Сары құрлықтың басты додаларының бірі қысқы Азия ойындары өз мәресіне жетті.
Ойын бітті, ой  қалды
510
оқылды

Қытайда өткен жарыс қызық, ерекше сәттерімен есте қалды. Құрлықтық мультиспорттық жарыс­та Қазақстан құрамасы 4 алтын, 9 күміс, 7 қола медальды еншілеп, жалпы есепте 4-орынға табан тіреді. Ойындар барысында спортшылар бірде мүлт кетсе, бірде тарихи көрсеткіштерге қол жеткізді. 

Алтыннан алқа таққандар 

Біздің спортшылар осы Азиядада төрт алтын медаль жеңіп алды. Чемпион атанып, елімізге қуаныш сый­лағандардың ішінде биатлоншы Владислав Киреев, сондай-ақ ерлер ара­сындағы хоккей, шорт-трек және фрис­тайл-акробатика командалары бар. 

Харбиндегі жарыстың спринт сайы­сында төрт қазақстандық спорт­шы бақ сынаған еді. Нәтижесінде, Вла­дислав Киреев алтыннан алқа тақ­ты. Одан кейін тағы бір отандасымыз Вадим Куралес мәре сызығын кесіп, күміс жүлдеге ие болды. Айта кетейік, ол биылғы маусымда ғана негізгі құ­рам­да өнер көрсете бастады. Үшінші орын­ды қытайлық Гу Цан иеленді. Ал Әсет Дүйсенов алтыншы, Александр Му­хин жетінші орынға тұрақтады.

Владислав Киреев бұл медальдың Қа­зақстан құрамасы үшін аса маңызды бол­ғанын атап өтті. Сондай-ақ тұғыр­дан оның командаласы Вадим Куралес­ті көргеніне қуанышты екенін айтты. 

«Барлығы ойдағыдай жүзеге асты. Әсі­ресе, бұл алтын медаль біз үшін аса маңызды болды. Біз дайындығымызды то­лық көрсетіп, бірінші және екінші орындарды иелендік. Қатты қалып қой­­­­­­мадым. Бапкерлерім жарыс бары­сын­да жақсы бағыт-бағдар беріп отыр­ды. Бастапқы екпінім аса жоғары бол­ған жоқ. Бірақ жарысты тым жылдам бас­тау әрдайым жақсы бола бермейді. Ерте қарқын алып, соңында әлсіреп қалу қаупі бар.

Мұндай жетістікке жеткенімізге өте қуаныштымын. Бұл бізге алдағы жа­рыс­тарға үлкен сенімділік береді. Бірақ демалуға уақыт жоқ. Келесі жарыс – Әлем чемпионаты, одан кейінгісі – Әлем кубогы кезеңдері. Жалпы, жа­рыс­тар жалғаса береді, өйткені Олим­пиа­даға жолдама алу үшін ұпай жи­науы­мыз керек», – деп өз ойымен бөлісті Киреев.

Доданың алғашқы күнінен бастап мұз­да жарысқан желаяқ шорт-трек­шілеріміз тарихи жетістікке қол жет­кізді. Бұған дейін Қазақстан бұл спорт түрінен ешқашан Азия ойындарының алтынын алмаған еді. 5000 метр қашық­тық­та ерлер құрама мәреге бірінші бо­лып келді. Шорт-трекшілеріміз қар­сыластарын қапыда қалдырып, тарихи алтын медальды қор­жынға салды. Қа­зақстан атынан эстафеталық жа­рыс­та Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ға­лиах­метов, Глеб Ивченко, Мер­саид Жақсыбаев, Айбек Насен өнер көрсетті. Финалда жапон мен қы­тайдың спортшыларын шаң қаптырып, басып оздық. Оңтүс­тік­кореялықтар белгілі бір се­беп­термен жарыс жолы­нан шы­ғып қалды.

Ал ерлер хоккей құрамасы бұл жарыста бесінші рет чем­пион атанып отыр. Топтық ке­зең­де Қы­тайды, Тайбэйді, Жа­по­ния­ны жә­не Оңтүстік Кореяны тал­қан­да­сақ.  Финалдық матчта біз­дің хок­кейшілер Жапониямен кездесіп, 5:0 есебімен сенімді түрде жеңіске жет­ті. Үшінші орынды Оң­түстік Ко­рея иеленді. Бір айта­ты­ны, біз­дің команда бұл Азия ойын­­дары­на бесінші рет қаты­сып, бесеуінде де биіктен көрінді.

