Өйткені оларды «Жаһандық төрттік» ығыстырып жатыр. Енді оған Ресей фирмалары қосылады. Одақ аясында ішкі нарық қақпасын көршінің алпауыттарына айқара ашқызатын келісім жуықта күшіне енеді. Үкімет: «Біз енді бәсекені шектей алмаймыз!» – деп ашық айтты. Саладағы өзгерістер елге не әкелмек?
Не күрескерсің, не парақорсың...
Адал аудитор – әрбір салада қалыптасқан, бірақ былайғы жұрттан, тіпті мемлекеттен жасырылып, жауыры жаба тоқылған «дертті» ашып көрсететін маман. Мемлекеттің мәңгілік тұруы, ұлттың өміршең болуы, ұлттық қауіпсіздіктің нұқсансыз сақталуы, билік органдарының ел мүддесіне қызмет етуі де осы аудиторлардың жұмысына тәуелді. Сондықтан аудитордың аудиториясы – тексеруден өтетін объект пен субъект қана емес, бүкіл мемлекет, барша халық және болашақ ұрпақ.
Ғұмырының біраз жылын аудит саласына арнаған маман Талғат Ержанов бұл кәсіп қауіп-қатермен «қолұстаса» жүретінін жеткізді. Алдымен, тексеруге барғанда, тексерілуші тарап жайылып жастық, иіліп төсек болып, асты-үстіңе түседі, жылы-жұмсағын аузыңа тосады. Артынша қосымша құжаттар сұрата бастасаң, айтқанын орындамайтыныңды, тәуелсіз екеніңді түсіне қояды.
– Саған көзқарасы күрт өзгеріп сала береді. Біраз жыл бұрын Алматы облысында тексеріспен жүргенде, қоқан-лоққы көріністері күшейген соң қорытынды құжаттарды екі күн бұрын курьерлік қызметпен Астанаға шұғыл жолдадым. Мемлекеттік активтердің талан-тараж болғаны анықталды. Қаптаған шығын, ұрлық, жалған есеп... Аудит ресми аяқталып, елордаға қайтқан жолда Hummer-мен соғып, машинамды жол жиегіне лақтырды. Екі жігіт жетіп келіп, көлігімді тінтіп, жазбаларымды, ұялы телефонды алып кетті. Бірақ сол жолы аудит ел басшылығының алдына қойылды, ауыс-түйіске негіз болды. Кейбір әріптесім әр жылдары жол апатынан көз жұмды. Мұндай жағдайлар аудиторды пара алып, проблемаға көз жұма қарауға итермелеуі мүмкін, – дейді Талғат аға.
Оның айтуынша, аудит қызметі әлі күнге «шаңды жұмыс» саналады. Көптеген мемлекеттік ұйым, квазимемлекеттік компания іскерлік құжатнамасының, бухгалтерлік есептерінің, жүкқұжаттарының басым бөлігін цифрландырмай, қағазда жүргізіп, сақтайды. Мысалы, мектептің бірінде аудиторларға үлкен 50 қорапқа толтырылған, бір бөлігі көктеп, шіри бастаған құжаттарды әкеліпті. Содан жастар бұл жұмыстың ауырлығын көріп, одан жериді, басқа салаға ауысып алады.
Сарапшы: «Кадр тапшылығын еңсеру үшін салаға аудит қана емес, сондай-ақ қаржылық, бухгалтерлік білімі бар, ақпараттық технологияда, сатып алуларда, өндірісте, маркетинг пен менеджментте жұмыс тәжірибесіне ие білікті мамандарды тарту қажет», – дейді.
Салада қалыптасқан ауыр ахуалды «AMANAT» партиясының депутаттары мәселе етіп көтерген болатын. «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың айтуынша, қазақстандық нарықты жаһандық «Үлкен төрттікке» кіретін әлемдік аудит лидерлері – Deloitte&Touche, Ernst&Young, PricewaterhouseCoopers, KPMG жаулап алды. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының 82%-ы, стратегиялық активтерді басқаратын компанияларымыздың 60%-ы, қазақстандық 20 банктің 17-сі тек қана шетелдік аудиторлық компаниялардың қызметін тұтынады. Бұл аз болса, Ұлттық банк пен Ұлттық қор да «Үлкен төрттіктің» тұрақты тұтынушысы. Отандық аудит ұйымдарын қасына жолатпайды.
