Депутаттың айтуынша, 17 ақпан күні кешке Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясының "Жомарт" кенішінде тау-кен массасы құлап, жеті адамның қаза табуы – қайғылы оқиға.
– Осы апаттан қаза тапқан әрбір жұмысшының отбасы мен ағайын-туғандарына Парламент Мәжілісі атынан көңіл айтамыз. Бұл қанды оқиға бүкіл елді дүрліктірді. Қазір бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауына алынып, төтенше жағдайдың мән-жайын анықтап, зардап шеккендерге көмектесуді тапсырды. Арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды. Десе де, ел ішінде әсіресе «Қазақмыс» кәсіпорындарында жазатайым оқиғаларының жиілеп кетуі, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне салғырт қарайтынымызды көрсетіп отыр. Бұған дәлел ретінде көңіл көншітпейтін көрсеткіштен көруге болады.
Мәселен, 2023 жылы Балқаш мыс қорыту зауыты мен №57 Шығыс Жезқазған кенішінің шахтасында монтаж жасайтын жұмысшы мен тау-кен шебері қаза тапқан. Ал қараша айында Жезқазғандағы №2 өңдеу зауытында бір әйел, Жамбыл облысындағы Жайсаң кенішінде екі кенші мерт болды. 2024 жылдың қазан айында Балқаш ауданындағы "Саяқ-3" кенішінде көмірқышқыл газының шығуынан тағы екі кенші көз жұмды. Тіпті, кешегі жеті адамның қазасы да осы өнеркәсіпте орын алды. Жеті бірдей әулет асыраушысынан, сүйенішінен айырылды" – деді Арман Қалықов.
Депутаттар кеніштегі оқиғаға газ жарылысының салдары деп көрсетілгенімен, ол жерде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы деп санайды.
"Біз кеніште газ жарылысы болғаны емес, қауіпсіздік ережелерінің ескерілмегеніне алаңдаушылық білдіруіміз керек. Елдегі ірі кәсіпорындардың әлі де табысы көбеюде, соған қарамастан жылдар бойы еңбек қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеуі қалай? Шындығында, мұндай техногендік апаттар еліміздегі шахталарда, мұнай кен орындарында жыл сайын қайталанып отырады. Бұл мемлекеттік өнеркәсіптік қауіпсіздік институттарының маңыздылығы мен қажеттілігін тағы да көрсетіп отыр.
Ең қорқыныштысы, инспектордың тексеру парағы ОПО қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жатпайды, бірақ бұл талаптар өрт және экологиялық қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қауіпсіздік жүйесінен алынған. Сондай-ақ, он жыл бұрын өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін қарайтын жалғыз республикалық ғылыми институт таратылған. Бір сөзбен айтқанда техногендік қауіпсіздік саласындағы ғылыми-әдістемелік база жойылған. Бүгінде өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесінде қалыптасқан жағдайға тиісті талдау жасамай, оны одан әрі қысқартып, жаба салуға оңтайланған. Сондықтан өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету функцияларын салалық министрліктерден бере отырып, дербес және тікелей Премьер-Министрге есеп беретін мемлекеттік органды құру жолымен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту керек", – деді ол.