Сенаторлар төтенше жағдай кезінде еліміздегі эвакуациялық пункттер халықтың қозғалысы қиын топтарына лайық жасалмағанын, биік табалдырық, тайғақ еден, тар есік, жоғары көтерілетін пандустың, тану және сезіну белгілерінің болмауы мүгедектерге қиындық туғызатынын айтты. Әттеген-айы, бұл проблема төтенше жағдай кезінде ғана емес, күнделікті тұрмысына да кедергі. «Біз күш-жігерді біріктіре отырып, мүгедектігі бар адамдар төтенше жағдай кезінде қиын жағдайға тап болмайтындай жүйе құруымыз керек», – деді кеңес төрағасы Ләззат Қалтаева. Алдымен олардың қоғамда әрқайсымыз сияқты кедергісіз өмір сүруіне мүмкіндік жасай алсақ игі. Мәселен, мүгедектігі бар азаматтар арасындағы жұмыссыздық проблемасы күн тәртібінен түспей тұрғалы қашан?!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында ең алдымен ерекше қажеттіліктері бар балалар мен азаматтарға қолдау көрсету қажеттігін, олардың өмір сүру сапасын қолжетімді, жайлы инклюзивті және әлеуметтік орта құру арқылы арттыруды атап өтті. 2024 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 724,9 мың адамның мүгедектігі бар, бұл халықтың 3,6%-ы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, олардың 60 пайызы жұмысқа жарамды. Әйтсе де, жұмыспен қамтылу деңгейі төмен – 30% (ЭЫДҰ елдерінде аталмыш көрсеткіш 40-50 пайыздан жоғары) және сарапшылар мұның негізгі бірнеше себебін атап көрсетеді: мүгедектігі бар жандарға бейімделген жұмыс орнының жетіспеуі, олардың құқының қорғала бермеуі, жұмыс берушілерде инклюзивті мәдениеттің төмендігі және тағы басқа.
Ерекше жандарға – ерекше мамандық
Елімізде басталған инклюзивті қоғам және инклюзивті орта құру процесі мүгедектігі бар адамдардың дене бітіміндегі, зияткерлік, әлеуметтік немесе басқа айырмашылықтарына қарамастан, ел азаматтарымен тең дәрежеде қоғамдық өмірдің барлық саласында тең мүмкіндіктер алуына ықпал етеді. Бұл мақсатта бірқатар шара да атқарылып келеді. Әлеуметтік кодексе сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының санынан 2-4%-ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілеу арқылы халықты жұмыспен қамту саясаты іске асып жатыр. Яғни, қарамағында елуден көп қызметкері бар жұмыс беруші мүгедектігі бар бір азаматты (яғни, жұмысшының 2%-ы) квотамен қызметке алуға тиіс. 100 адамы бар мекеме – 3%, ал 250 қызметкері бар ұйым 4% квота бөлуі шарт. Сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, 2018 жылдан бері жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруы үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға байланысты шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. Мемлекет алғашқы үш жылда мүгедектігі бар қызметкердің жалақысын төлеуге көмектеседі: бірінші жылы – жалақының 70 пайызы (30 АЕК-тен аспауы керек), екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60%. Жұмыс орнын арнайы құрал-жабдықпен бейімдеуге бағытталған шығынды субсидиялау тетігі енгізілді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың ерекше қажеттілігі болады: пандус, арнайы дәретхана, қосымша тұтқалар, арнайы құрал-жабдықтар және тағы басқа. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші еңбек шартында қызметкердің жеке мүмкіндігін ескере отырып, жұмыс орнын жабдықтау талабын көрсетуге міндетті.
«Жұмыс беруші мүгедектігі бар қызметкерге жайлы еңбек жағдайын қамтамасыз етуге міндеттелгенімен, жұмыс орнын қайта жабдықтау үшін шығындалуға тиіс емес. Бұл шаруа мансаптық орталықтар немесе еңбек мобильділігі орталықтарымен жасалған келісімшарт негізінде жүргізіледі. Жұмыс беруші өтінім береді, ал уәкілетті орган жұмыс орнын құру үшін қаражат бөлуі керек. 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің шығындары бекітіліп, 300 АЕК-ке дейін өтеледі», – дейді құқықтанушы Назым Әбілсейітова.
