикасының жергілікті ерек­ше­ліктерін білуін және жұмыста еске­руін, бұдан бөлек математика, ақ­парат­тық технологиялар, компьютерлік жүйе­лер бойынша техникалық білімі деңгейін растауын талап етеді. Сонда одақ қазақ­стандық аудиторларды жан-жақтан жой­қын соққы беріп, жол жиегіне шығарып тастамай ма?

Айхан ШӘРІП