2025 жыл елде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы ретте жұмысшы маман дегенде ең алдымен ірі зауыттар мен кәсіпорын қызметкерлері ойға оралатыны да рас. Алайда елордалық театрда өмірін өз ісіне арнаған қарапайым жұмысшылар да аз емес. Мәселен, «Астана Операның» тігін цехында еңбек етіп жүрген тігіншілер жайлы сөз етпекпіз.
Өмірін тігінге арнаған тігіншілер
625
оқылды

Қазір театрдың тігін цехында тігіншілерді, олардың көмекшілерін, киім пішушілерді, технологтерді, мамандарды және цех меңгерушісін қосқанда барлығы 20 адам еңбек етеді.

Біздің алғашқы кейіпкеріміз – баскиімдерді пішуші Дина Джакиенова. Ол бұл салаға осыдан 43 жыл бұрын өзінің қалауымен келген. Сағат тіліндей сырғыған өмірінің жартысын ол театрдың тігін цехында еңбек етумен өткізіп, өз ісінің нағыз білгіріне айналған. Әуелі К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында жұмыс істеп, кейін 2013 жылы елордада еңселі «Астана Опера» бой көтергенде бір топ әріптестерімен бірге осы театрға ауысқан.

– Жеке тігіншінің жұмысына қарағанда театр тігіншісінің жұмысы мүлде басқа. Біз костюмдер бойынша суретшілер салған сызбалар бойынша жұмыс істейміз. Осы ретте италиялық костюмдер бойынша суретші, «Достық» орденінің кавалері Франка Скуарчапиномен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетовамен және Павел Драгуновпен, басқа да атақты дизайнерлермен қоян-қолтық жұмыс істегенімізді атап өткім келеді. Опера солистері мен балет солистеріне арналған костюмдерді тігу әдісі екі бөлек.  Әртістер сахнада өздерін ыңғайлы сезінуі үшін үстіндегі костюмінде ешқандай кемшілік болмауы тиіс. Костюмдері олардың көңілінен шығуы үшін барымызды саламыз, – деді Дина Джакиенова.

Айтуынша, тігінші болғаннан кейін оған "киім тігіп берші" деп қолқа салатындар көп. "Өз басым театр цехындағы негізгі жұмысымды ойлауға тырысамын. Өз ынтамды тек істеп жүрген жұмысыма арнаймын", – дейді ол.

Баскиім тігудің костюм тігуден бір ерекшелігі – мұнда толығымен қол еңбегі талап етіледі. Сонау 80-жылдары әуелі Арқалықтағы техникалық училищеде ерлер киімін тігуге машықтанған Дина Джакиенова баскиім тігуді Шымкентте бес айлық курста меңгеріп алыпты. Біз барғанда ол театр репертуарына жаңадан қосылған «Аралым», «Тойбастар» және «Әлем» нөмірлеріне баскиімдер жасап жатқан еді. Баскиімдерге қарап Дина Джакиенованың бойына қолөнерлік қасиет те молынан дарығанын аңғардық.

– Егер тігуге сүйіспеншілігің болса, киімді, баскиімді,  барлығын да тігуге болады. Жұмысың өзіңе ұнағаннан кейін уақытпен де санаспайсың, оның қиыншылықтарына да төзесің. Жастарға айтарым, қарапайым жұмысшы болудан ешқашан да қашпаңыздар. Олардың бірі – тігінші кәсібі де зор құрметке лайық мамандық, – деді Дина Джакиенова.

Бар саналы ғұмырын тігін тігу ісіне арнап келе жатқан костюм тігу бойынша шебер Гүлбану Мұқанова да әріптесімен толық келіседі.

– «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Жұмыс барысында ештеңе байқалмайды, ал костюмді тігіп бітіргеннен кейін оған қарағанда көзің тояды, өз-өзіңе риза боласың. Спектакльдің дайындықтары кезінде біздің қолымыздан шыққан костюмдерді киген әртістерді көргенде қатты қуанасың. Бір костюм – бұл қаншама мамандардың, атап айтсақ, дизайнерлер мен технологтердің, тігіншілердің бірлескен жұмысының нәтижесі, – деп әңгімеледі Гүлбану Мұқанова.

Ине мен жіптен бөлек, тігіншінің тағы бір негізгі құралы – тігін машинасы. Шебер Гүлбану Мұқанова осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын жұмысқа енді кіріскенде мүлде басқа тігін машиналарын қолданғанын айтты. Ал қазіргі заманауи тігін машиналарында бірнеше функция  болғандықтан, тігіншінің жұмысы әлдеқайда жеңілдеген.

– Қазір жібін де алмай тіге беретін машиналар бар. Біздің кезімізде тігін машиналарында жарық болмайтын, ал қазіргілер толығымен жарықтандырылған. Бұдан бөлек, бұрын матаны үтіктеудің өзіне қаншама уақыт кететін еді, – деп еске алды тігінші.

Әңгіме барысында баскиімдерді пішуші Дина Джакиенова да, костюм тігу бойынша шебер Гүлбану Мұқанова да биыл құрметті зейнет демалысына шығатындарын айтты. Бүгінде олар бар білген-түйгендерін, мол тәжірибелерін жас мамандармен бөлісуде. Осы орайда «Астана Опера» жанында балаларға арналған театрлық қолөнер   студиясы жұмыс істейді, онда  қыздар шеберлерден тігіншілікті үйреніп жүр. Ертеңгі күні бұл балғындардың да бір-бір тігіншілікті меңгеретініне сенім мол.  

«Астана Опера» театрындағы тігін цехында тәжірибелі тігіншілердің өкшесін басып келе жатқан жас мамандардың бірі – Әйгерім Жаңабергенова. Ол Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін костюмдер бойынша суретші мамандығын тәмамдағаннан кейін тәжірибе жинақтау үшін елордалық театрға жұмысқа орналасқан.

– Жұмысты төменнен бастап көрген дұрыс, сол кезде процестің қалай жүретінінен хабардар боласың. Егер өз ісіңді жақсы көрсең, одан міндетті түрде нәтиже шығаруға болады. Менің «Астана Операның» тігін цехында істеп келе жатқаныма екі жылдан асты, жұмысым өзіме ұнайды. Әр премьера сайын жаңа костюмдер тігеміз. Әуелі сызбаға қарап, технологпен ақылдамасыз, содан кейін ғана тігуге кірісеміз. Қандай да бір нәрсені білмей жатсам, мұндағы тәжірибесі мол әріптестерім үнемі көмек қолын созады, олардан үйренерім көп. Келешекте өзімнің жеке тігін цехымды ашқым келеді, – дейді костюм тігу бойынша шебер Әйгерім Жаңабергенова.

Оның ойынша, тігінші мамандығы ешқашан да сұраныстан қалмайды, себебі бұл – қоғамға өте қажет кәсіп. Тігін тіге білетіні Әйгерімге өмірде де көп көмегі тиген. Өйткені ол сөмке, шалбар немесе сырт киім болсын, барлық керек киім мен аксессуарларды өзі тігіп алатынын айтты.

Осылайша, «Астана Операдағы» жұмысшы мамандықтар жайлы материалдар топтамасы аясында бүгін театр тігіншілерінің жұмысымен танысуға тырыстық.