Кәсіби оқыту бағдарламалары даярланды, мәселен «Бастау бизнес» жобасы мен мемлекеттік гранттар (400 АЕК-ке дейін) мүмкіндігі шектеулі адамдарға жаңа мамандық меңгеруге және өз кәсібін ашуға мүмкіндік береді. 2023 жылдан бері азаматтар бұл бастаманың игілігін көріп келеді: аяқкиім жөндеу шеберханаларын, тігін ательелерін және сервис орталықтарын ашты. Сондай-ақ мемлекет жұмыс орындарын заманға бейімдеуге ықпал етіп жатыр. Мәселен, ІТ саласында қызмет ететін мекемелермен бірлесіп, мүгедекті бар азаматттарға қашықтан істейтін жұмыс тауып беріп жатыр.
Бұған қоса, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар азаматтарға арналған кәсіптер атласын даярлады, бүгінде enbek.kz сайтынан кез келген адам өзінің мүгедектің жағдайына сәйкес келетін жұмыс іздей алады.
«Осыдан 4 жыл бұрын Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кәсіп атласы ресми түрде бекітілді. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы мамандықтар тізбегі жасалды. 16 мыңнан астам мамандықтар ұсынылды, оның жеті мыңы – ерекше мамандықтар. Мысалы, онлайн оқыту мен жаттықтырушылық, интернет арқылы сату, IT, SMM маманы, жүйелік әкімшілік және тағы басқа», – дейді заңгер Самира Тайтенова.
Жұмыс қабілетіне күмәнмен қарайды
Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға инклюзивті қоғам құру жұмысы жалғасуда. Білім беру, еңбекке араласу, спорттық-мәдени шараларға қатысу және тағы басқа салаларда тең құқық пен мүмкіндікті қамтамасыз ету мақсатында түрлі бастама көтеріліп келеді. Десек те, мұндай шараларға қарамастан, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту ісінде әлі де күрделі мәселе жеткілікті. Биыл Инклюзивті саясаттың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады, онда мүгедектігі бар адамдар халықтың экономикалық тұрғыдан осал топтарының бірі екені, тұрғын үйге, тамаққа, коммуналдық төлемдерге, оның ішінде медициналық қызметтерге және дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығыны тиісті өмір сүру деңгейін қамтамасыз етпейтіні атап көрсетілді. Тұжырымдамада жұмыс істемейтін респонденттердің шамамен үштен бірі (29%) жұмысқа қабылдаудан бас тартудың негізгі себептері ретінде мүгедектігінің бар екенін атап өткен. «Әділдік және өркендеу» қоғамдың қорының заңгері Самира Тайтенованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыссыздық мәселесі жұмыс берушінің өз міндеттерін жеткілікті деңгейде білмеуінен туындап отыр. Өйткені жұмыс берушінің мүгедек болғаны үшін жұмысқа алмауға құқы жоқ.
«Еңбек кодексінің 25-бабы 2-тармағында «мүгедектік еңбек шартын жасасу құқығын шектемейді» делінген. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтың денсаулығы өз жұмысын атқаруға кедергі келтірмесе, жұмыс беруші оны қызметке қабылдаудан бас тарта алмайды. Сондай-ақ Конституцияның 14-бабы 2-тармағында ешкімді шығу тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, тұрғылықты жері немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша кемсітуге болмайтыны тайға таңба басқадай етіп жазылған. Әрі Ата Заңымыздың 24-бабына сәйкес, әрбір азаматтың қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайына, қандай да бір кемсітусіз еңбегі үшін сыйақыға, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар», – дейді заңгер.
Мемлекет қабылдаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қарамастан, елімізде көптеген кәсіпорын мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын сақтамайды, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпейді. Көп мекеме аталмыш талапты орындаудан жалтарып әлек. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы квоталаудан бас тарту үшін қызметкер санын әдейі азайтып көрсеткен 300 жағдай анықталған.
