Мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық банкпен бірлесіп, 2024 жылдың төртінші тоқсанынан бастап цифрлық теңгені қолдана отырып, "Цифрлық ҚҚС" пилоттық жобасын жүзеге асыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы бүгін, 2025 жылдың 21 ақпанында Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
Цифрлық теңге – ұлттық валютаның жаңа сандық түрі, ол блокчейн технологиясы арқылы іске асырылады және ақшаны арнайы мақсатта пайдалануға мүмкіндік береді. Пилоттық жобаға қатысу үшін экспорттаушы-компания банктің қатысуымен Ұлттық банктен ҚҚС таңбаланған цифрлық теңгені сатып алады. Цифрлық теңгенің таңбаланған ҚҚС бөлігі тек бюджет және жеткізушілермен есеп айырысу төлемдеріне бағытталған, одан өзге мақсаттарға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға мүмкіндік бермейді, - делінген комитеттің жұма күнгі хабарламасында.
Комитет цифрлық теңге арқылы жүргізілген барлық транзакциялар, сондай-ақ жеткізушілер бойынша ҚҚС қозғалысы мен бюджетке түскен қаражат туралы ақпарат Ұлттық банк арқылы мемлекеттік кірістер органдарына жеткізілетінін түсіндірген.
Бұл жүйе, мемлекеттік кірістер органдарына қысқа уақытта ҚҚС қайтару үшін, сонымен қатар салықтық тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді, - дейді ақпарат көзі.
Цифрлық теңгені бизнесте пайдаланудың негізгі артықшылықтары төмендегідей екен:
- ҚҚС қайтару мерзімі 55-75 күннен 15 жұмыс күнге дейін қысқарады;
- салықтық тексеруді, әкімшілік және қаржылық жүктемені азайтады;
- жедел және кепілді қаржы айналымы, бизнестің қаржылық жоспарларын жақсартады.
"2024 жылдың төртінші тоқсанындағы пилоттық жобаға қатысушылар салықтық тексерулер мен тәуекелдер жүйесін қолданбай-ақ бес күн ішінде ҚҚС қайтарылған. Жоба өзінің тиімділігін көрсетіп отыр және Мемлекеттік кірістер комитеті салық түсімдерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді кеңейтуді көздеп отыр", - деп қорытындылаған комитеттің баспасөз қызметі.
Пилоттық жоба аясында, 2024 жылдың төртінші тоқсаны бойынша салықтық тексерулер мен тәуекелдер жүйесін қолданбастан қатысушыларға 5 күн ішінде ҚҚС қайтарылған.
Бұған дейін қаңтар айының соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов:
Цифрлық қаржы активтері инфрақұрылымының негізгі бағыттары, смарт-келісімшарттарды токенизация және қаржылық қызметтерді цифрландыру жаңа «Банктер туралы» заң аясында көрініс табады. Цифрлық теңге негізінде өзіміздің стейблкоинді құру мәселесін қарастырамыз, - деген болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.