Бүгін Ақмола облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» атты екі күндік жастар форумы ашылды. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізілген іргелі шара билік өкілдері, бизнес, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы маңызды диалог алаңына айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Форумға 500-ден астам қатысушы, 29 колледж және өңірдің жетекші компанияларын таныстыратын 44 әлеуметтік серіктес жиналды. Ақмола облысы агроөнеркәсіптік секторда, құрылыс, металлургия және туризм салаларында жетекші орындарға ие.
Өңірдегі 800-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етпек. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту экономика үшін маңызды рөл атқарады, ал жас мамандарды даярлау – жұмысшы мамандықтарының ұрпақтар сабақтастығының негізі.
Ұйымдастырушылар форум жастардың нақты жұмысшы мамандықтары бойынша кәсіпорындармен тікелей диалог алаңында кездесіп, бірінші кезекте кадр тапшылығын жою мәселесін шешу мақсат қойылғанын айтады.
Шара барысында өңірдің он ең ірі техникалық колледждері жастар форумына көрме ұйымдастырып, өз жұмыстары жайлы жиналған жұртқа кеңінен мәлімет берді.
Форум жұмысы одан әрі форсайт-сессиямен жалғасты. Мұнда қатысушылар мектеп және колледж оқушыларымен болашақ еңбек нарығы, цифрлық дәуірдегі жұмысшы мамандықтарының болашағы, нарық талаптарына сай кәсіби білім беруге бейімделу, жұмысшы әулеті дәстүрін жалғастыру және сақтау, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын танымалдандыру сияқты өзекті мәселелер талқыға түсті.
Форум 19-20 ақпанда екі күнге созылмақ. Бағдарламаға сәйкес көрме, пікірталастар, кәсіби тренингтер мен нетворкинг және басқа да шаралар ұйымдастырылмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.