«Халықаралық тәжірибеде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтудағы тиімді құралдың бірі – кәсіпорындарда квота бөлу. Бұл бағытта бізде де арнайы бағдарлама бар. Алайда іс-жүзінде жұмыс берушілердің тек 30% осы нормативті орындап келеді. Бұл проблеманы шешу үшін бақылауды күшейту және жұмыс берушілерге олардың әлеуметтік жауапкершілігін жиі еске салу қажет деп санаймын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтық сауатын көтеру – өзекті мәселе. Жалпы, еңбек қатынасындағы мәселелердің басым бөлігі – жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтық сауатына қатысты. «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының заңгерлері тегін құқықтық кеңес бере алады», – дейді заңгер Самира Тайтенова.
Айта кетейік, квотаны орындамаған компанияға алдымен ескерту беріледі, содан кейін айыппұл салынуға тиіс. Құқықтанушы Назым Әбілпейісова бұл санкциялар сирек қолданылатынын тәжірибе көрсетіп отырғанын айтады және жауапқа тарту ісін күшейту керегін айтады.
«Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдардың еңбек нарығындағы қазіргі жағдайын ескере отырып, квота жүйесі мен тиісті санкциялар мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесін толық шеше алмайтынын байқап отырмыз. Квота жүйесінің тиімділігін арттыру үшін санкциялар ғана емес, басқа да шаралар қажет. Мәселен, квоталар барлық жұмыс берушіге бағытталуы тиіс, оның ішінде шағын, орта және ірі бизнес субъектілері мен мемлекеттік сектор да қамтылуы қажет. Сонымен қатар адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету бойынша маңызды рөл атқаратын мемлекеттік қызмет әлеуметтік институт ретінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жұмыс орындарын көбейтуге үлгі болуға тиіс. Мысалы, Бразилияда мемлекеттік қызметтегі бос орындардың 20%-ы мүмкіндігі шектеулі адамдарға бөлінген. Квоталар барлық мүгедектік санаттарын әлеуметтік интеграциялауы керек. Әрбір мүгедектік топтары үшін қажетті еңбек жағдайы әртүрлі болатыны анық. Сондықтан еңбек ортасын бейімдеуге ерекше көңіл бөлінуі қажет. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алған жұмыс берушілерге қажетті қаржылық қолдау көрсетуге тиіс. Квота жүйесін бұзғаны үшін қолданылатын санкциялар оны бұзбауға жеткілікті деңгейде қатаң болуы қажет», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар жоғарыда Сенат қабырғасында көтерілген мәселе – мүгедектігі бар адамдарға бейімделген инфрақұрылымның жоқтығы күйіп тұр. Бұл проблема еліміздің Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалары мен облыс орталықтарының өзінде түбегейлі шешімін таба алған жоқ. Еліміздегі көптеген кәсіпорын өз кеңселері мен жұмыс орындарының қолжетімділігін қамтамасыз етпейді: пандустар, лифтілер, арнайы дәртханалар мен ыңғайлы жұмыс аймақтары жоқ, бұл қозғалысы шектеулі адамдардың жұмыс істеуін қиындатады.
«Жұмыс беруші мүгедектігі бар қызметкерге жайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс орнын қайта жабдықтау үшін мемлекеттен субсидия ала алады. Мүмкіндігі шектеулі қызметкер жұмыспен қамту орталығына жүгініп, өзінің еңбекке жарамдылығын растауы және қолайлы бос жұмыс орнына іріктеуден өтеді. Ал жұмыс беруші құжаттарды рәсімдеп, қосымша талаптарды сақтап, қызметкердің шектеулерін ескеруі және қажет болған жағдайда жұмыс орнын қайта жабдықтауы тиіс. Әрі қандай жабдықтау шараларын атқаратынын келісімшартта көрсетіп, оның шығынын мемлекеттен өтеп алуға құқылы. Алайда бұл – күрделі процесс, сондықтан көптеген компания бюрократиядан қашып, бұл шаруаға бас қатырғысы келмейді», – деп атап өтті HR маманы.
