Елімізде жыл сайын 38 мыңнан астам адамды ит қабады, оның ең кемінде жартысы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Адам құқығы мен қауіпсіздігі жануарлар құқығынан жоғары тұруы тиіс – Еділ Жаңбыршин
878
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин бұралқы иттерге қатысты мәселені шұғыл шешу қажет екенін айтып, Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолдады. Депутаттар Маңғыстау облысында 16 жастағы жасөспірімнің итке таланып, ауыр жарақат алғаны туралы оқиғаны мысалға келтіріп, мұндай жағдайлардың қоғамда жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, елімізде жыл сайын 38 мыңнан астам адамды ит қабады, оның ең кемінде жартысы – 14 жасқа дейінгі балалар. Қолданыстағы заңнама аясында бұралқы иттерді ұстап, оларға стерилизация, екпе жасап, қайтадан бос жіберу қарастырылған. Алайда мұндай практика бұл проблеманың шешімін табуға көмектеспеді. 

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР заңына біздер ұсынған иесіз, бұралқы иттерді 15 күннен соң эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасы – гуманистік шешім деп білемін. 

Бұл АҚШ, Жапония, Израиль, Франция, Ұлыбритания, Литва сияқты әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын әдіс. Тіпті скандинавия елдерінде Ресейден бұралқы иттер шекарадан өтіп кетсе, бірден атып тастайды.

Осыған орай, қоғамда қажетсіз дау көтеріп жүрген кейбір «жануар құқығын» қорғаушылар, ең алдымен, адам құқығы мен адам қауіпсіздігі деген мәселені еске алсын», – деді депутат.

Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері бұралқы иттердің мәселесін қоғамда жүйелі түрде шешу үшін Үкіметке мынадай шараларды қолға алуды ұсынды:

  • Бірінші, өздерін «зооқорғаушылармыз» деп тіркелген барлық ұйымдардың қандай көздерден және қандай мақсатта қаржы алғанын тексеру қажет;
  • Екінші, азаматтарды, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік желілер мен БАҚ-да балағаттап, қаралау, жала жабу фактілерін зерттеп және зерделеп, оларды ұйымдастырып отырған тұлғаларды анықтап, олардың іс-қимылына құқықтық баға берілуі тиіс;
  • Үшінші, қолданыстағы заңның аясында жаппай көшедегі бұралқы иттерді ұстап, қамау шараларын алсын, агрессия көрсеткендерін және жұқпалы аурумен ауыратындарына эвтаназия жасау мүмкіндіктерін қарастырсын.

– Бұралқы иттер туралы сөз болса, жануарлар құқығын қорғаушы кейбір ұйымдар өре тұрады. Түсінеміз, олар USAID сияқты батыстық ұйымдардан алған гранттарының ақшасын ақтауы керек болар. Бірақ жануарлар құқығы адам құқығынан жоғары болғаны ма?!

Қазақстан Республикасының ең бірінші байлығы – адам, ал мемлекеттің міндеті – әуелі әр азаматтың бейбіт және қауіпсіз елде өмір сүруіне жағдай жасау. Тағы да қайталап айтамын, адамның қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс!, – деді Жаңбыршин.