Сол үшін де шығар дертіне шипа іздеген отандастарымыз өзіміздің медицинаны місе тұтпай, өзге елдің табалдырығын тоздырып жүр. Айталық, Өзбекстанға былтыр 7 мыңнан астам адам медициналық туризммен барған. Ем іздегендердің барлығы құлан-таза айығып келіп жатыр ма? Көршінің медицинасы шынымен де біздікінен көш ілгері ме?
Бағасы арзан, маманы білікті
Қазір қалтаңызда ақшаңыз болса, Ташкенттегі емханадан шақыру жіберетін, шекарадан көлікпен күтіп алатын, пәтер тауып, дәрігерге кіргізетін «құтқарушылар» көбейген. Әрине, сұраныс бар жерде, ем іздегендердің жағдайын пайдаланып ақша тапқысы келетіндер де азаймайтыны анық. Халықтың жаппай Ташкентке ағылуына да себеп көп. Ең бірінші, бұрынғы одақтас республикалардың ішінде 30 күн визасыз жүруге болатын мемлекеттердің бірі – Өзбекстан. Әрі бұл жақта медициналық қызмет көрсету біздікімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мысалы, кез келген дәрігердің қабылдауы жергілікті халық үшін 30 мың сум болса, шетел азаматтарына – 50 мың сум. Бұл біздің ақшамен 2 200-2 300 теңге. Ал «ЭГГ»-ға (электрлі энцефалография) түсу үшін өзбек сумымен 84 мың төлеу керек, бұл теңгемен есептегенде – 3 783 теңге. «МРТ»-ға (магнитті-резонанстық томография) басты түсіру бағасы – 7 883 теңге болады. Біздің жақта «МРТ» бағасы 25 мыңнан 50 мың теңгеге дейін баратынын ескерсек, бұл әлдеқайда арзан.
– Ташкенттегі медициналық туризмнің ең басты тартымдылығы – кәсіби білікті мамандар мен қызмет бағасының арзандығы. Бізде бір анализ жасаған ақшаға ол жақта кешенді тексерілуден өтуге болады. Медицина мамандарының білікті болуына екі жағдай ықпал еткендігі анық. Біріншіден, Ташкент медицина институты (ТашМИ) Кеңес дәуірінде де сапалы білім беретін оқу орны болған. Ал Ауғанстандағы соғыс жылдарында (1979-1989) совет әскеріне медициналық қызмет көрсететін госпитальдар Өзбекстанда шоғырландырылып, одақ елдерінен білікті дәрігерлер жасақталыпты. Олардың көпшілігі кейін Өзбекстанда қалып, шәкірттер тәрбиелеген. Сол сабақтастық сақталған, – дейді әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов.
Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарынан бастап өзбек жастары да шетелдік озық оқу орындарында білім алып, елдеріне оралып, өз кәсіптерін ашқан. Бір қызығы, шетелде білім алған өзбек жастары келген соң кәсіп ашуға қарай ұмтылады.
Дегенмен отандастарымыз ол жаққа бармас бұрын дәрігерлерді, клиникаларды алдын ала таңдап барғаны абзал. Қатерлі ісікпен он жылдан астам күресіп келе жатқан Жұлдыз Алжанова да басында Ташкентке ем іздеп барыпты.
– Қолым үш жасымнан бастап ауыратын. Екі ота жасатсам да еш әсері болмады. Ташкентке барып емделу туралы ой әу баста болған жоқ. Шымкент қаласындағы Даумед орталығында ем алып жүргенде хирург «Ташкентке барыңыздар» деп біздің қолымызға сол жақтағы дәрігердің байланыс нөмірін берді. Осылайша, Ташкент медицина академиясының буын және қол хирургиясы орталығына қаралдым. Олар менің қолыма үшінші рет ота жасады. Одан кейін үш күн антибиотик салды. Ауруханада өзім жалғыз жаттым. Ташкент менің қолыма екі диагноз қойды, – дейді Жұлдыз Алжанова.
Алайда ташкенттік дәрігерлер қойған диагноз қазіргімен бірдей емес еді. Осылайша, ол емді әрі қарай жалғастырмай, кейін Алматыдағы онкология орталығына келіп қаралып, қатерлі ісік екенін анықтайды. Бірақ диагнозды тым кеш білгендіктен, бір қолын кесуге тура келеді. Жұлдыз қазір Оңтүстік Кореяда ем алып жүр.
