Шахтада үзілген үміт

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Аза тұту шахтадағы қайғылы жағдайға байланысты жарияланған-тын.

Сондай-ақ оқиғаларға жүргізілген талдау бұл салада апаттардың ХХІ ғасыр басынан бері көбейгенін көрсетеді. Осы орайда Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуы ел көңіліне қайтадан қаяу түсірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» кенішінде қаза болған жұмысшылардың жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қ.Тоқаев Үкіметке төтенше жағ­­дайдың мән-жайын мұқият тексеруді жүктеді. Салалық ведомстволарға, өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасылары­на барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылғы 17 ақпанда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ына қарасты «Жомарт» кенішінің шахтасында тау массасы құлап, 7 қызметкерді басып қалған. Оқиға орнына Ұлытау, Қарағанды облыстарының ТЖД күштері, 2 киноло­гиялық есептоп, «Серіктес АҚҚ» құт­қа­рушылар тобы, ТЖМ Апаттар меди­ци­насы орталығының қызметкерлері мен пси­хологтері, полиция, басқасы – бар­лығы 85 адам мен 17 техника жіберілді. 

Премьер Олжас Бектеновтің тапсыр­масымен Ұлытау облысында вице-пре­мьер Қанат Бозымбаевтың басшы­лығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеді. Комиссия мүшелері оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қ.Бозымбаев штаб отырысын өткізді.

18 ақпанда құтқарушылар үйінді астынан «Қазақмыстың» 7 жұмысшы­сының мәйітін тапты. Мүрделер сот-медициналық са­рап­тама жүргізу үшін полиция қызмет­керлеріне тапсырылды. Жеті шахтердің өлімі фактісіне бай­ланысты «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. «Жомарт» кенішінде көз жұмған шах­терлардың тізімі жарияланды. Ең жасы 27 жасында қыршынынан қиылыпты.

Қаза болған кеншілердің ішінде: Ақ­шалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған (50 жаста болған), сорғы қон­дыр­ғыларының машинисі; Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылғы (27 жас), жерасты учаскесінің тау-кен шебері; Жұ­мадоллаев Бақытбек Ны­шанұлы, 1975 жылғы (50 жас), жерас­ты тау-кен жұмысшысы; Кенжебеков Орын­бек Әмірханұлы, 1991 жылғы (34 жас), тиеу-жеткізу машинасының ма­ши­нисі; Мол­дабеков Ғалымжан Есен­бекұлы, 1978 жылғы (47 жас), шпур бұр­ғылаушының көмекшісі; Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылғы (46 жас), жерасты учаскесінің энергетигі; Рожков Константин Вла­димирович, 1992 жылғы (33 жас), жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі болған.

Еңбек министрлігінің дерегінше, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына асы­раушысынан айырылу жағдайы бойын­ша мемлекеттік әлеуметтік жәр­демақы­лар тағайындалады. Жәрдема­қы­ның бұл түрі 8 жасқа дейінгі баласы бар жұмыс­сыз үш анаға да беріледі. Қаза тапқан кен­ші­нің бәрі міндетті әлеуметтік сақтан­ды­ру жү­йесінің қатысушысы болғандық­­тан, от­ба­сына МӘСҚ-тан да әлеуметтік төлем тө­ленуге тиіс. Асыра­уындағы бір адам үшін бюджеттен тө­ленетін жәрдем­ақы 42 530 теңгені, ал қордың төлемі – 141 523 теңгені, асы­ра­уында бес адам бол­са, жәрдемақы 127 127 теңгені, МӘСҚ төлемі  335 017 теңгені құрайды.

Алпауыт корпорация қаза тапқан­дардың отбасыларына әр жұмысшы­сының 10 орташа жылдық жалақысын (орташа алғанда бұл – 84 миллионнан 124 млн теңгеге дейін) және жерлеуді ұйым­дас­тыруға 550 АЕК (2 162 600 теңгеден) өтемақы төлейді. Сондай-ақ қаза тапқан жұмысшыларының, от­басыларының несие-қарыздарын, балаларының оқу ақысын өтеуге мін­деттелді. Бірақ о дү­ниелік болған атпал азаматтардың арамызға қайта орал­май­тыны анық.