– Шетелдік ойыншылардың ішкі нарықтағы мұндай теңдессіз үстемдігі көптеген теріс салдарға соқтырды. Біріншіден, соның кесірінен, қазақстандық аудиттің дамуы тежелді. Мәселен, соңғы 3 жылда Қазақстанда бар-жоғы 8 жаңа аудиторлық ұйым құрылған. Дәл осы кезде 48 аудиторлық ұйым немесе 10%-ы жабылып қалды! Екіншіден, жатжұрттық қымбат аудит қызметтерін жалдау арқылы капитал елімізден шетелге әкетіліп жатыр. Өнім жеткізбейтін, тек қызметін, бірнеше парақ есеп қағазын сататын шетелдік ұйымдардан біздің экономикаға еш қайыр-пайда жоқ, – деді Руслан Сәдуақасұлы.
Ол шетелдік компаниялардың «майшелпек» тапсырысты ала сала, оны өзі орындамайтынына екпін түсірді. Тексеруді «субподряд», қосалқы мердігерлікке – қазақстандық аудиторларға жүктей салады, оларға азын-аулақ қаржы тастайды. Онсыз да жергілікті мамандарды жалдап, соларға істеттірсе, неге онда мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар, Ұлттық банк сол тапсырысты бірден отандық аудиторға бермейді? Сонда ол қаржы толық елде қалып, ұлттық мамандар мен ұйымдарды байытып, отандық аудитті өркендетер еді.
Үлкен төрттік неге төрді алды?
Үшіншіден, аманаттық депутаттардың айтуынша, шетелдік аудиторлық компаниялар Big Data-ға, мәліметтердің, соның ішінде «жабық» ақпараттың орасан зор көлеміне қол жеткізеді, індете терең бойлап, тексереді. Руслан Қожасбаевтың пайымдауынша, мемлекеттік, стратегиялық нысандарға қожалық ететін компанияларымыздың ішкі процестеріне «қол сұғуда» шетелдіктерге бұлайша шектен тыс еркіндік беру ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. «Аудиторлық қызмет – өзіндік бір заңдастырылған барлау екенін ұмытпалық», – деді депутат.
Премьер-Министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына жауабында елдегі аудит нарығын жат аудиторлардың жайлауының айыбын отандық аудиторларға аудара салғандай болды. Олар мемлекеттік және ұлттық компаниялардың сенімін жаулап ала алмапты.
– Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, бір ғана 2023 жылы «Үлкен төрттіктің» аудиторлық ұйымдары мемлекеттік бюджетке 5 млрд теңгеден астам салық төледі. Мұның сыртында олардың тартқан аудиторларының шамамен 99,9%-ы – Қазақстан азаматтары. Тек бірқатар жағдайда, аудит ерекшелігін ескере отырып, шетелдік тұлғалар жұмылдырылады. Бұл ретте тапсырыс берушілер таңдауының «Үлкен төрттік» пайдасына шамадан тыс ауытқуына олардың аудиторларының жоғары біліктілігі себепкер, – деді вице-премьер.
Ол 2021 жылы аудиторларды ұлттық аттестаттау сапасын арттыру, сондай-ақ қоғамдық маңызды кәсіпорындарға міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдар қызметінің сапасына сыртқы бақылауды күшейту жұмыстары жүргізілгенін еске салды. Елде бірыңғай біліктілік комиссиясы құрылды. Ұзын сөздің қысқасы – Үкімет шетелдік аудиторлық ұйымдардың ішкі нарыққа үстемдігін тыймайды.
– Себебі әлеуетті инвесторлар шешім қабылдағанда, отандық ұйымдардың қаржылық көрсеткіштеріне аудиторлық есеп жүргізген аудиторлардың біліктілігіне сүйенеді. Шын мәнінде, аудит ұйымдарының қызметі мемлекеттің инвестициялық тартымдылығына тікелей ықпал етеді, – деді Серік Жұманғарин. Бірақ Ұлттық банк те, Ұлттық қор да, министрліктер де өзіне шетелдік инвестиция салынуын қажетсінбейді. Онда неге PwC мен KPMG-ді таңдайтыны беймәлім, жауапсыз қалды.
Үкімет басшысы орынбасарының мәліметінше, 2022-2024 жылдары елімізде аудиторлық қызметпен айналысуға небәрі 70 лицензия берілген. Дәл осы кезде іс басындағы 91 аудитор лицензиясын тәрк етіп, одан ерікті түрде бас тартқан. Бас тартпаса да жұмысын тоқтатқаны қаншама? Ендеше ресми деректің өзі саладағы тоқырау және таршылық заманнан хабар береді.