Сонымен қатар Қазақ­стан құ­рамасына 4-ші ал­тын­ды фрис­­тайл-акробатика жары­сы­нан  Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов салды. Біздің спортшылар синхронды секіруде үздік ата­нып, бірден екі Қытай командасын артта қалдырды. Екінші мүм­кіндікте қа­зақстандық фрис­тайл­шылар 97,92 ұпай жинап, жарыстың жеңім­пазы атанды. Екінші орынға Қы­тай құра­ма­сы (93,48 ұпай) жайғасса, үшін­ші орын­ды да қытайлық спорт­шы­лар (91,57 ұпай) иеленді. Айта ке­тейік, фрис­тайлшылар Азия ойын­дары­ның тарихында тұңғыш рет жеңіс тұғы­ры­ның ең биік сатысына көтерілді. Алтын жүл­де үшін тартыста олар Қы­тай­дың әлем­дік деңгейдегі спортшы­ларын басып озды.

Спорт журналисі Аслан Қаженов Азия ойындарын қорытын­ды­лай келе нәтижелерді екі жақта көруіміз кере­гін алға тартты.

– Шыны керек, бұған дейін қысқы спорттарға мүлде көңіл бөлмейтінбіз. Сәйкесінше, көп ештеңе білмейтінбіз. Өз басым қазақ балаларының тарихи же­тістігіне қатты қуандым. Шорт-трек­тен де, фристайлдан да бұрын-соң­ды болмаған нәтиже тіркелді. Ең бас­тысы, осы нәтижелерді қазақ балалары тір­кеді. Алдағы олимпиададан да осы бағыттар медаль беруі керек. 

Иә, үмітті ақтамаған спорт түрлері бар. Шаңғы және коньки жарыстарынан алтын мүл­­де бол­ма­­­ды. Бұған қоса, биатлондағы бір ғана алтынға да көңіл толмады. Кемі 2-3 беруі керек еді. Тағы бір айта кетерлігі, ұйымдастырушы та­рап биыл жарыс бағдарла­м­а­сы­нан шаңғымен секіру және фрис­тайл могулды алып таста­ған. Шаңғы мен биатлонда кей­бір қашық­тық­тарды қысқартып тас­таған. Оның да, әрине, кері әсері болды, – дейді спорт сарап­шысы.

Асланның сөзінше, құрама­мыз­ға легионерлер керек емес. Осы жолы ұлттық құрамада 6 бір­дей көк паспорт алған спортшы бол­ды. Барлығы да Ресейден келген­дер. 

– Оларға қазір халық жұбанбайды және жеңсе қуанбайды. Одан да жеңіл­се де қазақтың балаларын көбірек апарайық. Содан соң бір тілде сөйлеп, бір тілде ойлау да маңызды. Сырттай па­фосты болып естілуі мүмкін. Бірақ жеме-жемге келгенде бұл фактор көп нәр­сені шешеді. Әлемде бір елдің аты­нан барып, бір-бірімен сөйлесу үшін аудармашы адамды қолданатын біз ғана шығармыз, – дейді ол.

Күміспен күптелгендер

Алтынға пара-пар кү­міс жүлделерді конь­ки­мен жү­гіру спортынан Ев­гений Кошкин, шорт-тректен әйелдер және аралас ко­манда­лар, хоккейден Қа­зақ­стан әйелдер құ­ра­масы, шаң­ғышы Конс­тантин Борцов, шаң­ғы жары­сы­нан әйелдер құрамасы, биат­лоншы Вадим Ку­ра­лес, биатлоннан ерлер құ­ра­масы және аралас коман­далар арасындағы фристайл­шы­лар иеленді.

Әйелдер командасы шорт-трек­тен 2000 метрге ара­лас эстафетада және 3000 метр­лік эстафетада күміс ие­ленді. Ко­манда сапында Денис Ни­киша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан, Ер­мек Малика өнер көрсетті. Бұл сайыс­та Оңтүстік Корея құрамасы жеңім­паз атанса, Жапония үздік үштік­ті түйіндеді.

Конькимен жүгіруші Евгений Кош­­кин екінші күмісті жеңіп алды. Спортшымыз 100 метр қашықтықта екінші болып келді. Ол тек қытайлық Гао Тиньююға жол берді. Екі спортшы да Азия чемпионаты мен Азияда ре­кордын орнатты. 

Одан бөлек, фристайл-акробати­кадан аралас командалар арасындағы сайыста екінші орынға ие болдық. Бұл бағдарламада ел намысын Аяна Жол­дас, Шерзод Хаширбаев және Асан Асыл­хан қорғады. Қорытынды есепте қазақ­стандық спортшылар 235,39 ұпай жинап, осы көрсеткіш оларға күміс ме­­даль алып келді. Айта кетейік, бұған дейін Аяна Жолдас жеке жарыста үшінші орын алған болатын.