Үкіметтік комиссия басшысы Қанат Бозымбаев «Қазақмысқа» тергеу қауіп­сіздігін анықтағанша шахтада жұмысты қайта бастамауды бұйырды. Вице-премьер бұл компаниямен енді басқаша сөйле­сетіндерін жеткізді: тиісті тергеуден ке­йін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның келісімшарттық міндеттемелері қайта қаралатын болады.

– Жүйе мен тәсілдерді түбегейлі өз­герту қажет. Мемлекет тарапынан олар­ды қатайтатын боламыз! Өнеркәсіптік қа­уіпсіздік комитеті құрылды, заңнаманы өзгертеміз. Парламентте тиісті заң жобасы қаралып жатыр, онда ТЖМ-ге қосымша өкілеттіктер беріледі. Мұндай жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін бар күшімізді саламыз. Мемлекет бас­шысы тергеуді мұқият жүргізуді тапсыр­ды. Құқық қорғау органдары – сарапта­ма, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті  тергеу жүргізеді. Сіздің міндетіңіз – осы төтенше жағдайға кімнің жол бергенін анықтау, – деді Қ.Бозымбаев компания басшылығына.

Қоғамның да бұл алпауытқа қояр сұрағы бар. Forbes Kazakhstan жыл сайын жұмысшылары қаза тауып жататын «Қазақмыстың» жаңа, қымбат ұшақты сатып алғанына назар аудартты. 2012 жылдан бері «Қазақмыстың» өндірісінде 40-тан астам жұмысшысы қаза тапқан, осы кезеңде олигарх Владимир Кимнің ауқаты 100 млн долларға өсті.

Күні кешегі апаттан екі ай бұрын ғана 2024 жылғы 17 желтоқсанда, Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорация­сының Оңтүстік-Жезқазған филиалының №65 кенішінің шахтасында ереуіл бас­талды. 250-ден астам шахтер жер астына түсуден бас тартты. Олар жалақыны өсі­руді және еңбек жағдайларын жақ­сартуды талап етті. Корпорацияның бар бітіргені – жалақыны 8,5% көтерді. Бірақ бұл инфляция шығынын да жаппайды. 2024 жылы елде инфляция 8,6% болды. Яғни, бұл шын мәнінде жалақы арттыру емес, индексация ғана.

Дәл осы кезде жұмысшылар компа­нияның табысын 6 есе арттырып берген. Жылдық есебінде айтылғандай, 2023 жылы Kazakhmys Copper АҚ тобының табысы алдыңғы жылғы 18,07 миллиардтан 111,85 млрд теңгеге дейін ұлғайып шыға келді. Ақпарат агенттіктерінің жазуынша, осыдан кейін, 2024 жылғы қазанда кор­порацияға қарасты «Саяқ» шахтасында 2 жұмысшы газға уланып өлді. Ал сол жылғы қазанда «Қазақмыс» Airbus ACJ220-110 TwoTwenty бизнес джетін сатып алды. БАҚ дерегінше, әлдебір мықтыға арналған бұл ұшақтың құны 83 миллион доллардан асыпты! Айтпақшы, осы жекеменшік ұшаққа жұмсағаны «Қазақмыстың» 17 ақпанда қаза тапқан 7 жұмысшысының отбасына төлеген барлық өтемақысынан шамамен 59 есе көп! Ақпарат құралдары «Қазақмыстың» соңғы жылдары өз өндірістеріндегі қауіпсіздікті арттыруға қанша ақша салғаны туралы сұраққа жауап бермейтініне шағымданады. Бұл ақпарат ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінде де жоқ болып шықты.

Жарылыс жаңғырық болып қана қалды...