Бұдан бөлек, елімізде инклюзивті мәдениет деңгейі төмен. Жұмыс берушілер көбіне қосымша шығындалудан қорқады немесе мүмкіндігі шектеулі үміткерлердің жұмыс қабілетіне күмәнмен қарайды. Мысалы, тұжырымдамада жұмыс берушілердің шамамен 40%-ы мүгедектігі бар адамға жұмыс орнын бейімдеу үшін шығынды арттыруы мүмкін деп санайды, мемлекет бұл мақсатта 300 АЕК-ке дейін ғана өтейді.
«Іс жүзінде жұмыс беруші мүмкіндігі шектеулі адамды қызметке алуға аса ынталы емесін көріп отырмыз. Жұмыс беруші мен HR маманы мүгедектігі бар азаматты жұмысқа қабылдау кезінде түрлі сұрақпен бетпе-бет келеді. «Ерекше қажеттілігі бар адамды жұмысқа қабылдай отырып, оларға лайықты жағдай жасай алмасақ, ол азамат бізге шағымдануы мүмкін» деген күдігі де жоқ емес. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да сәйкесінше, осы көзқарасты сезе отырып, еңбек биржаларына және жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге құлықсыз. Сондықтан құқықтық негізден бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған батыл әрі нақты әрекеттер керек», – дейді заңгер Самира Тайтенова.
Бұдан бөлек, еңбекке қабілеттілікті қайтару, жұмысқа орналастыру немесе жаңа кәсіпті оқыту жөніндегі шаралар кешенін қамтитын кәсіптік-еңбекпен оңалтудың да дамуы нашар. Жұмысқа орналасудың қосымша қиындықтары – бейімделген жұмыс орындарының болмауы, тиісті білім мен тәжірибенің жеткіліксіздігі, жалақының төмендігі.
Мәселе пандуста ғана емес
Мүгедектігі бар адамдар сапалы білімге қол жеткізуде де көптеген қиындыққа тап болады, бұл олардың одан әрі жұмысқа орналасу және әлеуметтену мүмкіндіктерін шектеп отыр. «Қанаттылар» инклюзивті театрының негізін қалаушы Арнұр Ысқақовтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтың жұмысқа орналасуындағы ең негізгі проблема – білімде.
«Арбада отырған адам ретіндегі тәжірибемнен айтайын, инклюзивті білім беру ісін толыққанды реттемейінше, бұл саладағы көптеген мәселені түбегейлі шеше алмаймыз. «АMANAT»-та, телеарналарда жұмыс істедім, қазір театрда қызмет етіп жүрмін, басты проблема – дипломның жоқтығы. Ерекше адамдардың проблемасы сөз болса қалса, алдымен пандустың жайы айтылады. Инфрақұрылымның жайлы болғаны қажет, әрине. Алайда басты проблема пандуста емес. Ерекше адамдарды алдымен оқытуға, сапалы білім беруге жағдай жасалуға тиіс. Өйткені оқыған адам – ол кадр, ал сауатты кадр қашанда бағалы, сұраныста. Әрі білімі мен тәжірибесі артқан сайын ерекше адамдың кәсіби қызметте сатылай көтерілуіне де мүмкіндік туады. Мүгедектігі бар адамға аяушылықпен қарау, арнайы жағдай істеу керек деу дені сау адамның әрекеті. Жүз жерден жағдай жасалып тұрса да, инклюзивті жұмыссыздық мәселесі шешілмейді. Ерекше адамдардың кәсіби маман ретінде даярлану ісі ақсап тұр. Мемлекет ерекше адамдарға білім беруде, маман даярлауда, еңбекке араластыруда арнайы емес, тең жағдай жасауға тиіс», – дейді Арнұр Ысқақов.