Шаңғы жа­ры­сынан Конс­­тантин Бор­цов спринтте күміс ме­­даль жеңіп алды. Спорт­­шы­ның айтуынша, ол отбасы­лық тарихты жалғас­тыр­ғанына қу­нышты. Естеріңізге сала кетейік, 1996 жылы Харбинде өткен Азия ойын­дарында оның әкесі және жеке бапкері Владимир Борцов Қазақ­стан­ға алтын, күміс және қола медаль­ды әкелген бо­латын.

«Әрине, мен қуаныштымын, себебі қола медаль емес, күміс медаль алдым. Алтынды қалайтын едім, бірақ екінші орын­ға да қуаныштымын. Маған сен­ген, қолдаған барлық адамға тағы бір рет алғыс айтамын. 

Ең әсерлісі, менің әкем – менің не­­­­­гізгі жаттықтырушым, Хар­бин­­дегі Азия ойындарында медаль жеңіп алған. 30 жылдық цикл… Бұл ме­­даль мен үшін маңызды оқиға. Отба­сы­лық тарихты жалғастырдым. Бұл үшін қуаныш­тымын, мұнда болуға да қуа­­ныштымын», – деп мәлімдеді Конс­тан­тин марапаттау рәсімінен кейін.

– Алтын медальдың аздығы белгілі бір жағынан жақсы нәтиже болғанын айтады. Себебі егер 5-6 алтын алған жағ­дайда «шүкір, осы да жетеді» деп қыс­қы спорт түрлерінің дамуында проб­лемалар барын ұмытып кететін едік. Ертең сол 5-6 алтынды алға тар­тып, «спорт қарыштап дамып жатыр» деп мақтанатындар да табылар еді.

Негізгі мәселе – Қазақстанда ке­шен­ді спорттық даму бағдарламасының жо­ғы. Бұл тек қысқы спортқа емес, жал­пы спорт саласына қатысты проб­ле­ма. Сарапшының айтуынша, шенеу­нік­тердің басты мақсаты – ұзақмерзімді жос­парлау емес, өз беделін көтеру ғана. Сон­дықтан нақты әрі жүйелі бағ­дарла­ма жасауға ешкім мүдделі емес. Өйткені кез келген жаңа басшы өз орнында ұзақ отыр­майтынын жақсы біледі, – деді спорт журналисі Анық Көкенайұлы.

Оның сөзінше, тағы бір өзекті мә­се­ле – тұрақтылықтың жоғы. Әр келген ше­неунік өзінше бір «жаңалық» ашуға ты­рысады. Соның салдарынан ал­дың­ғы басшының бағдарламасы жойы­лып, жаңа бір жоба қолға алы­на­ды. Осылайша, жүйеліліктің бол­мауы Қазақстанда спортты да­мытуға кедергі келтіріп отырғанын ай­­тады.

Үздік үштіктен көрінгендер

Қазақстан құрамасы Азия ойын­да­рын жеті қола жүлдемен аяқтады. Олар­ды иеленгендер шаңғышы Олжас Кли­мин, конькимен жүгіру спортынан ко­мандалық спринтте, мәнерлеп сыр­ғанау­шы Михаил Шайдоров, шаңғы жарысы бойынша ерлер құрамасы, фристайл-акробатикадан Аяна Жол­дас, синхронды секіруден әйел­дер командасы және биат­лон эстафетасындағы әйел­дер құрамасы болды.

Конькимен жү­гіру­ден Қазақстан әйел­дер құрамасы қола ме­дальды еншіледі. Елге қола медальды Надежда Мо­розова, Кристина Си­лаева және Дарья Важе­нина сыйлады. Алтын жүл­дені Оңтүстік Корея құра­масы жеңіп алды, ал Қы­тай күміс медаль иелен­ді.

Шаңғы жарысынан Олжас Климин 10 шақырымдық еркін сти­льдегі жарыста ел намысын сәт­ті қорғап, қола медальды жеңіп ал­ды. Климиннің мәреге жеткен уа­қыты – 21:20.3. Жеңісті жапониялық Хару­ки Ямашита (21:06.5) иеленсе, оның командаласы Такацуга Уда (21:16.5) екінші орынға тұрақтады. Ай­та кетейік, бұған дейін Константин Бор­цов спринтте күміс жүлдегер атан­ған болатын.

Харбин қысқы Азия ойындарының жабылу салтанатында келесі Азияның қай жерде өтетіні белгілі болды. 2029 жылы Азияны Сауд Арабиясының Неом қаласы қабылдайды. Аталған ша­рада Харбин қаласының мэрі Ван Хэшэн мен Азия Олимпиада кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Фок Жэнтин туды Сауд Арабиясының Ұлттық спорт комитеті төрағасына және Ұлттық спорт комитетінің төра­ғасы Ханзада Фейсалға тапсыр­ды. Осылайша, тұңғыш рет қысқы Азия ойындары Батыс Азияда өт­пек.

Әсет ҚАЛИ