Кеншілер кәсібі  әлемдегі ең бір ауыры, азаптысы, қауіптісі саналады. 2006 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метанның жарылуы және сұрапыл өрттің туындауы кесірінен қазақстандық жер­асты кен өндірісінің бүкіл тарихындағы ең алапат төтенше оқиға тіркелді. Сонда жердің қойнауында 368 адам қалып қойды. Соның ішінде 41 кенші мерт бол­ды. Азат Қазақстан өз тарихында ал­ғаш рет жалпыхалықтық Аза тұту кү­нін жариялады. Кейін үкіметтік ко­миссия апатқа еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы та­лап­тарын өрес­кел бұзу себеп болғанын анықтады. Жалпы, сол Ленин атындағы шахтада тәуелсіздік жылдарында 3 апат болды. 1995 жылы – 13 адам, 2006 жы­­лы – 41 адам, 2022 жылғы 3 қарашада  5 адам жан тапсырды. 

Сондай-ақ Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында да бірнеше ірі апат болған. Соның ішінде 2008 жылғы 11 қаңтарда метанның жарылысы салда­рынан 30 шахтер опат болды. Прези­дент­тің шешімімен тағы Аза тұту жа­рия­ланды. Тергеу жарылыстың себебі ретінде «төбені отырғызу»  кезіндегі технологияның бұзылуын атады. Ол ұшқын туындатып, онысы жарылысқа ұласқан көрінеді.  

Жауапты шенеуніктерге бұл сабақ болмаса керек, 2021 жылы «Абай» шах­тасында кезекті апат болды. Жер астында жүрген 64 жұмысшының 56-сы өз бетінше эвакуацияланып үлгерген. Метанға бөк­­­­­­­­кен 3-К10 кенжар-забойында 8 кенші қалды, өкінішке қарай, оның алтауы өлді.

Соңғы оқиғаларды еске салсақ, 2023 жылғы 17 тамызда Шахтинск қаласын­дағы «Қазақстандық» шахтасында өрт болып, 5 адам жантәсілім етті. 2023 жыл­ғы 28 қазанда Қарағанды облы­сын­дағы Костенко атындағы шахтада газды метан жарылды. 74 кенші зардап шекті. Оның жаңғырығы әлі күнге естіледі. 2025 жылғы 18 ақпанда Бас прокуратура Костенко шахтасындағы сол жарылысқа қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілгенін мәлімдеді. Іс материалдары 106 томды толтырған! Оның ішінде қаншама былық сипатталады. 

– Тергеу барысында жазатайым оқи­ғаға тау-кен жұмыстары кезінде қа­уіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылуы себеп болғаны анықталды. Көмір өндіру алаңын­дағы жарылыс шоғырлануы рұқсат етілген стандарттардан айтар­лықтай асып кеткен көмір шаңының жа­рылыстарының тізбекті реакциясын тудырып, 46 кенші қаза та­уып, 28 кенші жараланды. Шахта бас­шылығы және инженерлік-техникалық қызметкерлер арасынан 10 адам қыл­мыстық жауап­кершілікке тартылды. Барлығы қамауда отыр, – деп хабарлады Бас прокуратура. 

Оларға Қылмыстық кодекстің 277-ба­бының 3-бөлігі («тау-кен жұмыс­тары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұ­зу») бойынша айып тағылды. Бұл бапта 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылды. Материалдар Қарағандының Әлихан Бөкейхан аудандық сотына жіберілді.

Жағдай неге түзелмеді?

Жалпы, республика тәуелсіздік ал­ғалы отандық шахталардағы 13 ірі апат елге жария болды. Төтенше оқиғалар салдарынан 183 кенші ажал құшты. Қа­зақстанда екі рет Аза тұту жарияланды. Содан бері бұл кәсіп иелері тау масса­сының құлауы, шахталар төбесінің опы­рылып түсуі, метан жа­рылысы, өрт­­­тер, жазатайым оқиғалар және бас­қасы кесірінен әрі қарай қаза тауып жатыр. Арнайы құрылған комиссиялар трагедия себептерін анық­тайды, қаншама бұзу­шылықтың беті ашылады. 

Алайда апаттар саны бәрібір азаятын емес. Сарапшылар мұндай апаттарға жол бермеуге болатын еді дейді. Сенат депутаты Сергей Ершов кен орында­рындағы апаттар жүйелі сипат алғанына қауіп білдірді. 

– Кезекті қайғылы оқиғадан кейін әрдайым үкіметтік комиссия құрылады, Үкіметтің лауазымды өкілдері оқиға орнына аттанады. Түрлі тексеріс жүр­гі­зіледі, тиісті шешім шығарылады. Жағ­дай жақсармайды. Адамдардың қа­засы жалғасады. Өйткені кен орын­дарында өткен ғасырда жасалған жаб­дықтар пайдаланылады. Ал тозған жаб­дық – жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қатер, – деді ол.

Сенатордың айтуынша, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қожайындары жаб­дықтарды ауыстырудан қаржы үнемдеу үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптама жүргізумен шектеледі. Бұл құжат бақы­лаушы органдардың талабын орындауға жарайды. Алайда апаттың алдын алуға жарамайды, оған тосқауыл қоятын шаралар сол бойы қабылданбайды.

Осыған байланысты соңғы екі жыл бойы Парламент депутаттары қауіпті өндірістердегі, кен орындардағы қауіп­сіздікті объективті бағалау үшін ТЖМ-ге, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органға қосымша құзыреттер беруді ұсынып келеді. Мысалы, қауіпті өндірістік объектілерді жаңғырту және техникалық қайта жарақтандырудың Жиынтықты жоспары мен жұмыстары төтенше жағдай ведомствосымен келісілуге тиіс. Ал кәсіпорындардың ол жоспарды уақытылы орындау міндеті заңмен бекітілуі керек. Бұл талап әзірге орындалар емес.

Қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер Болат Оспан салада тәртіп орнауы үшін қадағалау күшейтілуге тиіс екенін айтты. 2021 жылы «Абай» шахта­сында 6 кеншінің өмірін жалмаған апат­тан кейін үкіметтік комиссия Шах­таларда апаттардың алдын алу және болдырмау жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеген екен. Онда мысалы, қабат­тарында табиғи метаны жоғары кен орындарын игергенде нор­мативтерге дейін алдын ала газсыз­дан­дыру іс-шараларын жүргізу талабы бар.   

– Апатқа жол бермеу шаралары Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында қарастырылған. Бұл үшін аса қауіпті қабаттары бар шахта­лардың алаптарын ашу, қауіпсіз және қорғалған қабаттарда қосымша дайындау қазбасын жасау, қазбаның бағаналы жүйелерін қолдану талап етіледі. Шахта алабында желдету ағыстарын орналас­тыруға, кеншілер тұншығып қалмауы үшін секциялы желдетуге, дайындау кенжарларын оқшаулап желдетуге, газдың кенеттен шығарылуын болдыр­маудың өңірлік тәсілдерін қолдануға міндетті. Бірақ мұның бәрі орындала бермейді. Компаниялар одан қаржы үнемдейді, оның соңы қайғылы қазаға ұшыратуы мүмкін, – деді маман.

Оның пікірінше, білікті кадр тап­шылығы да өнеркәсіптік қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Кәсіпорындар өз ісінің білгірін іздеп тауып, жоғары жалақымен тарту орнына кәсіпорында, кеніште өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау ісін тіпті кездейсоқ адамға жүктей салады. Бұл жұмысты кезекшілік тәсілмен, яғни кезекпен әртүрлі жұмысшыға орындат­қызатын сорақы «жаңашылдық» та болыпты. 

Заңнан қадағалау кетсе, олигархтан ұят кетеді

Тіпті, компанияда жеке өндірістік бақылау қызметі болғанымен, олардың құзыры кем, қолы қысқа. Басшылары түрлі талап-шектеумен адымын аштыр­майды, аяқ-қолын байлап, матап тас­тай­ды. Содан көбіне бұл тұлғалардың жұмысы формальды, үстірт болып келеді екен. Өзіне тәуелді қызметкерінің әш­керелеген бұзушылықтарын компания елемейді, олқылықты жоймайды. Ол қызметкері табандылық танытып, құ­зырлы органға шағымданса, қудалауға ұшырайды, қызметінен қуылады, оны саладағы бірде-бір кәсіпорын жұмысқа қабылдамайды. 