Білім беру сапасын арттыру үшін педагогтерді жүйелі әдістемелік қолдауға, оқыту бағдарламалары мен әдістерін, техникалық, оқу құралдарын, тіршілік ету ортасын, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді сияқты білім алу үшін арнайы жағдайлар жасауға назар аудару мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Сарапшылардың зерттеуінше, ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтау, педагогтердің көбінің ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен инклюзивті білім беру ортасында жұмыс істеуге дайын болмауы, үздіксіз психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мәселелері олардың орта және жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға кедергі болып отыр.
Самира Тайтенова мүгедектегі бар адамдардың жұмыссыздығы да көп жағдайда инклюзивті білім сапасымен тікелей байланысты екенін айтады.
«Биыл елімізде инклюзивті саясаттың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Тұжырымдаманы қабылдамас бұрын мүгедектігі бар адамдар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар арасында үлкен зерттеу жүргізілді. Сондағы маңызды проблеманың бірі ретінде инклюзивті білім беру мәселесі көтерілді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беру процесіне қосу әлеуметтік кедергілерді жоюға және теңдік пен өзара сыйластыққа негізделген қоғам құруға мүмкіндік береді. Әрі бұл инклюзивті еңбек нарығын дамытудың алғышартына айналады. Осы арқылы жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алуға ынталы болады, бұл елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді», – дейді заңгер.
Ерекше адамдардың біліммен қажет деңгейде қамтылмауы олардың кәсіпке араласу кезінде өзіне деген сенімін жоғалтады. Мүгедектігі бар азаматтар қызметке орналасу арқылы экономикалық жағдайын реттеп қана қоймай, қоғамның бөлшегі ретінде кәсіби мансабын дамуға ынталы болуы керек. Назым Әбілпейісованың айтуынша, ол үшін квоталар жай ғана жұмыс орнын ұсынумен шектелмеуі керек, олар қызметтік өсуге жағдай жасауға тиіс.
«Мүмкіндігі шектеулі адамдар қоғамның толыққанды мүшелері ретінде қызметтік сатыда көтерілу мүмкіндігіне ие болуы керек. Батыс елдерінде олар кәсіпкерлік пен мемлекеттік басқаруда жетекші лауазымдарды атқара алады. Мысалы, Нью-Йорк штатының бұрынғы губернаторы Дэвид Пэтерсон, яки Сидней университетінің профессоры, БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің төрағасы Рон МакКаллум зағип жандар болған. Мұндай мысалдар шетелдік тәжірибеде көп. Мақсат – тек жұмыс орнын ұсыну ғана емес, сонымен қатар еңбекке қолайлы жағдай жасап, мүгедектігі бар адамдарға психологиялық жайлылық жасау. Бұл олардың қоғамға толыққанды қатыстылығын және өз маңызын сезінуіне көмектеседі», – дейді сарапшы.
Түйін:
Әлеуметтік инклюзия мәселесін реттеуге бағытталған бастамалар бар, әйтсе де оның жүзеге асырылуы кенжелеп тұр. Мұнда да халықаралық тәжірибеге сүйене алар едік. Мәселен, Германия жұмыс орнын квоталауды орындамаған мекемеге қомақты айыппұл салады. Әр 20 қызметкердің бірі ерекше азамат болса, жұмыс беруші заң бұзса, айына 500 еуроға дейін айыппұл төлейді. Ал АҚШ-та мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алған мекемеге салықтық жеңілдіктер қарастырылған және қарамағындағы ерекше азаматты қайта оқытуға, кәсіби біліктілігін арттыруға күш салса, 40 пайызға дейінгі жеңілдіктен үміт ете алады. Канадада жұмыс орнын ерекше адамға сай жабдықтауға бөлінетін субсидияның лимиті жоқ, мемлекет жұмыс берушіге толық шығынын өтейді. Айта берсек, мұндай мысал көп. Сарапшылардың айтуынша, бізге де осындай шаралар керек. Инклюзияға формалды қатынас жасай салмай, әлеуметтік жауапкершілікпен қарауымыз керек. Өйткені Мемлекет басшысы айтқандай, «Инклюзия қоғам құру – әділет қағидаты».
Айдана НҰРМҰХАН