БҚО-да жалғыз қазақ драма театры екі жылдан бері жабық тұр. Күрделі жөндеу жүргізіледі деп жабылған театр есігі сол күйі ашылмағалы бақандай екі жыл өтті.
Өнерге неге өгейлік жасалып отыр?
301
оқылды

Ал тетр әртістері болса, әр есікті сағалап күн көріп жүр. Қойылымға дайын­дық біресе партия залында, біресе облыстық орыс драма театрында өте­ді. «Кісідегінің кілті аспанда» деген, өзге театрдың сахнасының уақыты да шек­теулі. Бұл ұжымның шығармашылық әлеуетіне кері әсерін тигізіп отыр. 

Есігі жабық тұрғанына екі жыл болса да, облыстық қазақ дра­­ма театрының шымылдығы жа­­былмады. Театр әртістері әдет­тегі­дей маусымашар қойы­лым­да­рын қойып, жаңа образдар дайын­дап халыққа өнерлерін көр­се­тіп келеді. Иә, жуырда ғана «Ди­на» қойылымы көрерменге жол тартты. Белгілі күйші, аңыз адам Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнеріне арналған қойы­лым­ды халық өте жылы қабылдады. Театар ұжымы әр жерде жиылып, дайындық өткізіп жүрсе де жо­ғары шеберліктерін көрсетті. Қа­зақ драма театрының барлық қойы­лымы орыс драма теат­ры­ның сахнасында сахналанып жа­тыр. 

Қазіргі қазақ драма теат­ры­ның ғимараты 2000 жылы қол­да­нысқа берілген. Содан бері қа­рай күрделі жөндеу көрмеген. 

– Театрдың жөндеуге жабыл­ға­­нына екі жыл болды. Жөндеу жұ­мыстарының ұзаққа созылып кетуіне мердігер мен арадағы сот про­цестері себеп болды. Мә­де­ниет басқармасы жариялаған кон­курсқа қатысқан мердігер ком­панияның лицензиясы бол­май шықты. Оны сот шешіміне орай тоқтатып тастадық. Олар тө­бесін жасап кетті, 80 пайызға жылу жүйесін жаңартты. Енді қа­зір қайтадан конкурс жариялап қой­дық. Мердігер компания әлі анықталған жоқ. Бұрынғы смета­лық құжат 2020-2021 жылға жа­сал­ған. Оның мерзімі өтіп кетуіне бай­ланысты ғылыми жобалық құ­жаттарды қайтадан жасадық. Біз­дің театр тарихи мұралар тізі­міне кіреді. Сондықтан да ғы­лы­ми реставрациялық жоба жа­сал­ды. Біз мердігерге алты айда бі­­тіру қажет деген талап қойып отыр­мыз, – деп атап өтті Х.Бө­кеева атын­дағы облыстық қазақ драма теат­рының директоры Нұржан Тасболатов. 

БҚО-дағы жалғыз қазақ дра­ма театрының жертөлесі суға то­лып, төбесінен су тамшылып тұра­тын еді. Осы олқылықты рет­тейміз деген тәуір ниетпен бас­тал­ған күрделі жөндеу жыры көп­ке созылып  кетеді деп театр ұжы­мы өз­дері де күтпесе керек-ті. Қа­зір театр әртістері облыстық фи­лар­мония ғимаратында фи­лор­мония әртістерімен жағала­сып жүр. Се­бебі өздерінің ғима­ра­ты жабық. 

Драма театрда 150 адам жұмыс іс­тейді. Оның ішінде 50 адам ак­тер­лік құрамда.  

– Актер жинақы жүруі керек. Ол үнемі ізденісте жүретін адам. Сол үшін театрда күнде биден, во­колдан, сахна қимылынан са­бақ­тар өтеді. Бұрын күнде өтетін еді. Қазір оған мүмкіндік жоқ, се­бебі өз сахнамыз жоқ. Уақы­ты­мы­з­дың ұрланып жатқанына қын­жыламын. Жұмыс істеймін деп келгесін, өз театрымыздың бол­ғанын қалаймыз ғой, – дейді Х.Бөкеева атындағы облыстық қа­зақ драма театрының бас ре­жис­сері Алмат Шарипов. 

Уақытша көшіп-қонып жүр­ген­діктен, қазір әртістерде жуы­на­тын жер, грим, костюм бөлмесі дегендер атымен жоқ. Былайша айт­қанда, «шығармашылыққа жағ­дай жасалмай отыр» деп қынжылады театр әртістері. Олар тіпті «қолда бар дүниемізден айы­рылып жатырмыз» деп налиды. Се­бебі көшіп-қонып жүргенде кейбір құнды дүниелер сынып, қирап жатқаны да жасырын емес. 

– Мұның бәрі шығарма­шы­лыққа кері әсерін тигізіп жатыр. Біз ертең қай жерде дайындық өт­кізетінімізді білмейміз. «Қай жердің залы бос» дейді, соған ба­ра­мыз. Киім, грим бөлмесі деген­ді ұмыттық. Дәлізде киініп, дәліз­де боянып сахнаға шығып жүрміз. 30 жылдан бері жиналған мил­лиард­­тың костюмдері қазір ша­шы­лып жатыр әр жерде, –  дейді актриса Нұргүл Жұбатова.

Республика бойынша 80-нен ас­там театр бар. Оның ішінде 57-і – облыстық театр. Ал облыс­тық театрлар тікелей облыс әкі­міне қарайды. Облыстық әкімдік қаржыландырады. Театрға жөн­деу қашан басталып, қалай аяқ­та­лары әлі белгісіз. Себебі әлі кон­курс жария­ланбаған.  

Осыған қарамастан театрдың ұжымы күнде қойылым қойып, кө­рерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы