Жоғары оқу орнын тәмамдаған ветеринарлар өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге құлықсыз. Себебі жалақысы аз, жұмыс жүктемесі өте көп. Осы мәселенің себебін Aikyn.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінен анықтады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, бүгінде жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың мал дәрігерлерінің орташа айлық жалақысы өңірлерге байланысты 199 мыңнан басталып (Шығыс Қазақстан облысы), 420 мыңға дейін (Ұлытау облысы) төленіп отыр.
Сонымен қатар республикалық бюджеттен 2023 жылдан бастап I және II патогендік топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істегені үшін ветеринариялық мамандарға 35% және 50% қосымша еңбекақы және кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.
Сондай-ақ қолданыстағы заңнама негізінде мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар ақылы қызмет түрлерін (емдеу, дезинфекция жасау) көрсетуге құқылы. Бұл өз кезегінде мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың көрсеткен қызметі үшін қосымша қаражат табуына мүмкіндік береді және түскен қаражат кәсіпорындардың иелігінде қалады.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, жергілікті жерлердегі ветеринариялық мамандардың штаттық саны – 11 011 бірлік. Оның ішінде бос жұмыс орындары бар. Нақты айтқанда, 515 мал дәрігері қажет.
Бұған дейін Алматы облысында ветстанса басшысы мал дәрігерлеріне жалақы төлемегені туралы жазған болатынбыз.