Жыл басынан бастап Қазақстанда медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға сырттай проактивті форматта жіберетін азаматтарды куәландыру жөніндегі тәуелсіз сарапшылар институты енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Тәуелсіз сарапшылар институтын енгізу денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандарын медициналық-әлеуметтік сараптамаға тартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге ықпал етеді, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық тәуекелдерін азайтып, мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырады.
Осы институтты тиімді енгізу мақсатында 2024 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптамаға тәуелсіз сарапшыларды тарту тетігі сыналған. Пилоттық жобаға 18 дәрігер қатысып, медициналық-әлеуметтік сараптаманың 7 532 актісі жасалған.
Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Бүгінде сырттай куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. 2025 жылдың басынан бері осы форматта Қазақстанның барлық өңірлерінен медициналық-әлеуметтік сараптамаға түскен 8,5 мыңнан астам өтінім қаралған.
Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізіліміне енгізу үшін үміткерлердің құжаттарын қабылдауда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.