Көріністің бояуын қалыңдататын тағы бір көңілсіз мәлімет: 2022-2024 жылдары аудиторлар тізіліміндегі мамандар саны 2 400-ден 2 410-ға дейін өскен. 2 жылда 10 адамға ғана артты! Алайда соның ішінде бүгінде өз мамандығы бойынша істейтін 1 322 аудитор ғана қалды.
Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2025 жылғы 1 ақпанда Қазақстанда заңды тұлғаларды, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен шетелдік заңды тұлғалардың филиалдарын қоса алғанда, барлығы 2 миллион 534,6 мың кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Яғни, өз кәсібінде қалған 1 аудиторға 1,9 мыңнан астам кәсіпорыннан келеді.
Салдарынан, тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, кәсіпорынға бас сұғып, көнерген құжаттарын қопармай-ақ, компанияның берген ақпараты бойынша қашықтан есебін дайындай салатын аудиторсымақтар пайда болыпты. Уақыты мен ғұмырын іссапарларға сарп етіп, бір кәсіпорынды мұқият зерттейтін адал мамандарға қарағанда дәл осылар өнімді-ақ: бір мезгілде бірнеше ұйымның тапсырысын қатар орындайды.
Серіктес емес, бақталас па?
Аудиторлық компаниялардың жағдайы ары қарай ауырлауы мүмкін. Парламент «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді» ратификациялады. 2023 жылғы 27 қарашадағы тиісті заңмен ратификацияланғанымен, әзірше келісім заңды күшіне енген жоқ. Биыл қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.
– Келісімнің күшіне енуі Еуразиялық одақ елдерінің халықаралық аудиторлық желілеріне кіретін аудит ұйымдарының Қазақстанға жаппай енуіне соқтырмайды. Себебі олар аумақтылық саясатын («политика территориальности») ұстанады. Бұған қоса, толыққанды аудит жүргізу үшін қаржы есептілігінің халықаралық стандарттарын білу аздық етеді. Сондай-ақ жергілікті салық және басқа заңды жетік білу талап етіледі. Ал бұл секторды шетелдік ұйымдар үшін жауып тастау немесе шектеу енгізу Қазақстанның Еуразиялық одақ аясында қабылдаған халықаралық міндеттерін бұзу болып танылады, – деді вице-премьер С.Жұманғарин.
Мәскеуде қол қойылған бұл келісімнің мақсаты – Еуразиялық одақта аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру. Үкімет соған сәйкес, қазақстандық аудиторлар мысалы, Ресей нарығына шыға алатынын айтады. Бірақ оған депутаттар да күмәнданады.
– Қазіргі әлемде интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес екенін түсінеміз. Алайда отандық бизнестің мүдделерін де ескеру қажет еді. Елімізде тек 1,3 мыңдай аудитор қалды. ЕАЭО келісімі аудит ұйымының құрамында кемінде 3 аудиторы болуын, жарғылық капиталындағы аудиторларының үлесі 51%-дан кем болмауын талап етеді. Сөйтіп, негізінен 2 аудитордан құралған қазақстандық ұйымдар одақ нарығына шыға алмайды, – деді «AMANAT» фракциясының депутаты Данабек Исабеков.
Ал салаға жауапты Қаржы министрлігі «өтпелі кезеңнің болатынына, одақтың ортақ нарығы толыққанды іске қосылғанға дейін қазақстандық ұйымдарға аудиторларының санын көбейтуге мүмкіндігі барына» сілтеді. Тоқыраудағы саланың ұйымдарында солай алыптануға күш қалды ма?
Жалпы, сарапшылар бұл келісім қолданысқа енгізілген соң да қазақстандық аудиторлардың РФ нарығына еркін шыға алмайтынын ескертті. Себебі Мәскеудің шетелдік аудиторларды аттестаттау тәртібі қатал. Мысалы, Ресей қазақстандық аудиторлардан бухгалтерлік, қаржылық есептілікті ғана емес, сондай-ақ санкциядағы Ресейдің статистикасы мен микроэкономикасының жергілікті ерекшеліктерін білуін және жұмыста ескеруін, бұдан бөлек математика, ақпараттық технологиялар, компьютерлік жүйелер бойынша техникалық білімі деңгейін растауын талап етеді. Сонда одақ қазақстандық аудиторларды жан-жақтан жойқын соққы беріп, жол жиегіне шығарып тастамай ма?
Айхан ШӘРІП