Қолда бардың қадірі жоқ па?
Ташкентте екі жыл тұрған Таңшолпан Құрманәлиеваның пікірінше, өзбекстандық азаматтардың арасында ем іздеп Қазақстанға келетіндер де бар. Өйткені біздің елмен салыстырғанда, Өзбекстан медицинаға көп қаржы бөлмейді. Мысалы, оларда ерекше қажеттілігі бар балаларға біздегідей арнайы квота қарастырылмайды. Әрине, стоматология сынды кейбір саланы емдеу Ташкентте жақсы дамығанымен, онкология, аутизм диагноздарын емдеуде бізден ілгері емес.
– Егер Қазақстанда тегін емделетін диагноз болса, Ташкентке барудың қажеті жоқ. ТМД елдерінде басқа мемлекеттер медицинаға Қазақстандағыдай қаржы бөлмейді. Тіпті, біздің елімізде көптеген диагноз тегін емделеді. Өзбекстандағы балалар онкологиядан емделу үшін Ресейге барады. Біздің еліміздің медицинасы Америка, Еуропанікімен бірдей емді, дәріні қолданып, сол деңгейде ота жасаса да, азаматтарымыз Қазақстан медицинасына сенбей, Ташкентке барады, – дейді әлеуметтік желіде медицина тақырыбын көтеріп жүрген белсенді Таңшолпан Құрманәлиева.
Оның айтуынша, ташкенттегілер «Он күнде аяғыңыздан тұрғызамыз», «дертіңізден айықтырамыз» деп кепілдік береді. Себебі ертең Қазақстан азаматы ем іздеп барып, қайтыс болып кетсе де оған ешкім жауап бермейді. Өзбекстандық дәрігерді біздің билік тергей алмайды. Ауырып тұрған адам «емдеп беремін» деген жылы сөзге сеніп қалады. Ал біздің дәрігерлер заң алдында жауап беретіндіктен ешкімге «жүз пайыз емделесіз» деп айтпайды.
Шынымен де, былтыр медицинаға 3,3 трлн теңге бөлінген. Ал Президент 2027 жылға қарай елдің ІЖӨ-нің 5%-ын бөлуді тапсырған.
Медицина саласына қыруар қаржы бөлінсе де, әрбір төртінші азаматтың отандық медицинаға көңілі толмайды. Былтыр медициналық ұйымдарға немесе қызметкерлерге 7 мыңнан астам шағым түскен. Оның ішінде 32% сапасыз медкөмекке, 22% ұзын-сонар кезекке, 15% медицина қызметкерлерінің дөрекілігіне, 12% қате диагнозға шағымданған. Кезегі жетем дегенше ауруы асқына беретінін түсінетіндер бірден Ташкентке аттанады. Солардың бірі – Гүлжан Оразаева.
– Біздің халық әр емханаға барып сансыз кезек, сапасыз қойылған диагноздан әбден шаршаған. Тегін УЗИ, МРТ, анализ береді. Бірақ соның қорытындысын оқып, басқа мамандармен кеңесіп ортақ бір шешімге келіп, бір нақты ем тағайындамайды. Ауырып барған науқасты бес маманға жібереді. Олардың әрқайсысы әртүрлі диагноз қояды. Сондықтан нәтиже шықпайды. Әр күнің емханаға барумен өтеді, – дейді Ташкенттен толық жазылып қайтқан жан.
Гүлжан Оразаеваның айтуынша, Ташкентте бетіңнен сүйіп, жылы қабақ танытып, мүмкіндік болса сол күні, болмаса келер күні барлық нәтижелерді қолға ұстатып, бар ақшаңды қалталарына басып қалып, жібереді. Ол жақта да бәрі білікті, керемет деп айтуға келмейді. Айырмашылығы жылы қабақ танытып, жылдам тексерістен өте аласың. Бізде де мықты, білімді жас мамандар, тәжірбиелі дәрігерлер бар. Тек сол кісілерді ерінбей тауып, емін алу керек.
– Мен ешкімге Ташкентке бар деп кеңес бермес едім. Бұрынғыдай емес, қазір ақшаға құнығып кеткен. Жақында Ташкентте 4-ші операцияға түстім. 8 күн сол жақтың нанын жедім. Ең бастысы жаным аман қалды, соған шүкіршілік етемін, – деді ол.
Иә, таяқтың екі ұшы бар. Бастысы, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздегенге не жетсін!
Көктем ҚАРҚЫН