Сондықтан сарапшылар дамыған елдердің тәжірибесін енгізген жөн дейді. Мысалы, АҚШ-та кеніштерде, қауіпті кәсіпорындарда еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы бойынша өндірістік бақылаудың тәуелсіз қызметі жұмыс істейді. Ол құзырлы органға тікелей есеп береді. Есебі жалған болса, апатқа соқтырса, қатаң жазаға тартылады. 

Сенаторлар да, Төтенше жағдайлар министрлігі де кәсіпорындарды өндірістік бақылаудың жеке қызметін құру, оны компанияның президентіне тікелей ба­ғынысты ету ұсынысымен шықты. ТЖМ ақпараты бойынша бұл ұсыныс 2023 жылғы мамырда «Кейбір заңнамалық актілерге азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы жобасына енгізілді. Жалпы, ТЖМ салалық төл заңына он жылдықта бірінші рет түзету енгізуге бастама танытып отыр. Заң жобасы әлі күнге Парламент қарауында жатыр.  

Талқылаудың соңғы сатысында алып тасталмаса, онда бұл заң Төтенше жағдайлар министрлігіне қауіпті өндірістік объектілерді жаңғырту мен техникалық қайта жарақ­тандырудың Жиынтықты жоспарын ке­лі­сімнен өткізу және кәсіпорындардан оның орындалуын талап ету құзыры беріледі. Сондай-ақ әр кәсіпорын тікелей бірінші басшысына бағынатын өндірістік ба­қылаудың жеке қызметін құруға мін­деттелуі мүмкін. 

ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік ко­митеті кәсіпорындармен бірлесіп аталған жоспарды жасау ісіне кіріскенін ха­барлады. Жиынтық жоспарды орындау «Қауіпті өндірістік объектілердегі апатты азайту» Жол картасының негізгі іс-ша­расы болмақ. Алайда әзірге бұл тетік­тің пәрмені шамалы көрінеді. 

Айтқандай, сарапшылар ТЖМ-ның осы комитетінің мемлекеттік инспектор­лары «Қазақмыстан» жыл сайын дерлік жөнсіздік табатынына назар аудартады. Мысалы, 2022 жылы инспекторлары «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ының 25 объектісін тексере келе, өнер­кәсіптік қауіпсіздік заңнамасы та­лап­тарының 84 бұзушылығын әшкереледі. 100 АЕК немесе 318 мың теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза белгіледі. 

2023 жылы дәл осы комитет «Қа­зақ­мыстың» қауіпті өндірістік объек­тілерінде, зауыты мен цехында тағы 38 бұзушылық тапты. Бұдан біраз бұрын прокуратура да «Қазақмыстың» кеніш­терін тексере келе, өнеркәсіптік қа­уіпсіздік талаптары жаппай аяқасты болатынын білгенін ақпарат құралдары жазды. Мәселен, оның кеніштерінің бірінде жерасты жұ­мыстары жүргізілетін объектіде авария­лық жарықтандырудың, кеншілер абай­сызда құлап кетпеуі үшін қажетті қор­­шаулардың, нұсқаушы жаз­балардың, телекоммуникацияның жоғы анықталған. 

Сонда бейнекамералар көз қылып орнатылыпты: тексерушілер олардың жұмыс істемейтінін әшкереледі. Кранның жүк арбашасының қозғалтқыш тетігінің тежеуіші істемеген. Экскаватордың кө­тергіш арқаны жеміріліп, үзілуге шақ тұрған. Есептік журнал уақытылы тол­тырылмайтын болған, мысалы тоқтың ағып кету уақыты туралы белгі соғыл­маған. Өртсөндіргіштердің  қолданыс мерзімі өтіп кеткен.  

Мұндай көрініс өзге компания-кәсіпорындарда үстемдік құрса керек. Сондықтан жоғары қауіп төндіретін объектілерге мемлекет әлдеқайда қатал бақылау орнататын уақыты жетті. Азаматтардың ажалына соқтырған, қаншама отбасыға қайғы жұттырған апаттардан кейін ірі лауазымды жауапты тұлғалар құтылып кете бермей, өзгеге үлгі болып, қатаң жазаланғаны маңызды. Онсыз болашақта апаттар саны арта береді, ел басшылығына Аза тұту күнін жариялауға да тура келуі мүмкін. 

Елдос СЕНБАЙ